Гүл бизнесі тиімді ме?
Гүл бизнесі тиімді ме?
1,237
оқылды
Бүгін гүл са­татын дүкендерде қарбалас. Кө­біне-көп бұл күнгі табыс гүл сау­да­сын­дағыларды жыл соңына дейін «асырайды». Ер-азаматтар сұлу­лардың құшағын гүлге, жүзін күл­кіге толтыруға асығып, қал­та­сы­нан қа­ғы­лып жатыр. Себебі белгілі, елімізде гүлдің өзі импортқа тәуелді.

ЖАҚЫНЫНА ЖАТТЫҢ ГҮЛІН СЫЙЛАП ЖҮР

Мереке қарсаңында гүл бағасы біршама қымбаттаған. Кейбір гүл дүкендерінде 50 пайызға дейін көтеріліпті. Гүлдер Қазақ­станға Германия, Нидерланд пен Бельгия­дан келеді. Осыған байланысты гүл шоқ­тарының құны шетелдік жеткізушілерге байланысты. «Биыл логистика саласында­ғы өзгерістер гүл нарығындағы баға белгі­леуде маңызды рөл атқарды», – дейді ма­мандар. «50 пайызға қымбаттады, өйткені Ресейге санкциялар енгізілді және біздің бүкіл транзитіміз Ресей арқылы өтеді. Нәтижесінде, біз үшінші елдер арқылы тауар алуға, басқа елдер арқылы гүл тасуға мәжбүрміз. Баға одан әрі өседі», – деді флорист Жанат Нұртаев. Әрине, мереке қарсаңында гүл бағасы 1,5-2 есе қымбаттайтыны — жылдағы құ­бы­лыс. Егер былтыр раушан гүлінің әр данасы 500-600 теңге болса, биыл – 1 000-1 200 теңге. Қыз­ғалдақтардың бағасы қымбаттады. Бір данасы – 800 теңге. Бұған дейін ондай баға болмаған. Ал букеттер 10 мыңнан баста­лып, 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ сонда да сатып алушылардың қарасы қалың. «Ая» гүлдер дүкенінің қожайыны Ал­мас Орынбаев гүлді Нидерландтан алды­рады. Аса ірі көлемде әкелгендіктен, алып-сатарлардың қызметіне жүгінбейді. Сонда да қазіргі сұранысқа сай олар да бағаны қым­баттатып жіберген көрінеді. Логисти­каның құны да күрт қымбаттаған. Теңгенің еуроға шаққандағы құнсыздануы тағы бар. «Теңгенің долларға шаққандағы ба­ғамына байланысты қымбат. Дегенмен сұраныс бар, бағасы қымбат екен деп жұрт алмай жатқан жоқ. Бізде гүл сыйлау мәде­ниеті қалыптасып келеді. Ер-азаматтар да жы­лына бір келетін мерекеде гүлдің қым­бат­­тайтынына үйренген», – дейді А.Орынбаев. Осылайша, басқаны қойғанда гүлді де шетелден алдыртамыз. Содан кейін еліміз қымбатшылықтан көз ашпай келеді. Статистикаға сүйенсек, жыл басталғалы еліміз 1 000 тоннадан аса гүлді шетелден сатып алған. Сауда және интеграция ми­нистрлігінің хабарлауынша, былтыр Қа­зақстанда гүл сауда айналымы 44 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. 8,5 млн АҚШ долларына гүл алғанбыз. Иә, бізге әзірге шекараға келген гүлдерді көз қуа­ныш қылып тұра тұруға тура келеді. Қызғалдақ, раушан, бөртегүл, таушы­мылдық – 2022 жылы сәнге айналған гүл­дер. Соның ішінде сұраныс ең жоғары раушан гүліне 6 миллион доллар жұмсалса, бақыт гүліне 883 мың АҚШ доллары кет­кен. Үшінші орында қалампыр тұр. Мем­лекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, гүлдерге тапсырыс көбіне Нидерланд, Бельгия, Германия, Эквадор, Литва, Колумбия, Өзбекстан және Түркия ел­деріне беріледі екен. Сонымен қатар өз елімізде өсіріп отырған жылыжайлар да бар. Айта кету керек, отандық гүлдер де шет мемлекеттерде сұранысқа ие. Былтыр 17 тоннадан аса гүл экспортталған.

