ҰБТ: Білім министрі енді әкімдіктер өңірдің орташа ұпайын әртүрлі тәсілмен көбейте алмайтынын айтты
ҰБТ: Білім министрі енді әкімдіктер өңірдің орташа ұпайын әртүрлі тәсілмен көбейте алмайтынын айтты
Фото: aikyn.kz
460
оқылды

Осыдан бірнеше жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін жасауға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ мектептер оқушыларды ҰБТ-ға тіркеу және өтініштер жинау міндетінен босатылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Мұның бірнеше себебі бар. Оның ішінде, мектеп басшыларының 10-11 сынып оқушыларын тест сұрақтары бойынша басқа пәндерге зиянын тигізе отырып, жасанды түрде тартуға шектен тыс ұмтылысы, өтініштерді жинауда мұғалімдерге қосымша жүктеме. Сонымен қатар үлгерімі нашар оқушыларды ҰБТ-ға қатысудан шеттету, әкімдіктердің өңірдің орташа ұпайын әртүрлі тәсілмен көбейтуге тырысуы және т.б. Бұл ретте ҰБТ-ның орташа балының өзі диагностикалық функцияны орындай алмады. Тек орташа балды білу пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етілуді ғана білдірмейді» деген министр жаңа тәртіптің пайдасы көп екенін айтты. Ал егер тақырыптар мен пәндер бойынша талдау болса, бұл тың шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. «Қазір қабылданған шешім өз рөлін атқарғанын, педагогтер мен мектептерге түсетін жүктемені азайтқанын көріп отырмыз. Яғни оқушылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш берді. Оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест арқылы ғана дайындау және әкімдіктердің облыс рейтингіне ықпал ету әрекеттері тоқтатылды. Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығардық. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде пилоттық режимде енгіздік», – деді министр. Сондықтан енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасалмақ. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады. Бұл қатемен жұмыс істеп, білім сапасын арттыру үшін нақты шешім қабылдауға септігін тигізеді.