Көрісу күнін атап өтті
Көрісу күнін атап өтті
528
оқылды
14 наурыз Көрісу күні – еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен атап  өтілетін айтулы күндердің бірі. Осы мерекеге орай «AMANAT» партиясы Павлодар об­лыстық филиалы, партияның жастар қанаты және облыстық мәс­лихаттың депутаттары облыс арда­гер­­лерін құттықтап, тәтті тағамдар мен ыстық бауырсақтан ауыз тигізіп, құрмет көрсетіп қайтты. Партияластар «Замандас» ардагерлер үйін, облыстық ардагерлер кеңесі мен «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің ардагерлерін Амал мерекесімен құттықтап, ыстық ықыластарын білдіріп, қариялары­мыздың ақ батасын алды. «Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Бұл күні адамдар бір-бірімен кездеседі, ренжіткен жерлері болса кешірім сұрайды. Сіздерге бақыт, амандық тілейміз, елімізде бейбітшілік пен молшылық болсын», – деп Бақытжамал Максилова әжеміз жастарға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ партияның облыстық фи­лиалы ERTIS өңірлік телеарнасының ұжы­мын дәстүрлі мерекемен құттықтады. ERTIS телеарнасының ұжымына жаңа жасың құтты болсын деп шығармашылық табыстар тіледі. «Көрісу күні – дәстүрлі мереке. Осы күні Наурыз мейрамын тойлау басталады. Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кіші­пейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Бұл – қыспен қоштасу күні. Біз, партияластар бірін­ші болып құрметті адамдарымызды, ардагерлерімізді құттықтауға шешім қабыл­дадық»,– деді партияның облыстық филиа­лының атқарушы хатшысы Илья Теренченко. Бір ерекшелігі – Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.