Автобарымта алқымнан алып тұр
Автобарымта алқымнан алып тұр
© коллаж: Елдар Қаба
385
оқылды
Соңғы жылдары ел нары­ғында ұрланған автокөлік­тер­дің көбейіп бара жатқаны жай­лы жиі айтылды. Негізсіз әңгіме дей алмаймыз, ресми деректердің өзі бәрін растап отыр. Қолды болған көлік өте көп, басым бөлігі сол күйі та­былмай кетеді. Ал құзырлы ор­гандар дәрменсіз отыр­ған­дай. Заңсыз бизнестің көзі са­налатын көлік ұрлығы жа­қын арада тоқтайды деу қиын. Енді мәселе қалай шешілмек, сарапшылар не айтады? Алдымен есепке жүгінсек. Ішкі істер органдарының ресми дерегі бойынша, елімізде 1993 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта 75 мың көлік қолды болған. Оның 40 мыңы соңғы 15 жылдың еншісінде. Ал 2017-2020 жылдары 5,5 мың авто­көлік ұрланыпты. Қызығы сол, осы 5,5 мың темір тұлпардың 2 мыңы ғана табылып, иелеріне қайта­рыл­ған. Яғни, жалпы ұрлықтың 37 па­йызы ғана ашылған. Басым бөлігі, яғни 63 пайызы сол күйі із-түзсіз кеткен. Былтыр да ұрлық аз болма­ды. Әсіресе, автобарымта Алматы қаласында қызған. Мәселен, был­тыр шаһарда бар болғаны 6 айдың ішінде 106 көлік ұрланыпты.

Одақ оңдырмады

Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі көлік ұрлығы кең тараған, сол қылмысқа оңтайлы аймағына айналып үлгерді. Осында «Егіз машиналар» деген ұғым қа­лыптасты. Мәселен, біреу жаңа кө­­ліктің шанағындағы сериялық нөмірін көшіріп алады. Кейін дәл сол маркадағы, дәл сол түстегі ұр­ланған машинаға баса салады. Міне, белең алған схема. Бір елде бір сериялық нөмірмен осы тәрізді екі көлік жүруі мүмкін. Мұндай көліктер қазір ішкі нарықта да, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде де оңай сатыла береді. Ал көліктің заңды иесінің құқығы тапталып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Былтыр Парламент Мәжілісінің қабырғасында осы мә­селе айтылған болатын. Депутаттар сол кезде елімізде ұрланған көлік­тердің барлығы жоғарыда айтқан «егіз машиналар» әдісімен ТМД елдеріне сатылып жатқанын сөз етті. Шекара ашық, мүмкіндікті пай­даланып ұрлықшылар бір елден келесі елге көліктерді сапыры­лыс­тырып жөнелтеді. Бірақ құзырлы органдар қылмысты ашып, өзге ел­де жүрген автокөлікті тапқаны­мен, оны өзімізге қайтару қиын екенін айтқан. Бұл процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мысалы, ТМД-ның өзге мемлекеттерінде 2005 жылдан бері ұрланған 200-ден астам ғана қазақстандық көлік әрең табылған. Оның тек 30 пайызы қайтарылыпты. Сол жиыннан кейін Парламент «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қай­таруды қамтамасыз етудегі ынты­мақ­тастығы туралы келісімге» өз­ге­рістер енгізетін хаттаманы рати­фикациялады. Хаттамаға Қазақ­стан, Ресей, Тәжікстан, Молдова, Беларусь және Қырғыз Респуб­ли­касы қол қойған. Содан соң Ішкі істер министрлігі халықаралық құ­жат ұрланған көліктердің сауда­сына тосқауыл қоятынын жария етті. Алайда шаруа мұнымен тынған жоқ, құжат сұғанағы бар қолдарға қолбайлау болмапты. Себебі хат­та­ма ұрланған автокөліктердің шын иелерінің құқығын қорғап, көлікті қайтарып беруге ғана бағытталған. Ал әр көліктің бөлшектерінен құ­растырылған «франкенштейн», конс­труктор-көліктер, кепілде тұр­ған, тұтқынға қойылған не иелері қайтыс болған автокөліктердің ай­налымына қатысты мәселелер шешілмеген. Ол аздай, заңда да бі­раз олқылықтың шеті көрінеді. Те­мір тұлпардың көрші елдерде есеп­ке қойылғаны заң жүзінде таза екенін білдірмейді. Ішкі істер ми­нистрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі «Жол жүрісі қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарт­тарын бекіту туралы» №341 бұй­рығына өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізілгелі бері отандық нарық­та криминалды тарихы бар автомо­бильдер қаптаған. Яғни, 2018 жыл­ғы 25 мамырдан бастап автокөлікті есептен шығарғанда немесе қайта­дан есепке қойғаннан кейін нөмір­лік агрегат тексерілмейтін болды. Ешкім тексермейді, осылай бәріне жолды ашып бердік. Енді осы тақырып төңірегіндегі тағы бір проблеманың шеті шығып тұр. Таяуда Vesti.ua басылымы кей­бір ресейлік сарбаздар Украинаның өз бақылауына алған аймақтарын­дағы автокөліктерді Ресейге айдап кетіп жатқанын жазды. Украинаның жергілікті басқару органдары ре­сейліктер тартып алған автокөліктер тізімін жариялап жатқан көрінеді. Ал бізге қандай қауіп бар? Осылай қолды болған темір тұлпарлардың кейбірі ертеңгі күні еліміздің на­рығына келе қалса, таңғалмаймыз. Шекарадан көрінген көк аттының оңай өтетінін онсыз да білеміз. Осы тұста шекарадағы тексерісті де кү­шейткен жөн тәрізді. Себебі елі­міздің шекара аумағында жекелеген адамдарды тексеру процесі жақсы жетілген. Алайда көліктер оңай өте­ді. Әр көліктің сериялық нөмірін тексеріп, тарихын зерделейтін ар­на­йы жүйе қаралмаған. Ұрланған көліктер жайлы мәліметтер базасы шекарашыларда болмайды. Соның кесірінен ұрланған көлік елден-елге еркін шарлап жүр.

