Даудың басы – допинг: сыйақының сұрауы бар ма?
Даудың басы – допинг: сыйақының сұрауы бар ма?
372
оқылды
Олимпиадаларда көк байрағымызды желбіретіп, алтын алған кейбір қазақстандық спортшылардың басы допинг дауынан арылмады. Ақыры Қазақстан осыған дейінгі олимпиадаларда ауыр атлетикадан жеңіп ал­ған бес алтынынан айырылды. Енді қоғам мүшелері допингпен ұстал­ған спортшылардың мемлекеттен алған сыйақысы мен мүлкін қайтарып алуды сұрап отыр.

Азып-тозған ауыр атлетика

Допинг дауларынан кейін Қазақстан спортының абыройы төгіліп жатқаны шын. Әсіресе, ауыр атлетиканың. «Неге тап осы спорт түрі допинг дауына іліге береді?» деген сауал көпті мазалайды. Шамасы, шикіліктің болғаны. Қазақстан ауыр атлетикасының ертеңі тұманданып тұр. Олимпиада алтынын көбіне осы спорт түрінен алатын едік. Мақтандық, спортшылардың атағы жер жарды. Таяуда ғана Спорттық арбитраж соты қазақстандық тағы бір ауыр атлет Нижат Рахимовтің допинг мәселесіне қатысты ісін қарап, Рио олимпиадасындағы алтын медалін қай­тарып алу туралы шешім шы­ғар­ды. Атлет 8 жылға спорттан шет­тетілді. Көбі таңырқағаны рас. Біздің ойымызша, таңырқайтын ештеңе жоқ. Себебі Рахимов бұған дейін де допинг дауына ілінді. IWF Рахимовті «рұқсат етілмеген препарат қолданды» деп айыптап, 2013 жылдың маусымынан 2015 жыл­дың маусымына дейін жа- рыстардан шеттеткен. 2014 жылы Рахимов Әзербайжан ауыр атлетика құрамасының бапкерлерімен жанжалдасып, Қазақстан азаматтығын алды. 2016 жылы Рио алтынын алған кезден-ақ күмән болған. Оған дейін IWF шешімімен Олимпиада чемпионы болған Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Бәрінің алтыны кері қайтарылды. Бірақ осы спортшылардың несі кетті? Бәрі кезінде мемлекеттен мол сыйақы мен пәтер алған. Құнын қосатын болсаңыз 2 млн долларға жуықтайды. Бапкерлерге берілген сыйақыны қосатын болсақ бұл сома 3 миллионға көбейеді екен. Бюджеттен берілген қаражат қарапайым халық төлеген салық есебінен бөлінді. Қазақстан Үкіметі олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиадада алтын алғандарға – үш бөлмелі, күміс алғандарға – екі бөлмелі, қола алғандарға бір бөлмелі пәтер берген. Бұдан бөлек, олимпиада мен паралимпиадада алтын алғандарға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындаған. Енді ақшаның қайтарымын сұрау орынсыз әрекет дей алмаймыз. Өйткені осыған дейін до- пингпен ұсталғандардың ешқайсысы мемлекетке сыйақыны қайтарған жоқ. Керісінше, Мәдениет және спорт министрлігі «шикілігі бар» спортшыларды жақтаумен келді.

Ақталатын жөніміз жоқ

Соңғы даудан кейін қазақстандық спортшылар, Спорт комитеті және өзге лауазымды тұлғалар бұл әрекетке қатысты уәж айтып, ақталып әлек. Олар халықаралық олимпиада комитетінің бұл қадамын «саяси» деп бағалаған. Спорттық төрелік сотының допингке қарсы департаменті шығарған шешіміне қарсы шыққан Нижат Рахимов апелляциялық шағым түсіруге мүдделі екенін жариялады. Ауыр атлетика федерациясы да допингтің кез келген көрінісіне қарсы екенін айтып, Нижат Рахимовқа қолдау көрсетуге дайын отыр. Әйткенмен шешім өзгеріссіз қалатындай. Бір емес, бірнеше мәрте допинг анықталды, енді сену қиын. Мәселен, Халықаралық тексерістерді есептемеген күннің өзінде, еліміздегі Ұлттық допингке қарсы орталық 2013-2020 жылдар аралығында 344 спортшымыздың допинг қолданғанын анықтаған. Біз тек бергісін білеміз, соңғы 5 жылдықта 40-тан астам қазақстандық ауыр атлет сынамадан сүрінген екен. Яғни, ақталатындай жөн іздеп, «саяси астары бар» деп бағалаудың қажеті жоқтай. – Біріншіден, неге 6 жылдан кейін ғана допинг еккені анықталады дерсіз. Өйткені тексеріс мерзімі – 10 жыл. Әуелде күмәнді көрсеткіш болып, спортшыға ескертілген болуы мүмкін. Сондықтан 10 жыл өтпейінше күмәнді тексерістер бола береді. Саяси астар іздемеймін. Екіншіден, осыған дейін ұсталған қазақстандық ауыр атлеттердің бірі де «таза» екенін дәлелдеп бермеді. Яғни, ауыр атлетика федерациясының пікірі ақталу ғана. Үшіншіден, 2015 жылға дейін Олимпиадада ауыр атлеттер тұтынатын препараттар қатты тексерілген жоқ. Кейін ғана қарқын алды. Төртіншіден, қазақстандық спортшылар ғана емес, Қытай, Түркия, Болгария, Ресей секілді бірнеше елдің спортшылары ұсталды. Тіпті, допингтік қоспаның әсерін күшті етіп дайындап келген мамандар да әшкере болған, – дейді спорт сарапшысы Бек Төлеу. Тағы бір дәйек, ауыр атлет, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл да ұлттық құ­ра­ма­да допингке қатысты шикіліктердің көп екенін айтқан. «Допингтің өз мөлшері болады. Біреу аз, енді бір атлет көп ішеді. Құрамада өздеріне ұнамаған, қолайлы емес спортшыларды қасақана ұстатып жіберген жағдайлар көп болды. Қаласа, Халықаралық лабораториямен де келісіп құрта алады» деген еді спортшы былтыр берген сұхбаттарының бірінде.

