Өскеменді көк түтін басты
Өскеменді  көк түтін басты
527
оқылды
Онсыз да еліміздегі ең ауасы лас қаланы көк түтін қайта басып, тұрғындар тұншығып отыр. Бір айдан аса жел де соқпаған. Сондықтан өндірістік нысандар мен жеке үйлерден, көліктен шығатын зиянды қалдық шаһар аспанын торлап алған. Аймақта экологиялық мониторингті күшейту туралы шешім қабылданып, экологтер өндіріс орындары аумағынан сынама алып, тексеріс жүргізіп жүр. Көктем шыға Өскеменде жылдағы жағдай қайталана береді. Ал тұрғындар денсаулығына алаңдаулы. Көбі таңертең газдың иісі шығатынын айтады. Таяуда Экология департаментінің қызметкерлері ірі зауыттар мен жылу электр стансаларының санитарлық қорғау аймағынан сынама алған екен. Қызығы сол, мамандар азот диоксиді мен күкірт қышқылы тиісті мөлшерден аспағанын айтыпты. Десе де, қаланы көк түтін басқанда «алпауыт өндіріс орындары ауаға шығарылатын зиянды қалдық көлемін азайту керек» деп қорытындылаған. Бірақ мамандардың сөзіне сену қиын. Себебі өндірістің мүддесін қорғауы да ғажап емес. – Техникалық ұйымдастыру жұмыстары арқылы ауаға тарайтын заттардың мөлшерін 15-20 пайызға дейін азайтуға болады. Ол үшін жану процесін сақтап, өлшейтін аппараттың жұмысын бақылап, режимді карт жүйесін басқару керек. Егер 40 пайызға дейін азайтса, онда стансаны тоқтату керек болады, – дейді қалалық ЖЭС эколог-инженері Юрий Литвинов. Мекемеге қатысты қатаң шаралар әзірге қолданылмаған. Өйткені нысан қалалықтарды жылумен қамтамасыз етеді. Энергетиктер мұндай мәселе жеке тұрғын үйлер мен көліктен шығатын түтіннен туындауы мүмкін екенін алға тартып отыр. Демек, өзге тарапты кінәлайды. Ал экологтер адам денсаулығына кәсіпорынның зияны тигенін дәлелдесе ғана сотқа жүгіне алатынын алға тартумен шектеледі. Яғни, тұрғындар экологиялық ахуалдың адам ағзасына қаншалықты әсер етіп, зиян тигізгенін дәлелдеуі керек екен.