Баққанымыз – көршінің қас-қабағы
Баққанымыз – көршінің қас-қабағы
© коллаж: Елдар Қаба
290
оқылды
Солтүстіктегі көршіміз экспортқа тыйым салды, онысы әуелі ішкі нарығын қамтамасыз еткісі келгені. Ал біздегі импорт қоржынының 40 пайызы ресейлік екенін ескерсек, жырты­ғы­мызды қалай жамаймыз? Азық-түлік бағасы шарықтап, тапшылыққа тап болмаймыз ба? Екіншіден, біздің жүктердің 90 пайызы тағы да сол Ресей арқылы өтеді. Ал ресейлік ірі кеме компаниялары жүктерді қабылдаудан бас тартып отыр. Былтыр Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларын құрады. Оның 17 млрд-ы – импорт. Им­порттық азық-түлік өнімдерінің негізгі жет­кізушісі – Ресей. Ол жақтан шет­елдік азық-түлік өнім­дерінің жар­тысы импортталады. 2021 жылдың 9 айында негізгі им­портталған азық-түлік өнімдері – сусындар (141 млн АҚШ доллары), ұннан жасалған кондитерлік өнім­дер (134 млн АҚШ доллары), қант (119 млн доллар), шоколад (109 млн доллар), құс еті (104 млн АҚШ доллары) және шұжықтар болды. «Енді бұл өнімдер елге келмесе, жамауымызды қалай жамаймыз?» деген сұрақ туындайды. Сұраныс артады, сәйкесінше баға да өседі. Мәселен, Павлодар об­лысында ұн өндірумен айналысатын кәсіп­орындар жақын күндері шикізат­сыз қалуы әбден мүмкін. Диір­мен­дердегі астықтың қазіргі қоры тек екі аптаға жетеді. Ал одан соң ұн шығару ісі тұралап, жұмыс орын­дарының қысқару қаупі бар. Жер­гілікті өңдеу орындары осындай қиындықпен бетпе-бет келіп, астықтан тапшылық көріп отырған тұста өңірімізде өсірілген бидай­дың барлығы дерлік сыртқа экс­порт­талуда. Сондықтан кәсіпкер­лер астықты экспорттауға тыйым салуды сұрайды. «Үш жылдан бері Ресейден алып жатырмыз. Біздің бидай бас­қа елдің трейдерлерімен Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елі­не жіберіледі. Сондықтан би­дайсыз отырмыз. Ешкімде бидай жоқ», – дейді кәсіпкер Жанар Серімова. Ал астық өсіретін диқандар кері пікірде. Павлодардағы онда­ған диірмен иелері Ресейден арзан бидай сатып алып, тартылған ұнды экспортқа жібереді. Өздері егін салмайды. Дәл қазір шекаралас ел өнім бағасын қымбаттатқан. Ұн өндірушілердің байбалам салып жатқан себебі – сол. «Президенттің астық экспор­тын үш есеге ұлғайту керек деген тапсырмасы бар. Соны орын­да­уымыз керек. Диірмен иелерінің та­лабы орынсыз. Павлодарда би­дай бар. Тек олар бізге тиімді ба­ғамен алғылары келмейді. Арзанға сұрайды. Ал бидайды шетелге шы­ғаруға тосқауыл қою деген мүл­дем қисынсыз. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін әлсіретіп жі­береді», – деді диқан Ерлан Тоқ­тышақов. Сонымен, павлодарлық астық өсірушілер күзде жиналған өнімді қамбаға құюға емес, Өзбекстан, Ауғанстан секілді мемлекеттерге бірден сатуға құлықты. Салда­ры­нан ішкі нарық шикізатсыз қалып отыр. Өңірдегі шаруалардан қайыр болмаған соң ұн өндірумен ай­налысатын кәсіпорындар астықты Ресейден сатып алып келген еді. Бірақ соңғы уақыттағы тұрақсыз жағдайға байланысты көршілес мемлекет бидай, майлы дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін елден экспорттауға шек­теу қойды. Оның салқыны пав­ло­дарлық өңдеушілерге тиді. Қазір­дің өзінде 10 диірмен өз жұмысын тоқтатты. Сауда айна­лы­мына қатысты туындаған түйт­кілдің құс пен мал шаруашылығына да кері әсер тигізетін түрі бар. «Ұлан» фермер­лік шаруашы­лығы тұтынушылар арасында «Сне­­жинка» деген атау­мен таны­мал ұнды сауда сөрелеріне жөнел­теді. Ал «Павлодар-Құс» жергілікті нарықты