Әйгілі «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушы ғалым 75 жасқа толды
Әйгілі «Дос-Мұқасанның» негізін қалаушы ғалым 75 жасқа толды
529
оқылды
Бүгін Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде белгілі ғалым, академик аты аңызға айналған әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Досым Сүлеевтің 75 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтойлық кешті аталған университеттің Басқарма төрағасы, ректор Мейрам Бегентаев жүргізіп отырды. Іс шара барысында мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хаты тапсырылды. Президенттің ыстық ықыласы жазылған хатты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбай оқып беріп, табыстады. Сонымен қатар Алматы әкімдігі атынан шапан жапты. Одан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтау хаты оқылды. Оны университеттің Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Әлібек Шоқпаров оқып берді. Іс-шараға ғылым мен өнердің көш басында жүрген бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов құттықтау сөз сөйлеп, ғалымға академия атынан сый-сияпат көрсетті. Жиналғандар Досым Қасымұлының қазақ руханияты мен ғылымына қатар зор үлес қосқан тұлға екеніне ерекше тоқталды. Мерейтойлық жиында сөз алған бірқатар шәкірттері Сүлеевтің аталған оқу орнында ректорлық қызмет істеген жылдарда өте қарапайым басшы болғанын атап өтті. «Ол кісінің қабылдау бөлмесі мен өз есігі кез-келген шәкірт үшін әрдайым ашық болды. Әсіресе, ауылды жерден келген балалар үшін өте мейірбан ректор болған еді. Бүгін әкеміздей болған сол кездегі ректорымызды мерейтойымен құттықтауға келіп отырмыз» - деді шәкірттерінің бірі. Осы кеште ғалымның өмір жолы сараланған «Өнегелі өмір» атты кітаптың тұсауы кесілді. Онда Досым Сүлеевтің ғалымдық, ұстаздық өмір жолы және талантты өнерпаздығымен қатар дарынды ұйымдастырушылығын сипаттаған мақалалар мен пікірлер топтастырылған.