Үйленгенімізге, бір бірімізге үйренгенімізге екі жылдан асқанда, түнгі төртте келіншегім бақайшағына дейін қаруланып, тұтқиылдан шабуыл жасағаны! Соғыс басталды. Маған деген көңілі тоқырап, шашы деген қобырап, сұр жыландай атылып, сөз сөйледі қатырып: – Самат! Неге қорылдай бересің? Бөлек жатшы! – деп қояды ояна кетсем. Оқты көзімен атып жатыр, атып жатыр. Жараланып қалдым. Бірақ, мен де қарап жатпай, сөз снайпермен қақ маңдайынан атып салдым. Ол «Высотаны» тастай қашты! Төркін деген штабына. Генерал енеме. Екі күн өтті, келмеді, үш күн өтті, келмеді, Бір ай өтті, баламды сағына бастадым! Бітімгершілікке аға – жеңгемді жұмсадым. Кеше СМС хат жібергенмін, артыша енемнен НОТА келді. Қызы да вацапқа жазып жіберіпті. Еркек болып, құшақтамайды екенмін. Жұмыстан келе сала, тамақ ішіп болған соң, қорылдайды екенмін. Иіскемейді екенмін. «Жаныым!» демейтін көрінемін. Айлығым аз, бай баласы болмай шығыппын. Бөлек шықсақ та, өз үйіміз жоқ екен. Құшақтамау деген ажырасуға сылтау ма? Енеммен қоса құшақтауға пейілмін ғой! «Адам болып кетейікші» деп, екі жерде жұмыс істеймін. Үйге шаршап келемін. Өмірімде, ешкімді иіскеп көрмеппін. «Бір жері тесік емес пе?» – деп газ баллонды иіскейтінім болмаса... Миллионердің баласы болмағаныма мен кінәлімін бе? Әкем ғой, адал жұмыс істеген. Жұрт сияқты мемлекеттен жымқырмайды ма? Аға–жеңгем қайтып келді. Көп нәрсені айтып келді. Сосын, барлаушы шешем барып, шырылдады, енем ит сияқты ырылдады. Кеше келіншегіммен онлайн сөйлестім. «Соғысты тоқтатайық, мен жеңіле салайын, Пленге түстім!» – дедім. Ол вацапта бомба жарды. Ракета, танк, зеңбірек, автоматтың смайліктерін жіберді. Мен керісінше, күннің, жалаудың, қол қысысқанның, еріннің, жүректің смайліктерін жіберіп едім, ол жылаған смайлігін салып жіберіпті. Көнер емес. Соғыс әлі аяқталмапты. Мен оның авадағы суретіне қарап жатып, көзіме жас келді. Біз сияқты жастар болмайтын нәрсеге бола ажырасып жатады. «Баламды тірі жетім еткім келмейді!»–деп, жалдамалы пәтерде тыпыршып жаттым. Жоқ, еркек жыламайды! Маған одақтас бір келіншекті танитын едім, ертең оның «махаббат базасын» жүрегіме жақын орналастырамын! Әлде, әйеліммен тағы да диалог жүргізіп көрейін бе? Қалай ойлайсыздар?
Мұхтар ШЕРІМ