жұмыртқамен қамта­ма­сыз­ етіп отыр. Бірақ жа­қын уа­қыт­та бұл екі өнімнің көлемі де күрт азаюы мүмкін. Себебі ұн жа­сайтын астық, тауықтарға бе­ретін бидай жоқ. Соның салдары­нан жұмыс орындары мен қуат­ты­лықты да қысқартуға тура келеді. Алайда мұның екінші жа­ғы да бар. Ресейдің бұл шектеуі Қазақ­станға, керісінше тиімді болуы да мүмкін. Себебі Ресейден дәнді да­қыл тасымалдай алмай қалған ел­дер енді бізге жүгініп, сұранысты арттырып жіберуі мүмкін. Ал ас­тық өндіруде еліміздің экспорттық әлеуеті жоғары. Мәселен, былтыр 20 млн тоннадан астам бидай өндірілсе, соның тек 6-7 млн тон­насы шетелге сатылған. Қалғаны өз тұтынушыларымыздың сұра­нысын толық өтеп отыр. Бұл ойды белгілі экономист Атамұрат Шә­менов те қуаттап отыр. «Тауар өндірушілер сыртқы сұраныстарға қызығып, бар тауа­рын сыртқа жіберіп, өзімізде тап­шылық болып қалмас үшін Үкімет мемлекеттік реттеу механизмдері арқылы бидайдың әсіре экспорт­талып, өте қымбат бағада кетіп қал­мауына мән беруі керек», – деді Атамұрат Шәменов. Қазақстанға бұл азық-түлік түрлерінің импортталу себебі – өндірістің жеткіліксіздігінде. Қант, шұжық, ірімшік, сүзбе, ал­ма, ма­гарин сияқты тауарлар отан­дық өн­діріспен толық қам­тылмай қа­лып отыр. Сонымен қа­тар импорт­ты ынталандыратын басқа да фак­торлар бар. Бұлардың арасында шетелдегі неғұрлым қо­лайлы ба­ға­лар да, өнім түрлерінің алуан түр­лілігі де, өнімнің же­ке­леген түр­лерін өсіру мен өндірудің кли­маттық ерекшеліктері де кез­деседі. Ал енді азық-түлікке жатпай­тын тауарларды жеткізуге тоқ­тал­сақ, былтыр 9 айда 2020 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға және дағдарысқа дейінгі 2019 жылға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ең көп өсімді Ресейден – автомобильдер (+501 млн АҚШ доллары, 1 млрд АҚШ долларына дейін), монитор­лар мен проекторлар (+71 млн АҚШ доллары, 164 млн АҚШ дол­ларына дейін) импорты көрсетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар, әуелі Ресейден (30,1%), екінші Қытайдан (28,3%) импортталады. Барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемле­кет­тен табылуы екіталай ғой, сон­дық­тан дүниежүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Осылайша, өзімізде жоқ затты өзге­ден алуға мәжбүрміз, ал енді өзге бермесе, жағдай ауыр деген сөз.

ТАУАРЫН ҚАЛАЙ ТАСИДЫ?

Осы тұста тағы бір мәселе шы­ғады. Біз Ресейдің тауарынан бас тартсақ та, күніміз тағы Ресейге қа­райды. Себебі елімізге тиесілі жүк­тердің 90 пайызы Ресей ар­қы­лы тасымалданады. Ал ірі кеме компаниялары Қазақстанның да жүктерін қабылдаудан бас тартып жатыр. Мұны Kusto Group компа­ния­сының директоры Қанат Көп­баев та растап, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан кәсіп­керлеріне де «кесірін» тигізіп жат­қанын ашып айтты. «Мен 20 жыл бойы халық­ара­лық бизнеспен айналысамын, бі­рақ өмірімде мұндайды көрген емес­пін. Қырым жағдайында да, Сириядағы оқиғалар кезінде де біз мұның бәрінен аман қалдық. