Жайылымға апаратын жол ашылды
Жайылымға апаратын жол ашылды
460
оқылды
Халық пен билік арасын жа­қындату мақсатында «AMANAT» партиясының Ақ­мола облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлме­сінде жергілікті атқарушы би­лік өкілдерінің кесте бойынша қабылдауы өтеді. Облыс әкімінің ауыл шаруа­шылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіха­лық­овтың қабылдауына жазылған­дардардың қарасы көп болды. Олар негізінен жайылым жер, мал дәрігерінің төмен жалақысы, пай мәселесі бойынша өздерін толған­дырған сұрақтарымен келді. Жайылым жердің тапшылығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне ай­налып отыр. Мәселен, тұрғын­да­рының көбі мал шаруашылы­ғы­мен айналысатын Зеренді ау­да­нына қарасты Садовое ауылының тұрғындары жайылым жер мәселе­сін шешіп беруді өтінді. Қабылдау­ға келгендердің барлығы дерлік кемі 40-50 бас қара мал ұстайды. Өз отбасын өздері асырап отырған шаруалар егінмен айналысатын серіктестік иесінің ауыл айнала­сын түгел дерлік жыртып таста­ғанын айтып, көмек сұрады. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені түбегейлі шешу мақ­са­тында ауыл әкімі мен Ауыл­ша­р­уашылық басқармасы маман­да­рының және аталған серіктестік иесі мен тұрғындардың басын қосып, кездесу ұйымдастырды. Нәтижесінде, серіктестік дирек­торы Садовое ауылының тұр­ғында­рының малы жайылымға өту үшін 300 метрге дейін жер бөлуге келі­сімін берді. Ал көкшетаулық Сырымбет Қанапин ветеринарлық стан­садағы мамандардың жалақысы тым төмен екенін айтып, өтініш түсірді. Сондай-ақ қызметкерлерді қысқарту жүріп жатқанын да жеткізді. Ғалымжан Кенжешұлы сала басшыларына, яғни облыстық Ветеринария басқармасына жа­лақыны көтеру үшін Көкшетау қаласының ветеринарлық стан­сасы жұмысшыларының штаттық кестесін дайындап беруді тапсыр­ды. Яғни, өтініш берушіге қатысты жалақы және қысқарту мәселесі қайта қарастырылатын болады. Әкім орынбасарының ай­туынша, алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Демек, ветеринария мамандары­ның да еңбекақысы реттеледі. Қоғамдық қабылдауға жа­зыл­ғандардың енді бірі – ауыл ша­руа­шы­лығын автоматтандыру мәселе­сі­мен айналысып жүрген көкшетау­лық Ерсұлтан Жақанов. Жас маман ауыл шаруашылығына инновация­лық технологияларды енгізу бо­йын­­ша өзінің бизнес идеяларын жү­зеге асыру үшін қолдау сұрады.