ҚОЛДАУ БОЛМАСА, БАҒА ҚЫМБАТТАЙ БЕРЕДІ

Енді бұл шеттен әкелінген гүлдердің саудасы қалай? Шығынды ақтай ма? Гүл сату бизнесімен 2 жыл айналысып келе жатқан жас кәсіпкер Ораз Дәрібаевтың айтуынша, шамамен жай күндері сатыла­тын гүлдің 4-5 айдағы мөлшері мерекенің бір күнінде сатылып кетеді. Бірақ бұл жолы бағаның қымбаттағынан сұраныс өткен жылға қарағанда төмендеген сияқты. «Былтырғы біркүндік табысымыз биыл­­ғыдан көп болған. Халық бағасы ар­за­нын алуға тырысып жатыр. Біз биыл ше­­телден тасымалдаған жоқпыз. Сарыа­ғаш­тан ал­дырдық. Сондықтан гүлдеріміз­дің бағасы аса қатты қымбаттаған жоқ», – дейді Ораз Дәрібаев. Егер елімізде гүл өсіру өркендесе, мереке символына айналған гүлдердің бағасы қолжетімді болар еді. Қарағандылық кәсіпкер Рамиз Ақбердиев та ойымызды қуаттап отыр. «Гүл өсіру бизнесін отбасылық табыс көзіне айналдырдық. Көтерме бағасы 300-400 теңге шамасында болса, дүкенде әр данасы 600 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта бұл бизнесті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өз тауары­мызбен ішкі нарықты жаулап алғымыз келеді. Сонда ба­ғасы да арзан болар еді. Алыпсатарлар бағаны өсіріп жіберетіні болмаса, жалпы гүлдің бағасы сондай қымбат емес дер едім», – дейді Рамиз Ақбердиев. гүл сату Иә, нақты 8 наурыз күні алыпсатар­лардың шала байып қалатыны жасырын емес. Сондықтан нақты бағаның қандай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Кәсіпкер Олжас Серікұлы өз жылыжайын­да қызғал­дақ өсіреді. Оны арнайы 8 наурыз қарса­ңында баптап, гүлді жергілікті дүкендерге және басқа қалаларға сатады. Қызғалдақтың пиязшығын кәсіпкер Нидерландтан арнайы тапсырыс беріп, алдырады екен. «Кәсіппен осымен 4 жыл айналысып келеміз. Қазір қызғалдақтың 11 түрі өсіп тұр. Биыл біразы жаңа сұрыптар. Гүлді Ақтау, Нұр-Сұлтан сияқты басқа қалаларға да жеткіземіз. Тіпті, Алматыға да жетпей қалатын кездер болады. Кәсіппен осымен 4 жыл айналысып келеміз. Гүлдің бағасын көбіне нарық реттейді. Біз тек соларға тұспа-тұс баға қоямыз. Оған гүл өсірушілер әсер ете қоймайды. Егер адамның қалтасы тіпті көтермей бара жатса, онда жылы­жайдан сатып алсын», – дейді ол. Ал қызғалдақты баптап, өсіру кәсіп­кердің анасы мен әкесінің мойнында. Се­бебі 45 жылдай дәрігер болып еңбек еткен Рахима Құсманова гүл өсіргеннен ләззат алады. Голландиялық қызғалдақ 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне дайын болуы үшін кәсіпкер оны желтоқсан айын­да егеді. Ал қаңтардың 15-терінен бастап жылыжайда от жағып, ішін жы­лытады. «Гүлдерді әртүрлі елдерден, раушанды Эквадор мен Кениядан алдырамыз. Сонымен қатар Алматы, Шымкент пен Степногор қалаларындағы жылыжайлар­дан да келіп тұрады. Гүлдерді ұзақ сақтау үшін арнайы күтім жасап, 2-5 градус аралығында тоңазытқышта сақтаймыз. Гүлді салатын ыдыс пен суы таза болуы керек. Кейбір жерлер арнайы кристалдар мен қант қосып жатады. 