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Баршаңызға белгілі, біздің жүк­тердің 90 пайызы Ресей арқы­лы өтеді», – дейді ол. Көпбаевтың айтуынша, бір-екі сағаттың ішінде Антверпен, Гам­бург, Пиреней, Роттердам, Мугга жүктерді қайта тиеу транзиттік порт­тары Ресей мен Қазақстаннан жүктерді қабылдаудан бас тар­тып­ты. Бірде-бір кеме портқа кірмейді және жүкті қабылдамайды. Екін­шіден, төлем жүйесіне де түгелдей шектеу қойылған. «Біздің еуропалық әріптесте­ріміз еуропалық банктер Ресей мен Қазақстандағы барлық төлемдерге тосқауыл қойып жатқанын мәлім­деді. Сорақысы, үнділік компа­ния­лар АҚШ-тағы коррес­пон­денттік шоттары арқылы Қазақ­стан мен Ресей Федерациясына төлем жасауға рұқсат етілмейтінін айтты. Қазір бүкіл әлем Ресейге қарсы, біз де бір қайықтамыз» деп жазды ол. Иә, Ресей мен Украина ара­сындағы қарулы қақтығыс Қазақ­станның экономикалық ахуалына салқынын тигізіп, күн тәртібіне күр­делі мәселелерді қойып отыр. Логистиканың бұзылуына байла­нысты Еуропадан елімізге келетін тұқым мен тыңайтқышты және өсім­діктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Аталған тауарлардың көктемгі егістік жұ­мыстарына керекті 50 пайызы ғана жеткізілуі мүмкін. Ал импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары егістікке қажетті құралдардың 90 пайызын құрайды. Бүгінде көлік және логистика саласында туын­даған мәселелер бойынша жедел штаб құрылған. Kametex ЖШС директоры Рус­лан Хасенов канадалық және аме­рикалық ауыл шаруашылығы тех­никасы мен қосалқы бөл­шек­терді елге жеткізумен айналысады. Негізгі қоймасы Клайпедада (Лит­ва) орна­ласқан. Қосалқы бөлшек­терді жет­кізу жағында қиындықтар туындауы мүмкін екенін айтып отыр. «Жүк тиелген көліктер келіп жатыр, яғни транзит әзірге ашық. Ауылшаруашылық техникасын жеткізу бойынша үлгеріп жатыр­мыз. Өйткені қосалқы бөлшектер бөлек келеді, бізде Канададан әлі жөнелтілмеген контейнерлеріміз бар. Біз көктемгі дала жұмыстарына дейін қосалқы бөлшектерді уақы­тында жеткіземіз деп үміттенеміз. Алайда жүкті Еуропадан Ақтау порты арқылы тасымалдаудың балама жолын тауып, транзитті Түркия, Грузия, Әзербайжан арқы­лы және қабылдау мен жөнелту бо­йынша қуаты үлкен Ақтау пор­тын қолдану қажет деп санай­мыз», – дейді KametexЖШС ди­рек­торы Руслан Хасенов. Бұған дейін техникаға қосалқы бөлшектер Санкт-Петербург ар­қы­лы тасымалданып келген. Қазір бұл бағыттағы транзит жабық. Сондықтан жүк Беларусь арқылы келеді. Онда ЕАЭО кеден аумағы шеңберінде кедендік рәсімдеудің ұзақ процедуралары салдарынан жүкті жеткізу созылып кетуі мүм­кін. Ал шектеулер Беларусьқа да салынатын болса, онда еуропалық техниканы жеткізудің жалғыз жолы Түркия ғана болады. Ал Петропавл электр техни­калық зауытының трансфор­ма­тор­лық жабдықтары бар соңғы жүк Италияда қалып қойған. Литва өз аумағынан Ресей Федерациясына тауар тиеуден бас тартыпты. Де­мек, Қазақстанға жабдық әкелудің жалғыз жолы – Каспий теңізі, яғни Түркия арқылы ғана. Өйткені Бе­ларусь шекарасында ұзын-сонар кезек. Бірақ тауарды Түркия арқы­лы жеткізу үшін логистикалық компанияға осы елдер арқылы тасымалдауға рұқсат алу қажет. Оған өтінімді қарау мерзімі 2 айдан 3 айға дейін созылады. «Процедураны тездету үшін Түркия, Армения, Грузия және Қазақстанның көлік министр­ліктері тиісті келісім жасауы тиіс. Логис­тикалық компаниялар үшін қысқа мерзімде рұқсат алу мәсе­лесін республикалық деңгейде шешуді сұраймыз», – дейді зауыт директоры Мақсат Үсенбаев. Қорыта келгенде, Ресейдің қа­былдаған шешімі біздегі бизнестің тұралауына себепші болып отыр. Өнім құнының өсуіне, шикізат, қо­салқы бөлшектерді жеткізу көле­мінің қысқаруына, қызметтер құ­ны­ның артуына және отандық кә­сіпкерлердің шетелдік контра­гент­тер алдындағы шарттар бо­йынша міндеттемелерді орында­маудың жо­ғары қатеріне алып келеді. Қол­дауды қажет ететін отан­дық өнді­ріс­ке көңіл бөлетін кез жеткен сияқты.