Саяси жүйеге серпін бере ме?
Саяси жүйеге серпін бере ме?
360
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысындағы халыққа арнаған Жолдауы жақсы жаңалықтарға, тың үрдістерге, тіпті тосын мәлімдемелерге толы болды. Соның ішінде Мемлекет басшысы президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту бастамасын көтерді. Мемлекет басшысы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару нысаны тек тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ғана емес, 30 жыл бойы белгілі бір деңгейде орынды болғанын айтты. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Қоғам өзгеруде, ел өзгеруде. Оған біздің саяси жүйеміз де бейімделуге тиіс. Сондықтан мемлекеттік басқарудың бар тетігін бір Президентке әкеліп тіреп қоюдың қате екенін және мұндай тәжірибеден біртіндеп кету керек екенін жеткізді. «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастаманы ұсынамын», – деді Президент. Осылай деген Қ.Тоқаев президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік бермеу керек екенін айтты. Тіпті, Президент отбасы мүшелеріне де бірқатар мәселеде шектеу салынуы мүмкін. Атап айтқанда, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу жөнінде ұсыныс айтылды. Егер конституциялық тұрғыдан қарасақ, азаматтарға мұндай шектеу жасау орынсыз болар еді. Алайда Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының туыстары саяси мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік сектордың басшысы лауазымында қызмет істеу арқылы бұқараның билікке деген сенімін шайқалтуы мүмкін екенін ескерген сыңайлы. Одан бөлек, мұндай жағ­дай­лардан сабақ алу да маңызды болса керек. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та бұл бастаманың мәні бөлек екенін айтты. «Бұл өзгерістерден кейін Қазақстанды «Жаңа Республика» деп толыққанды атауға болады! Мемлекет суперпрезиденттік жүйеден жаңа тұрпаттағы президенттік-парламенттік жүйеге ауысып жатыр. Бұл – саяси жүйенің трансформациясы! Болашақ Президенттің өзіне қатысты да шектеулер қарастырылған. Енді оның туған-туыстарына мемлекеттік қызмет, квазимемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге тыйым салынады, – деп пікір білдірді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Екіншіден, Президент өзінің президенттік өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуы керек. Бұл ұсыныс партиялардың жоғары лауазымды тұлғаның беделін пайдаланып, саясатта өзге бәсекелестеріне қарағанда артықшылық беруі мүмкін. Әрі қоғамда Мемлекет басшысының рейтингі жоғары болған жағдайда аталған тұлға басқаратын немесе мүшесі болған партияға артықшылықтар беруі мүмкін. Бұл түптің түбінде партиялар арасындағы бәсекелестіктің әділ болуына кедергі келтіреді. Үшіншіден, Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастауды ұсынды. Сөйтіп, белгілі бір мәселеде әкімдердің жауапкершілігіне құрмет көрсетілген жайы бар. Біздің пайымдауымызша, егер қандай да бір құқықтық акт, бұйрық немесе өзге де құжаттар қалалар мен өңірлердің дамуына кері әсер ететін болса, мұндай актілердің күшін жоюдың басқаша тетігі қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар бұл шешім Президенттің атқарушы билік өкілдері жұмысына араласуын азайтпақ. Төртіншіден, Мемлекет басшысы аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою бастамасын көтерді. Бұл аудан, қала және ауылдық округ әкімдерін халық өзі сайлайтын жүйеге көшіп жатқан сәтте дұрыс шешім болса керек. Өйткені халық сайлаған әкімдерді Президент жұмысынан алып тастайтын болса, онда жергілікті жерлерде сайлау өткізудің мәні қалмайды. Бұқара елдегі сайлау жүйесіне сенбейтін болады. Бұл демократиялық үрдістерді тереңдетуге кері әсер етуі мүмкін. Тіпті, әкімдер «менің Президент қана орнымнан алады» дейтін ұстанымнан арылмауы мүмкін. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін мұндай көзқарасы байқалып қалатын әкімдер ел ішінде кездесіп қалатын. Енді бұл стереотип те өзгеруі мүмкін. Бесіншіден, Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға қыс­қаратын болды. Біздің пайымдауымызша, бұл жаңадан құрылатын облыстардан да сенаторлар сайланатынын ескере отырып жасалған қадам болғанға ұқсайды. Әрі сенаторлардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі де белгілі мөлшерде артуы мүмкін. Алтыншыдан, Президент Конституциялық сот төрағасын және Жоғарғы Сот кеңесі төрағасын тағайындау үшін Сенаттың келі­сімін алуы тиіс. Жетіншіден, Президент облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алу үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынады. Қысқасы, Қ.Тоқаев президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту бастамасы арқылы билік тармақтарының қызметін жетілдіруді көздеген сыңайлы. Әрі бұл бастамалар әлем үшін таңсық емес, көптеген елде дәл осыған ұқсас жүйелер жұмыс істеп тұр. Сондықтан Президент Қазақстан қоғамының жаһандық үрдістерден қалыс қалмауын алдыңғы орынға шығарған сыңайлы. Сөйтіп, демократиялық үрдістерді тереңдете беруді көздесе керек. Жалпы, Президент Жолдауында айтылған ұсыныстар қоғам үшін тың бастама болғаны рас. Ұзақ жылдар бойы суперпрезиденттік жүйеде болған Қазақстан үшін Мемлекет басшысының өз өкілеттіліктерінің бірқатарынан бас тартуы күтпеген оқиғаға да ұқсағаны рас. Дегенмен мамандар бұл өзгерістерді Қазақстанның шынымен жаңару жолына түскенін білдіреді деп бағамдайды.