Қоғамдық қабылдаулардың ел ішіндегі беделі жоғары
Қоғамдық қабылдаулардың ел ішіндегі беделі жоғары
389
оқылды
«Аманат» партиясының (бұ­ған дейінгі «Nur Otan») кезек­тен тыс XXII съезінде саяси ұйым­ның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам­дық қабылдау орындарының жұмысын жетілдіру жөнінде сөз қозғап, мұнда тұрғындар тек арыз-шағымдарын айтып қоймай, сонымен бірге елді, мемлекетті дамыту туралы тың идеялары мен ой-толғам­дарын да ұсынса жақсы бола­ды деген еді. Бүгінде қоғамдық қабылдаулар билік партиясының жергілікті жерлердегі негізгі тірегіне, түрлі проблеманы талқылау алаңына айналды. Жоқ іздеген жанның көбі керегін осы жерден тауып, құзырлы органдарға деген тілегін осы жер­ден жолдап жатады. Мәселен, былтыр партияның республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орнына 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабыл­дау өткізілген. Оның 53 пайызы оң шешімін тапқан. Қабылдауда 75 300 адам болған. Бұл оның ал­дын­­дағы жылмен салыстырғанда 3 есе­ге өскен. Мұның ішінде фрак­ция мүшелері – Парламент Мәжі­лісінің депутаттары – 178 қабылдау, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері (Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер, агент­­тік төрағалары, т.б.) – 133 қа­был­дау, партия филиалдары төраға­лары (облыс, аудан және қала әкім­дері) 1,8 мың қабылдау жаса­ған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі кездесу өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан.

Қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге қол жеткізді

Былтыр биліктегі партияның Ақмола облыстық филиалына «Қазақ соқырлар қоғамы» мен «Қа­зақ саңыраулар қоғамы» өкілде­рінен қоғамдық көлікте жеңілдік­пен жүруге рұқсат беру туралы өті­ніш түскен болатын. Кейін білуі­мізше, бұл ұйымдар Көкшетау қаласының атқарушы органына көп жылдан бері арызданып келген екен, бірақ мәселе жылдан-жылға сырғып, оң шешімін таппаған. Осыған орай партияның өңір­лік филиалы төрағасының орын­басары Ғалым Бекмағанбетов жергілікті 200-ге тарта есту және көру қабілетінен айырылған мүге­дектердің атынан келген арыздану­шыларды қабылдап, дөңгелек үс­телге қалалық депутаттар кор­пусы­ның өкілдерін шақырды. Нәтижесінде, 2021 жылы ма­мыр айында қалалық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясында депу­таттардың «Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте азаматтардың кейбір санаттарына жүруге жеңіл­дік беру туралы» шешіміне сәйкес, олардың тілегі қанағаттандырылды. Осы өзгерістерге байланысты мү­гедектердің бұл санаттағы тобынан басқа бөтен мемлекеттерде соғыс қимылдарына қатысқандарға, ҰОС ардагерлері мен марқұмдардың жұ­­байларына немесе ҰОС мүгедек­ті­гіне теңестірілгендерге де қоғам­дық көлікте жеңілдікпен жүруге рұқсат берілді. Бір қызығы, аталған санаттағы адамдар республиканың басқа өңірлерінде автобуспен тегін жүреді екен, бірақ көкшетаулық мұқтаж жандар осы мүмкіндікке қол жеткізе алмай келген. Енді, мі­не биліктегі партияның ара­ла­суы­мен бұл келеңсіздік жойылды.

Газ тартып, интернетті қосты

Партияның Алматы қаласын­дағы филиалының қоғамдық қа­был­дауына Медеу ауданының тұр­ғыны А.Болатбекова келіп, «Меркур град» ТК-інде газдың жоқ еке­нін айтып шағымданған. Тұр­ғын үй кешенін газға қосу 2019 жыл­дың аяғына жоспарланғаны­мен, бұл жұмыстар былтырғы жаз­дың ортасына дейін атқарылмаған. Азаматтардың шағымынан кейін партия өкілдері «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ газ тарату басшылығына шығып, тұрғындардың арызына құлақ асуға кеңес берген. Соның арқасында көп кешікпей тұрғын үй кешеніндегі 37 пәтер көгілдір отын­ға қосылды. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының шалғайдағы Ленино селосының халқы көптен бері интернетке қол жеткізе алмай, пұшайман күй кешті. Бұл мәселе тек өңірлік қоғамдық қабылдауға арызданғаннан кейін бір-ақ ше­шілді. 2021 жылдың шілде айының соңында «Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы аясында селоға республикалық бюджет есе­бінен ұялы интернет жабдығының мұнарасы орнатылды. Енді ауыл­дықтар Beeline, Activ, Kceel, Altel опе­раторларының интернет желі­сін пайдалана алатын болды.