Кеш қабылданған заңның қауқарсыздығы

Жұрт талап етіп жатқандай, жүлдесінен айырылған спортшылардың мемлекеттен алған сыйақысы мен мүлкін кері қайтарып алатын заң елімізде өте кеш қабылданды. Әлем елдерінде бар тәжірибені алдын ала ескермеген біздегілер шамасы допинг дауынан алшақ жүреміз деп сенсе керек. 2019 жылдың қыркүйегінде Мәжіліс депутаттары «Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Оған не әсер етті? 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 және 2012 жылғы олимпиада ойындарында алынған допинг сынамаларын қайта тексерген кезде он шақты қазақстандық спортшының анализінен рұқсат етілмеген препарат тапты. Сол жылдары дәл осы кездегідей Қазақстан допинг дауына ілінген сәтте жанкүйерлер биліктен олимпиада жүлдегерлеріне берілген ақшалай сыйақыны және пәтерлерді қайтарып алуды талап еткен еді. Үкімет осы шудан кейін ғана заңды күшейтетінін мәлімдеген. Кейін Парламент мақұлдаған заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды. Сөйтіп, спортшының допинг қолданғаны белгілі болса, мемлекеттен алған сыйлығын қайтарып беретін болды. [caption id="attachment_189346" align="alignleft" width="1200"]допинг © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Аталған заң Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге көмектеспек еді. Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы өзгерістер мен толықтырулар енеді. Тікелей қатысты да, жанама себепкер де жазасыз қалмайды. Спортшыға допинг тағайындағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Заң жобасында допинг қолданғаны үшін дисквалификация, спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару тәрізді жазалар бар. Сыйға берілетін тұрғын үйдің тағдырына қатысты да тармақ бар. Заң бойынша Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жылға жалға берілетін үй мерзімі аяқталғанда ғана спортшының меншігіне өтеді. Өйткені допинг сынама нәтижесін сақтау мерзімі – 10 жыл. Егер сынамада спортшының «таза» екені анықталса, нәтиже белгілі мерзім ішінде сақталса, абырой да, сый да спортшының иелігінде қалады.

Бұрынғылардай Рахимов те қаржыны қайтармай ма?

Дегенмен допингпен ұсталған спортшылардың мемлекеттен алған сыйақысы мен мүлкін қайтаруға бұл заңның күші әзірге жете қоймайтындай. Иә, заң 2019 жылдың соңында қабылданды. Оның алдында ұсталғандар оңай сытылды. Енді соңғы әшкере болған ауыр атлет Ниджат Рахимов сыйақыны қайтара ма? Біз Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт комитетіне хабарластық. Комитет өкілдері «спортшының алған қаржысы мен сыйақысын қай­тару мәселесін заңгерлер тал­қылап жатыр, әзірге нақты ақпарат айта алмаймыз» деп жауап берді. Ал біздің болжауымыз бойынша, бұрынғылардың ізін жалғап, Рахимов те мемлекетке сыйақыны қай­тармай оңай құтылуы мүмкін. Неге дерсіз? Өйткені спортшының әуел баста Спорт комитетімен келісімшартқа отырғанда қандай тармақтар бойынша келісім жасасқанын білмейміз. Заңгер, адвокат Мейірман Шәкеев «келісімшарттың түпнұсқасын көрмей бірнәрсе, айту қиын» дейді. – Рахимов Рио олимпиадасының алтынын 2016 жылы алған. Спорт комитетімен оның алдында келісім жасасқаны анық. Онда не көрсетілгенін білмейміз, сондықтан нақты бірнәрсе айту мүмкін емес. Құжатта спортшының жарыстарда жеңімпаз атанғаны үшін қанша қаржы алатыны, осын­дай келеңсіз жағдайларда не іс­теу қажеті көрсетіледі. Мемлекетке сыйақыны қайтару жайлы заң 2019 жылдың соңында қабылданды, ал ол келісімшартқа одан бірнеше жыл бұрын отырған. Құжатта мұндай шара қаралмаған болуы мүмкін. Міне, осындай қайшылықтар көп, – дейді маман. Қорыта айтқанда, допинг дауы спорттағы біраз былықтың шетін көрсетіп тұрғандай. Спортшылар шыңға шығу мен құлаудың арасы бір сәт екенін түсінсе керек. Енді алтын алып, топ жарған спортшыларға күмәнмен қарайтын болдық. Ары қарай мұндай әрекет болмаса игі. Заң да осалдық көрсетпей, мемлекеттен «негізсіз» сыйақы алған спортшыларды еркіне жіберіп қоймаса екен.