Медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтеді
Медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтеді
286
оқылды
«АМАNАТ» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лы жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері бойынша өңірлік Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде республикалық және өңірлік сай­лауалды бағдарламаны орындауға арналған Жол картасының бірнеше бағыты бойынша мәселелер талқыланды. Сондай-ақ партияның ШҚОФ жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңірімізде медициналық мекемелер мен дәріханалар желісінің дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шалғай ауылдардағы медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізу партияның сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасында нақты көрсетілген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Қо­ғамдық кеңестің отырысына қатысқан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы былай деп жауап берді. «2022 жылғы жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 7 жоба бойынша 214 453,3 мың теңге сомасында қаражат бөлінді. Аягөз ауданының Суықбұлақ кентіндегі және Баршатас ауы­лын­дағы, Жарма ауданының Шар қаласындағы, Күршім ауданының Теректібұлақ және Сарыөлең ауылдарындағы, Тарбағатай ауда­нын­дағы, Катонқарағай ауданының Қызыл-Жұлдыз, Ақмарал, Өрнек ауылдарындағы медициналық пункт ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар әзірленіп, кон­курстық процедуралар өткізіліп жатыр», – деді Денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина.