Кітап оқып, тұлға бол!
Кітап оқып, тұлға бол!
1,089
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығы «Тұлға болам» кітап оқу сайысын биыл үшінші рет ұйымдастырғалы отыр. Кітап оқу сайысы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Сайыс негізінен Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана мен жекелеген кә­сіп­керлердің демеушілік қолдауымен іске аспақ. Сайысқа 5 топ бойынша қатысады. Олардың 4-еуі оқу­шылар мен 1 топ ересектер ара­сында болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр топтың оқитын кітабы және жүлдесі бөлек. Жарысқа қатысушылар қазақ классиктері мен әлем классиктері шығармаларын оқудан бақ сынайды. Үш айға созылатын үш кезеңде 3 кітапты оқып бітіруге тиіс. Әр кезеңнің соңында оқыған кітаптары бойынша онлайн тест тапсырып отырады. «Қазір жасыратыны жоқ, балалар арасында кітап оқу үрдісі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, балаларымыз бос уақытының көп бөлігін түрлі гаджетке үңілумен өткізеді. Бұл біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі түйткілді мәселеге айналып отыр. Біздің қолға алып отыр­­ған осы шарамыз аталған мәселені шешуге аз да болса сеп­тігін тигізсе дейміз. Сайыстың басты мақсаты – жастардың кітап оқуға құштарлығын ояту. Оқушы жас ұрпақ арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру әрі жандандыру. Сол арқылы төл құндылықтарымызды насихаттау»,– дейді демеушілердің бірі, кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау. Жарыстың жалпы жүлде қоры шамамен 30 миллион теңгенің көлемі деп жоспарланып отыр. Бұл қаржыны «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығының ұйытқы болуымен еліміздің 20 кәсіпкері бөлетін болады. Үшінші рет өткізілгелі отырған бұл сайыстың алдыңғы бірінші және екінші маусымына 50 және 100 мыңның аралығында сайыскерлер тіркеліп, оның 90 мыңдайы кітап оқып бақтарын сынаған. «Жаңа маусымда қатысушылар саны өткен екі маусымға қарағанда едәуір көбейеді деп отырмыз. Алдын ала есептеуімізше, шамамен 500 мың қазақстандыққа кітап оқытамыз. Оның ішінде ауылды жердегі балаларды көптеп тартуды жолға қоймақпыз. Ол үшін Білім министрлігі арқылы барлық мектепке осы жоба жайлы ұсыныс хабарлама хаттар жіберіліп жатыр», – деді «Шұғыла» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Азат Тапишев. Өткен маусымның бас жүлдегері Түркістан облысының тұрғыны, көпбалалы ана Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер ұтып алған-тын. Бұл жолғы сайыстың басты жүлделеріне Ыстанбұлға саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch және басқа да бағалы заттар мен ақшалай сыйлықтар ұсынылып отыр.

Алматы