Көшпелі қабылдаудан күтеріміз көп
Көшпелі қабылдаудан күтеріміз көп
370
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы­ның кезектен тыс съезінде  қоғамдық қабылдаулардың маңызды екеніне тоқ­талып,  азаматтармен кездесудің тиімділігін арттыруды тапсырған еді. Атал­ған тапсырманы  орындау мақ­сатында  партияның қоғамдық қабыл­дау бөл­мелері жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті.  Енді  ел ішіне  мобильді қо­ғамдық қабылдау бөлмелері шы­ғып тұрады. Кеше мұндай қабылдау бөл­мелері  екі облысқа аттанды. «Өтініш арқалап келген азаматтардың өзекті мәселесі оң шешімін таппаса, қо­ғаммен өзара тиімді қарым-қатынас орнату да мүмкін емес. Сол үшін партияның ашық­тығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мүдделерін ілгерілету – ең маңызды мін­дет». Биліктегі партияның кезектен тыс өткен жиынында Мемлекет басшысы осы­лай деді. Партия билік пен қоғам ара­сын­дағы нақты байланыстырушы буын болуы үшін өз сайлаушыларының мүддесін қор­ғауы керек. Біріншіден, сайлау кезеңінде айтылған уәделерді орындау. Бұл үшін қоғамдық қабылдау­лардың барлық әлеуетін іске қосу керек. Яғни, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдар­мен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идея­лармен келетін азаматтар үшін тар­тымды орынға айналуы тиіс. Сондықтан азаматтармен көшпелі қа­былдауды жиі өткізіп, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесудің тиімділігін арттыру тапсырылды.

Алғашқы қабылдау Атбасарға аттанды

Президенттің пәрменінен соң партия қабылдау бөлімдерінің жұмысын қайта қарап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында мобильді қабылдауды қолға алды. Кеше басталған көшпелі республи­калық қоғамдық қабылдау Қарағанды мен Ақмола облыстарына ат басын тіреді. Оның ішінде аманаттықтар Ақмола облы­сына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды, ал Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Шешенқара, Дубовка, Бидайық, Орынбай ауылдарында болды. «AMANAT» партиясының респуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуын­ша, бірінші күні 100-ге жуық адам қа­был­данған. Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар барлық өңірді аралап, шалғай ауылдарға да ат басын тірейді. Мобильді қабылдау бөлмелерінің жұмысына мәс­лихат депутаттары – партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады. «Күні бүгін партия мүшелері Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарымен кездесуге келді. «Ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейді және оларға мәселені облыстық мәслихаттағы партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұр­ғындардың түйінді мәселелерді алға тар­тып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бірреттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік бе­реді», – деп атап өтті Әлия Садырбаева. қоғамдық қабылдау Қоғамдық қабылдауға келген Ақмола облысына қарасты Новосельское ауы­лының тұрғыны Светлана Паль елді ме­кенді сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Оның сөзінше, сумен жабдықтау желі­лерінің әбден тозығы жеткен. Сондықтан судың жиі-жиі тоқтап, мүлдем ақпай қалуы тұрғындарға таңсық жағдай емес. Су аққан кезде халық ыдыстарын толты­рып алуды әдет қылыпты. Ал бұл қарт адам­дарға, әсіресе жалғызбасты адамдар үшін қиындық туғызатынын айтқан Свет­лана Паль сумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеудің қажет екенін алға тартты. Көшпелі қоғамдық қабылдауда Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов ауылдағы сумен жабдықтау желілерін тарту жұмыстары биыл басталуы тиіс екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге ауыл азаматтары көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты да бірқатар мәселе көтерді. Аудандық мәс­лихаттағы партия фракциясының төрағасы Нұржан Рахымов «Тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімі белгіленеді» деп отыр.