8 наурыз кезінде қызғалдақтарды көп аламыз. Қызғалдақ ұзақ сақталу үшін күн түспеуі қажет. Сатуға бір күн қалғанда ғана суға саламыз. Алдын ала салсақ, су көп «ішіп» өліп қалуы мүмкін. Шетелден келетін гүлдер мен жергілікті гүлдердің айыр­ма­шылығы көп. Біздікілер арзан болса да, сапасы төмен және түрлері аз. Кениядан алатын гүлдер тапсырыс бергеннен кейін кесіліп, қорап-қораппен дайындалады. Одан кейін бір аптадай жол жүріп келеді. Қабылдап алғаннан кейін тағы бір жетінің ішінде сатамыз. Сонда біз жаңадан әкеліп, балғын деп сататын гүлдердің өзі 2-3 апта бұрын кесілген. Ал жергілікті гүлдерді ке­сіп бізге жібереді, бірақ соның өзінде олар 4-5 күнде солып қалады», – деді кәсіпкер. Иә, отандық гүл сату нарығы жалпы сұраныстың тек 25 пайызын қамтамасыз ете алады. Гүл – қымбат бизнес. Тәуекелі тым жоғары. Гүл өсіріп, қыруар пайда табуға да, бір күнде тақырға отырып қалуға да болады. Қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде кез келген компанияның ақшасын далаға шашқысы келмейтіні де рас. Ішкі нарықта Павлодар, Алматы және Ақмола облыстарының кәсіпкерлері өсіретін гүлдер бар. Олардың басым көпшілігі ерте көктемде қалаларды абаттандыруға жұмсалады. Сондықтан пайданың басым бөлігін ЕО елдері мен Қытайдың ойын­шылары иеленіп кетіп жатыр. Ақбердиевтер отбасы бұл кәсіппен 20 жылдан бері айналысып келеді. Олардың гүл өсіретін жылыжайлары 35 сотық алқапты алып жатыр. Бұл жерлерде голланд қызғалдақтарының 20-ға жуық түрі өседі. Сонымен бірге нарцистер де құлпырып тұрады. Рамис Ақбердиев климаты қы­тымыр Арқа өңірі үшін гүл бизнесінің қым­батқа түсетінін айтады. Мәселен, қыста жылыжайларды жылыту үшін шамамен 300 тонна көмір сақтауға тура келеді екен. Яғни, бұл кәсіп түрінің өркен­деуіне шығынның көп болуы кедергі келтіреді. Жылу, электр жарығымен қоса, тіпті ел ішіндегі логистика бағасы жоғары. Мұның бәрі кәсіпкер үшін арзан түспейді. Сондықтан гүлді Нидерланд сияқты шетелден әкелген 5 есеге арзан түседі. Елімізде гүл бизнесі дамуы үшін әр аудан орталығында осындай жылыжай болуы керек деп отыр мамандар. Өнім өзі­мізден болып, саны көбейсе, бұл да мем­ле­кет үшін тиімді. Үкіметтен қолдау бол­ма­са, алдағы уақытта да импорттан келген гүл­дердің үлесі арта беретіні белгілі. Сәй­ке­сінше, бағасы қымбаттамаса, арзан­да­майды. Бұл саланың тамырына су жүгіртіп, бойына жан бітіру үшін әлі де талай жыл қажет сияқты.