Cаяси мәдениетті қалыптастыруға жаңаша реңк берді
Cаяси мәдениетті қалыптастыруға  жаңаша реңк берді
329
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен AMANAT партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жиналысы өтті. Отырыста Мемлекет басшысы – AMANAT партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыру мәселесі қаралды. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудың кешенді, жан-жақты пысықталған бағдарламасын ұсынды. Мемлекет басшысы елдегі саяси мәдениетті қалыптастыруға мүлдем жаңаша реңк берді. Еліміз тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өткенді құрметтеп, дамудың жаңа сатысына көшіп, тү­бегейлі саяси трансформация алдында тұр. Ал­дағы барлық өзгерістердің негізгі лейтмо­тиві – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара тү­сіністік пен сенім. Осы тұрғыда партия мен фрак­ция мүшелеріне зор жауапкершілік жүк­теліп отыр, – деді Ерлан Қошанов. Отырыста сөз сөйлеген AMANAT партиясы­ның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Жол­даудың басым бағыттарына тоқталып, партия ел Президентінің институционалдық тірегі бола отырып, барлық жүргізіліп жатқан реформа­лар­дың алдыңғы қатарында болуға тиіс екенін айтты. – Сондықтан Мемлекет басшысының Жол­дауын ауқымды түрде ілгерілету және іске асыру үшін барлық партиялық ресурстарды жұ­мылдыру маңызды. Бұл жұмысқа Мәжіліс пен мәслихаттардың барлық депутаттары, бюро мен саяси кеңестердің, қоғамдық кеңестердің мү­шелері, партияның белсенділері мен жақ­тас­тары, қоғамдық пікір көшбасшылары, жас­тар тартылуға тиіс, – деді партияның Ат­қарушы хатшысы. Одан әрі фракция жиынында депутаттар сөз сөйлеп, пікір алысты. Депутат Ерлан Саиров тәуелсіз Қазақстан­ның саяси тарихында осындай шешуші кезең көп болмағанын, Жаңа Қазақстанның қалып­тасып жатқанына назар аударды. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді демократия мен плюрализмнің жолына бағыттады! Халқымыздың, қоғамның көкейінде жүрген, азаматтық белсенділер тал­қылап жатқан мәселеге нақты жауап берілді! Қазақстанда жүйелі, терең, жан-жақты қоғам­дық-саяси реформа іске асады! Бұл аспект бізге, AMANAT партиясының фракция мүше­леріне зор міндет жүктейді! – деді депутат. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы ұсынған реформалар Жаңа Қазақстан құруда еліміздің бүгінгі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғыр­тып, ашықтығын, тиімділігін және әлеуметтік дамуын арттыра түсетініне тоқталды. – Жолдау жүктеген ауқымды міндеттер қатарында Абай облысының «Рухани және мә­дени орталығымыз» ретінде дамытуға басымдық беруіміз қажет. Бізді ұлт ретінде сақтайтын кемеңгер Абай Құнанбайұлы, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуе­зовтің мұраларын зерделеп, ағартушыла­рымыз Алаш зиялыларының еңбектеріндегі адамзатқа жат қатыгездік, менмендік, масыл­дық, еріншектік секілді мінездерден бойымызды тасалап, ақпарат тасқыны мен ғаламдану кү­шіне төтеп беретін мейірімділік, ізгілік, кі­шіпейіл­ділік пен еңбекқорлық секілді темір­қазық ұстанымдарды жастарға насихаттауды қолға алу қажет, – деді депутат. Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова Ұлытау облысында инновациялық жастар дамыту орталықтарын ашу, сол негізде Кремний аң­ғарындай білім, ғылым, өнеркәсіп пен креативті индустрияны дамыту NEET санатындағы жас­тарымызға болсын, жалпы еңбек қоғамын құруда өзекті екеніне назар аударды. Жиын барысында депутаттар Снежанна Имашева, Альберт Рау, Қанат Нұров заңшы­ғарушылық жұмыстың сапасы, Мәжіліс жұ­мысына сарапшылар мен жұртшылықты тарту, Парламентаризм институтын жобаларды қа­рауға тарту, дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қабылдау және жергілікті өзін-өзі басқару мен мемлекеттік басқару құзыреттерінің бөлінуі және тағы басқа да бірқатар өзекті мәселені көтерді. Мәжіліс Төрағасы отырыста депутаттардың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасаудың жаңа фор­матына көшіп жатқанын атап өтті. – Жуырда өткен Мәжілістің жалпы оты­рысында қаңтар оқиғасының тергелу барысы жөнінде құқық қорғау органдары басшылары­ның есебі тыңдалды. Оған Мемлекет басшысы оң баға берді. Сондықтан мұндай форматтағы жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек, – деді Ерлан Қошанов. Палата Спикері ақпандағы өңірлерге жа­салған сапарлардың қорытындысы бойынша депутаттар мыңнан астам түйткілді мәселелерді топтастырғанына мән берді. Осы мәселе бо­йын­ша жуық арада Премьер-Министрдің орынбасары және Үкімет мүшелерінің қатысуы­мен Мәжілістің жалпы отырысы өтетінін, онда қабылданып жатқан шаралар бойынша есеп тыңдалатынын атап өтті.