Шалғай аудандарда шешімін таппаған мәселе көп

«AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың ай­туынша, мобильді қоғамдық қабылдаудың тиімділігі – өтініш арқалағандарды орта­лыққа сабылтпау. Тұрғындардың талап-арызын тыңдауға енді қоғамдық қабыл­даудың өкілдері өздері барады. «Бірінші күннің өзінде Қарағанды мен Ақмола об­лыс­тарындағы он ауылға бардық. Қоғам­дық қабылдау аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға да барады. Тұрғындар­дың өтініші мен шағымын орталыққа жеткізіп, шешімін табуды қолға алып жатыр­­мыз», – деді Азамат Дулатұлы. Оның сөзінше, ауыл халқы үшін жер мәселесі әлі де өзекті. Соның ішінде жайылымды, шабынды жерлерге қатысты өтінішін жеткізгендер көп. Алайда тұрғындарды толғандырып отырған жер мәселесіне қатысты түйткілді шешу жергілікті органдардың қолында емес. Сол үшін халықтың талабы ескеріліп, партия өкілдері жер мәселесіне қатысты сауалдарды заңнамаға өзгеріс енгізу ар­қылы шешуге атсалысатын болды. Шешенқара тұрғындары ұялы бай­ланыс пен ауыл ішіндегі жолдардың сапа­сына қатысты мәселелерді көтерді. Дубовкада инженерлік желілерді жөндеу және газдандыру мәселесі өзекті екен. Ал Бидайық ауылында тұрғындар фельд­шерлік-акушерлік пункт салуды және электр қуатының сапасын жақсарту үшін қосымша трансформатор орнатуды сұрап отыр. Орынбай ауылында арыз-шағым­дардың басым бөлігі тозығы жеткен электр желілеріне қатысты болса, жергілікті ша­руалар ауылшаруашылық тауар өндіруші­лерінің несие қаражатына қолжетімділігін арттыру керек екенін алға тартыпты. қабылдау Көшпелі қоғамдық қабылдау тұрақты түрде ұйымдастырылады. Республикалық қоғамдық қабылдауға келушілердің көбі шалғай ауыл мен аудандардан келеді. Азамат Біржановтың айтуынша, арыздану­шылардың дені аудан мен облыс орта­лығына баруға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті халықтың өтінішіне құлақ түру үшін мобильді қабылдаудың кездесулерін мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн. Мәселен, былтыр партияның респуб­лика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орындарына 175 мыңға жуық өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53%-ы оң шешімін тапқан. Жалпы қабылдауда 75 300 адам болған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 есеге өсіпті. Оның ішінде фракция мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары – 178 қабылдау, орталық мемлекеттік орган­дардың өкілдері (Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер, агенттік төрағалары, тағы басқа) – 133 қабылдау, партия филиалдары төрағалары (облыс, аудан және қала әкімдері) 1,8 мың қабылдау жасаған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі кездесулер өт­­кізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан. Ал «AMANAT» партиясының қоғамдық қа­был­дауына жыл басынан бері 24,7 мың адам жү­гінген. Осы мә­се­лелердің 56 пайызы оң ше­шіл­ді. Көшпелі кездесуден кейін арыздану­шылар саны анағұрлым артуы мүмкін. Өйткені бұған дейін орталыққа келіп өті­нішін айта алмағандар мобильді қабыл­даудың мүмкіндігін пайдалануға асығары сөзсіз. Көшпелі кездесудің артықшылығы да осы. «Шалғай елді мекендердің тұр­ғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе алмайды. Оларға мәселені облыстық мәс­лихаттағы партия фракциясының депутат­тарына жеткізу қиын. Сондықтан құрамы­на филиал қызметкерлерінен басқа мәс­лихат депутаттары, өңірлік Саяси кеңес мүшелері кіретін мобильді қоғамдық қабылдаудың тиімділігі көп. Қабылдауға алдын ала жазылудың екі түрі бар. Бірін­шіден, әлеуметтік желілерде көрсетілген аудандық бөлімге телефон шалу арқылы жазылуға болады. Екінші, БАҚ беттеріне поштамыздың мекенжайы жарияланады, сол жерге өтінішін алдын ала жібере алады», – дейді Азамат Дулатұлы.

Аманаттықтарға алғысын білдірді

Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов өңір­лерге барған сайын қоғамдық қа­былдау өткізіп, тұрғындардың өтініш­теріне құлақ түретінін айтады. Шымкент қала­сындағы соңғы іссапарында депутат пар­тияның қоғамдық қабылдауында 18 адам­ның арызын тыңдапты. «Кездесуде шұ­ғыл шешілген мәселе көп болды. Мә­селен, бір кісі денсаулығына байла­ныс­ты көмек сұрап келді. Сол жерде қа­ла­лық Ден­саулық сақтау басқармасы ол кі­сіге жәр­дем көр­сетті. Әлеуметтік көмек ту­ра­лы мәселесі бойынша да түсіндіру жұ­мыс­тары жүргі­зіліп, мәселесі шешілді», – дейді депутат. көшпелі қабылдау Партияның қоғамдық қабылдау бөлі­міне келіп, өтініш айтқан тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Мәселен, биыл жыл басында Шымкент қалалық партия филиалына әл-Фараби ауданының тұрғындары арыз жазған. Өтініш беруші Зухра Құрметованың «Қарасу» шағынауданындағы №22 көп­қабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бойынша айтқан өтініші көп ұзамай шешімін тапты. Сон­дай-ақ Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген тұрғынның да мәселесін аманаттықтар аяқасты етпеді. Алты ай бұрын туылған баласына күтіп-бағу және туу үшін жәр­демақы ала алмай жүрген Әсия Тайлақованың қысқа уақыт ішінде мәселесін шешіп бергендерге алғысын білдірді. Жамбылдықтардың да өтініші жауапсыз қалмады. Жамбыл облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғ.Сағынтаев өзі қабылдаған ауыл азамат­тарының өтінішін оң шешіп берді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-тілек түскен. Соның бірі Ш.Нияз­беков ауылындағы газ қысымы­ның тө­мендігі айтылыпты. Өз кезегінде депутат осы мәселеге қатысты «ҚазТрансГаз Ай­мақ» мекемесіне хабарласып, тиісті сала қызметкерлерін тарта отырып, ауылдағы газ қысымын қалпына келтіруге атсалы­сыпты.Тұрғындар да өз кезегінде көптен бері шешімін таппай жүрген мәселенің оң шешілгеніне ризашылықтарын білдіріп отыр. Аманатқа қиянат жүрмейді. Жуырда ғана атауын өзгерткен саяси ұйымның аты да, заты да өзгеріп келеді. Азаматтардың арызына құлақ түрудің жаңаша моделіне көшкен қоғамдық қабылдаудың көшпелі кездесуі әділетті қоғамның орнауына атсалысып, жаңашылдыққа бет алған еліміздің ертеңін жарқын етері хақ.