Жиырма бес жыл күткен қуаныш: Жезқазған – облыс орталығы
Жиырма бес жыл күткен қуаныш: Жезқазған – облыс орталығы
792
оқылды

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ғазиз Ештанаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ақжолтай хабарын зор қуанышпен қабылдағанын айтты.

– Кезінде облыс орталығы болған Жезқазғанның соңғы 25 жыл шамасында өңі қашып, өзегі талып, өкпесі қабынып тұрған жайы бар еді. Шалғайда жатқан өңірдің шаруасы да мандымай қойды. Түрлі мемлекеттік даму бағдарламалары бойынша қаражат та бөлінді, бірақ берекелі нәтиже бола қоймады. Астана, облыс орталығына қарай көшу бәсеңдемеді. Жастарымыз да үлкен қалаларға қарай кете бастады. Осыдан соң жұрт бір байламға келген болатын: ол – «Жезқазған облыс орталығы болмай көсегесі көгермейді» деген пікір еді. Мемлекет басшысы атына хат әзірленіп, өтініш-хатқа 60 мыңға жуық адам қол қойып, Ақордаға қарай аттандырмақ болып жатқанбыз. Бүгін Алла алқап, аймақ жұртын қуантқан жақсы хабарды естідік. 2019 жылы Президентіміз Қ.К.Тоқаев Ұлытау жерінде өткен халықаралық туризм форумында сөйлеген сөзінде: «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер», – деп айтқан болатын. Бұл сөзді көңіл жұбатарлыққа жақсы көп сөздердің бірі ғой деп қабылдағанымыз да шындық. Бүгінгі ресми хабар ол пікіріміздің пендешіліктің белгісі екенін көрсетті. Президентіміз Ұлытау облысы ашылып, орталығы Жезқазған қаласы болатындығын хабарлады. Бұл – біз үшін айрықша қуаныш. Жиырма бес жыл күткен қуанышымыз – бұл. Мемлекет басшысының бұл шешімін өз басым киелі Ұлытауға, Ұлытау мен ұлт тағдыры үшін қам жеген тарихи тұлғалар рухына жасаған тағзым-құрметі деп бағалаймын. Енді киелі өлкенің келбеті де ажарланып, бастаған іске береке үйіріле бастайтыны анық. Өз басым бұған сенемін, өйткені аймақтың болашағын тұмшалаған тұман сейілді, ел ішінде қуаныш пен сілкініс пайда болды, ең бастысы рух оянды. Бүгінгі Жолдауда айтылған сүйінші-хабар Жетісу халқын да, Абай елін де, Қапшағай жұртын да ерекше қуанышқа бөледі. Қазақ даласын жақсылық періштелері қанатымен желпіп өткендей болды. Міне, халықты қуанта білетін шешім осындай болады. Өз басым бұл қуанышты күнді Жаңа Қазақстанның жақсы күндерінің бастауы деп санаймын, – деді Ғазиз Ештанаев.