Медициналық учаске ашылды

Биліктегі партияның Қараған­ды облысы Абай аудандық филиа­лының қоғамдық қабылдауына Кеңгірбай би ауылының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек Ержан Тоқта­мысұлы хабарласып, елді мекенде медициналық пункттің жоғына ша­ғымданған. Сол себепті ауыл­дық­тар дәрігерге көріну үшін жыл­дар бойы көрші Көкбай ауылына шапқылайды екен. Ал ол елді ме­кен бұл ауылдан 25 шақырым қа­шық­та орналасқан. Сөйте тұра, аудан ор­талығы Қарауыл селосы Кеңгірбай би ауылынан небәрі 7 шақырымда жатыр. Бірақ ол жерде мұндай қызмет көрсетілмейді. Сал­дарынан ауылдықтар басы ауырып, балтыры сыздаса, көлік іздеп әу­ре­ге түседі. Тіпті, әлдеқайда қажеті бо­ла қалған бір жапырақ дәрігерлік анықт­аманы алудың өзі қиынға соғады. Осыған орай Абай аудандық партия филиалының өкілдері, мәслихат депутаттары А.Үркімбаев пен А.Балтақаева Қарауыл ауы­лында жаңа медициналық учаске­нің ашылуына ықпал етті. Енді Кеңгірбай би ауылының 590 тұр­ғыны дәрігерге осында қаралатын болды. Ауылдықтардың көп жыл­дан бері шеше алмай келе жатқан проблемасы партиялықтардың арқасында осылай оң шешілді.

Статистиканың  сырына үңілсек...

Айта берсе, мұндай арыз-ша­ғым көп. Талдау көрсеткендей, ша­ғым­данушылардың 63 пайызы – әйел­дер, 22 пайызы – көпбалалы от­басылар мен толық емес отбасы мүшелері және 13%-ын ерекше мұқтаж жан­дар мен зейнеткерлер құраған. Арыз-шағым келесідей жіктелген: әлеуметтік қамсыз­дан­дыру – 35%, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашы­лық – 13%, ең­бекпен қамту және еңбек қаты­настары – 10%, денсау­лық­ сақтау – 5%, мемлекеттік қыз­мет орган­дарына арыздану – 3%. 2020 жылмен салыстырғанда БАҚ және әлеуметтік желілердегі жарияланымдар 3 есе өсіп, жалпы саны 24,3 мың материалға жетті. Оның 5,2 мерзімдік баспа басы­лым­дарында жарияланған. Ша­ғым­дардың 38%-ы (64,7 мың) онлайн режимінде жүргізілген. Әсіресе, WhatsАpp пен Telegram арқылы (23,6 мың) және Call-ор­талық арқылы шағымын жеткізу­ші­лер көп (21,7 мың). Сондай-ақ тұр­­ғындар жергілікті филиалдар­дың жедел телефон желісін (7,7 мың), әлеуметтік желілерді (6,4 мың), хат жіберу үшін партия сай­тының электронды поштасы мен eGov электронды үкімет пор­талын жиі пайдаланған(5 мың). Онлайн өтініштер, әсіресе Түркістан облысында(9,4 мың), Шымкент қаласында(6,4 мың), Павлодар (2,9 мың), Жамбыл (1,3 мың) және Алматы (1,1 мың) об­лыстарында жиі түскен. Азамат­тар­ды қабылдау бойынша әлеумет­тік желілерде 4 657 онлайн трансля­ция жүргізілген. Қорыта айтқанда, құрылғанына 23 жыл толып отырған биліктегі пар­тия елдің саяси сахнасында пай­да болғаннан бастап бүгінге дейін Қазақстанның жалпы пар­тиялық жүйесінің дамуына маңыз­ды әсер етіп келеді. Ол басқа пар­тия­ларды өзіне біріктіру арқылы елдегі саяси жүйенің локомотивіне айналды. Ал бұл істе халықпен етене араласып, түрлі тұрмыстық проб­лемасын шешуге ықпал етіп отырған, сол арқылы ел арасында үлкен бедел-абыройға ие қоғамдық қабылдаулардың орны ерекше.