Айланың алдын алар амал жоқ па?

Кез келген автокөліктің 17 белгіден тұратын VIN коды болады. Темір тұлпардың толық дерегі сол арқылы ашылады. Ұрылар үшін осы код оңтайлы тұс болып тұр. Деректі қолға түсіру арқылы қалағанын іс­тейді. Көбіне ел арасынан көлік ұр­лаушылар қылмысын тікелей по­лиция қызметкерлерімен ұйым­дасып іске асыратыны туралы көп естиміз. Жоққа шығаруға болмас. Өйткені жаңағы айтқан көліктердің сериялық нөмірлер базасы тек ішкі істер органдарының базасында тұрады. Ал оны кім таратқанын білу шынында да қызық. Енді біз айтып отырған көлік ұрлығы да осы VIN код арқылы шешілер еді. Мысалы, автосарапшылар қоғамдастығы мы­надай ұсыныс айтып жүр: Қазақ­станда тіркеуге қойылған автомо­бильдердің VIN кодтарының ортақ деректер базасын жалпыға немесе сарапшыларға заңды түрде қолже­тімді ету қажет. Қазір елде бірінші рет тіркеуге қойылғанда ғана код тек­серіледі. Одан кейін не болып жат­қаны беймәлім. Көлік иесі өз бе­тінше тексере алмайды, сатып ал­ған адам да жағдайды білмейді. Сон­дықтан осындай ұрланған кө­ліктер қаптап жүруі мүмкін. Сарап­шылар әр 5 мың көліктің орта есеп­пен 100-і (2 пайызы) бұрын қол­ды болғанын айтады. Авто­са­рапшы Еркебұлан Сағындықов та кодтарды қолжетімді қылмаса, проб­лема «баяғы жартас» күйінде қала берерін айтып отыр. – Билік органдары мүдделі тұл­ғаларға елдегі көліктердің VIN код­тарын заңды түрде дерек ретінде қол­жетімді еткені абзал. Сонда кез келген сатып алатын автомобильдің тарихы ашылады. Шанақтың нөмі­рі бойынша машина туралы мол ақпарат жинаған соң бәрі қауіпсіз жүзеге асады. Сатып алушы әуре­лен­бейді, соңы дауға ұласпайды. VIN кодтарға қатысты сұралатын ақпаратты ашық ету арқасында қа­зақстандық нарықтан криминалды және ұрланған автомобильдерді ысырып шығаруға жол ашылады. Көлік тарихы дұрыс емес екенін біле тұра тездетіп сатып, құтылуға тырысатын алыпсатарлардың жолы кесіледі. Соның арқасында қандай да бір көліктің тарихы жөнді емесін білген адам лезде ішкі істер орган­дарына хабарлайды, – дейді маман. Иә, осы амал арқылы құқық қор­ғаушылардың да жұмысы жеңіл­дегендей болар еді. Әзірге кодтар­дың базасы ашық емес. Бірақ көлік ұрлағандарды ұстаған күннің өзінде жаза да тым жеңіл секілді. Қыл­мыс­тық кодекстің 200-бабында авто­көлікті заңсыз айдап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарас­тырылған. Бұл баптың 1-тармағы бойынша қылмыскерді 2 жылға дейін ғана жазаға тартуға болады екен. Ал 188-бап бойынша өзгенің мүлкін ұрлау болып саналса, 2 жыл­дан 7 жылға дейін бас бостан­дығы шектеліп немесе сотталады.

ТҮЙІН:

Автомобиль ұрлығы – заңсыз қыруар ақ­ша­ның көзі болып тұрғаны сөзсіз. Кө­лік жайлы мәліметтер базасы қол­же­тімсіз дейміз, бірақ ұрлық ететін­дер­ге оны білу қиын емес сыңайлы. Яғни, көліктердің табылмауына ішкі іс­тер органдары жұмысының шикілігі мен тым баяу болуы да себепші. Ал ұрланған, сол күйі табылмаған мың­даған көліктің иесі мүлкінің ақысын кімнен сұрайды?