Еділ Құсайынов: Катонқарағайға көшіп келсем деймін
Еділ Құсайынов: Катонқарағайға көшіп келсем деймін
734
оқылды
Белгілі этномузыкант Еділ Құсайынов қазір Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында сабақ беріп жүр. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында түбі бір түркі жұртының алтын бесігі саналатын Алтайда шәкірт тәрбиелеуді қолға алған өнер иесімен аз-кем сұхбат құрған едік. – Еділ аға, үлкен қаланы тас­тап Алтайға, ауылға келуіңізге не себеп болды? – Бұл – өте қызық тарих. Ка­тонқарағайға бұрын ара-тұра туыс­тарыма, пантыға түсуге, де­малуға келіп жүретінмін. Мен бұл өңірдің тумасы емеспін. Әкем – Оралдікі, өзім Алматыда дүниеге келгем. Көне аспаптарды біршама меңгерген адаммын. Әсіресе, көмей өнерін Қазақ­стан­да дәріптеушілердің бірімін. Қазақтың тарихы көне аспап­тардан басталады. Аспаптардан бұрын әуен пайда болған. Мә­селен, Алтын адамның үні қан­дай болған? Алтын адам туралы көп айтамыз. Бірақ Алтын адам­ның қандай аспап қолданғаны, қандай үнмен шыққаны туралы ешкім айтпайды. Біле білсек, көмей өнері сақтардан баста­лады. Шаңқобыз бен сыбыз­ғы­ның Ота­ны – осы Алтай. Оған дәлел төрт мемлекеттің аума­ғын­дағы Алтайды жайлаған қазақ­тарда көмей өнері жақсы да­мыған. Бәрінде шаңқобыз бар, бәрінде сыбызғы бар. Айтпақшы, белгілі сыбызғышы Шанақ Ау­ғанбаев­тың Катонқарағайдың тумасы екенін осы жаққа кел­генде біл­дім. Таңғалдым. «Эври­ка» дедім. Таңғалғаным, ол кісіні бұрыннан білетінмін, бірақ Ка­тонқарағайда сыбызғы өнері бол­ды деп ойла­маған едім. Сөйтсем, Катон­қа­рағай сыбыз­ғының Отаны екен. Қадыр аға­мыз айтады ғой: «На­ғыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп. Катонқарағайда бұл сөз жүр­мейді. Алтайлықтар, оның ішінде катондықтар үшін нағыз қазақ – сыбызғы. Бірді ай­тып, бір­ге кеттім бе? Енді Ка­тонға қа­лай келгенімді айтайын. – Соны айтыңызшы, маған да сол қызық болып тұр. – Былай болды, бірде Ал­ма­тыда қазір Катонқарағайды да­мыту қорының атқарушы дирек­торы болып жүрген Серік Жү­ні­сов деген жігітпен кездестім. «Еділ аға, сіз «Өр Алтай, жерім-ай, са­ғын­дым елім-ай» деп кө­мей­мен ән саласыз. Алтайды көп айтасыз. Сіз осы Катондікі емес­сіз бе?», – деді. Содан не керек, әңгімеден әң­гіме шығып, мені Ал­тайға, Ка­тонқарағайға ша­қыр­­ды. Шы­ным­ды айтайын, қат­ты қуандым. Қа­зақ мұндайды «Ізде­генге – сұ­ра­ған» деуші ме еді. Әуел­де бір-екі рет қонақ ре­тінде келіп қайттым. Өткен жыл­дың қазан айынан бас­тап жұ­мыс­қа кірістім. Катон­қарағай ауы­лын­дағы Ластаев мектебі мен музы­калық мек­теп­те, Үлкен На­рын­да­ғы музыкалық мектепте, Өрел ауылындағы мек­­тепте, Ұлан ауда­нындағы му­зыка мек­тебінде сабақ беремін. – Қай сыныптарға сабақ бе­ріп жүрсіз? – 5-сыныптан 8-сыныптарға дейін. Оқушылардың ынтасы, талабы жақсы. Бұрын көрмеген, қолына ұстамаған аспаптары ғой. – Оқушыларға қандай ас­паптарды үйретіп жатырсыз? – Жетіген, сазсырнай, шаң­қобыз, сыбызғы. Бұған қосым­ша дабыл секілді ұрмалы аспап­тарды да үйретіп жатырмын. Сабаққа қа­жетті аспаптарды Катонқа­ра­ғайды дамыту қоры алып берді.  – Алдағы жоспарыңыз қан­дай? Алтайға түбегейлі орнығу ойда жоқ па? – Бұйырса, алдағы айда шә­кірттеріммен шағын концерт берсем деген жоспарым бар. Сіз­ге айтайын, ең үлкен жос­па­рым – Катонға көшіп келіп, түбегейлі орнығу. Жүрек, көңіл бәрі Алтай деп соғып тұр қазір. Жолдастарым да, таныстарым да көбейді. Скандинавиялық жү­ріс­­тен секция аштым. Мені осын­да шақырған қордың жі­гіттері «жағ­дайыңызды жасай­мыз, үй салып береміз» деп отыр. Неге көшіп келмеске, білгенімді неге үйрет­песке? – Еділ аға, сөз соңында мына дүниені сұрағым келіп отыр. Сіздің көмейдегі дауысыңыз ең алғаш осы Катон топырағында шыққаны рас па? – Рас, 1995 жылы Катон­қа­рағайдың Өрел ауылына жолым түсті. Старшинаевтар отбасын­да болып, олар Аққайнар ауы­лына, Қазанғап батырдың ба­сына алып барды мені. Құран бағыштадық, қол жайдық. Бір қызығы, Өрелде жүргенімде алғаш рет көмейден дауысым шықты. «Өр Алтай, же­рім-ай, ағыл­дым елім-ай...» деп ән­дет­тім. Көмейімнен құйылып түс­кендей болды. Оған дейін кө­меймен айтуды үйретті ғой. Бі­рақ дыбыс шықпай жүретін. Ма­ған Алтай, оның сұлу таби­ғаты көмектесті деуге болады. Тәңір­дің өзі қолдап-қуаттады. – Әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Шығыс Қазақстан облысы