Жерлеу рәсіміндегі жемқорлық
Жерлеу рәсіміндегі жемқорлық
326
оқылды
Адам өлімінен пайда табатындар туралы бұрында­ры еститінбіз. Алматы қаласында «жедел жәрдем­де­гілер»  мен учаскелік инспекторлар үйлерінде көз жұм­ған­дар туралы, ауруханадағылар ем қабылдау барысында көз жұм­ғандар, мәйітханадағылар өз­деріне жеткізілген мәйіт­тер жайлы жерлеу рәсі­мі­мен айналысатын­дар­ды шұғыл хабарлан­ды­рып, кейін марқұмдарды жер қойнына беруді ұйым­дастыру барысында түскен қар­жы­дан үлес алатыны жөнінде бірнеше рет мәселе көте­рілген еді. Сөйтсек, Жетісу жерінде де біреудің қайғы­сынан тиын-тебен тауып қалғысы келетіндер жетерлік болып шықты. Биз­нестің бір түрі болып қалыптасқан саланың да өзіндік қал­тарыс-бұлтарыс­тары, көлеңкелі тұстары бар­шы­лық екен. Қолынан қаламы түспейтін, қашан көрсең, елдің арыз-мұ­ңын тыңдап, шешімін күткен проб­лемаларды жоғарыға жет­кі­зуге асығатын белгілі жур­на­лист, соңғы жылдары жеке кәсіп­кер ретінде тіркеліп, жер­лес­теріне қайтыс болған жа­қын-жуықтарын жерлеуге жәр­дем­десіп жүрген  Сандуғаш Дүйсенованың бастамасымен «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп,  осы салада бақылау-тексеру жүргізген Сыбайлас жемқор­лық­­қа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің Алматы облысы бойынша департаменті біраз сұмдықтың бетін ашыпты. Анықталған жайт­тарды жұртшылыққа жет­кізу мақсатында журна­листерге жолығу мақсатында «Өлімнен соңғы жемқорлық» тақыры­бын­дағы брифингке келген тиісті тұлғалардың  анықтауын­ша, жыл сайын Жетісу жерінде 13 мыңнан астам адам түрлі себеппен о дүниелік болады. Осындай қайғылы жағдайға қатысты деректердің әрқай­сы­сы бойынша жерлеу рәсімімен айналысатын коммерсанттар арасында талас-тартыс болып келген. Олар марқұмдар­ды жер қойнына барлық талап­қа сай тапсыру қызметін көрсету арқылы пайда табу үшін түрлі айла-шарғыға барады екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша де­пар­таменті басшысының бі­рін­ші орынбасары Жандос Жұ­мабаев аталған қызмет көр­сету бағытын­да жылдар бойы қа­лыптасқан жемқор­лық­тың тамы­рын терең­ге жайып үлгер­генін, сондықтан бұл мәселені республикалық дең­гейде шешу керегін айтады.
– Қазіргі кезде өңірде қан­ша жерлеу бюросы бар екенін тап басып айту қиын. Тек Алма­ты қаласында ғана тура осын­дай тірлікпен айналыса­тын үш жүзден астам жеке кәсіпкерлік тіркелген. Олардың басым бө­лі­гі өз қызметін адал атқар­май­ды. Салық төлемейді. Мем­ле­кеттік кірістер департа­мен­тінің деректері бойынша, біздің облыста 34 жеке кәсіпкерлік пен үш ЖШС аталған бағытта жария түрде жұмыс істейді. Ал жасы­рын қызмет көрсететін­дерді анықтау оңай емес.  Алда­ғы кезде олардың халыққа көр­­сететін қызметі заң ая­­сын­да атқаруын қатаң бақы­лауға алып, талап қоятын бола­мыз, – дейді Жандос Сағын­дық­ұлы.
Жерлеу рәсімі бойынша қызмет көрсететін жеке кәсіп­кер Евгений Мельников жұмы­сын жасырын жүргізетін жерлеу кеңселері әрбір адамның кез келген қорымда тегін орын алу құқы бар екенін жасырып, қайғы жұтқан жандардан жер үшін де ақша алуды әдетке айналдырған. Сонымен бірге мәйіт­ті жерлеуге қатысты қара­пайым  қызметі үшін баға­ны да асыра айтады. «Он­дай шек­тен шыққандарға мәйітха­на­лардағы, полиция­дағы, «же­дел жәрдем» мен аурухана­дағы сыбайластары көмекте­седі. Солардың арқасында ақпарат­ты бірінші алады да, дереу «іске» кіріседі. Ауруханада жатып қайтыс болған адам туралы бірінші болып жақын­дары емес,  жерлеу рәсімін көрсететіндер естіп,  ештеңеден хабары жоқ туыс­тарының үйіне барып, қыз­мет­терін ұсыну арқылы олар­дың  төбелерінен жай түскендей болған жағдай­лар да тіркелді. Көз жұмған  жанның отбасына оның қайтыс  болғаны туралы куәліктің дер кезінде берілмеуі де жиі кезде­се­тін проблема» деп ашынады жеке кәсіпкер. Сарапшылар мен мамандар осы салада қайтыс болған жан туралы ақпаратты жеткізуден басталып, қорымдағы орынды сатумен жалғасып,  марқұмдар жайлы мәліметтерді саудалауға дейін жалғасатын бірқатар сыбайлас жемқорлық жолда­рын анықтапты. Күтпеген қаза­ға душар болып, қайғыға бат­қан­дардың марқұмды ақтық сапар­ға дұрыстап аттандыруға қатысты  жұмыстарды тезірек атқаруға тырысатындары да алаяқтарға емін-еркін қимыл­дап, ойына келген бағаны айту­ла­рына жол ашады.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы.