Қойға қасқыр емес, ит шауып жатыр
Қойға қасқыр емес, ит шауып жатыр
788
оқылды
Жамбыл облысында қорадағы малға қасқыр емес, ит шабуылдаған. Бұл жағдайды Жамбыл ауданы Пригородный ауылының тұрғындары  хабарлады. Олардың айтуынша,  қораларына  ит түсіп, төрт түлігін қырып кетіп жатыр.   Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, бұл бірінші рет болып  отырған жағдай емес. Апта сайын иттер қойды қозысымен қоса қырып кетуді әдетке айналдырған көрінеді. «Ай-күннің аманында малым итке жем болды. Бала-шағамның ертеңі үшін жинап отырған төрт түлігімнен ішпей-жемей айырылып қалдым. Кеше ғана егіз қозы туған қойымды өлтіріп кетті. Қозыларды да жемеген. Тек алқымынан тістеп өлтірген. Бұған дейін 10 қойым дәл осылай арам өлген еді. Енді, міне қайта қайталанды.    Осы жолы таңертең қораға кірсем, іші қан-жоса.  Қора ішінде екі ит жүр. Содан иттерді үйіне дейін қуып барып, үй иесін іздедім. Үлкендер жоқ екен. Алайда кішкентай қыз өздерінің иті екенін мойындады. Полиция бөліміне хабарласып, барлық жағдайды учаскелік инспекторға айтып бердім», – дейді ауыл тұрғыны Сәуле Тәжімбетова. Гүлнәр Оразова есімді тұр­ғын болса, қазір қораға түсе­тін қасқырдан емес, иттен қорқып отырғанын айтады. «Ақпан айында қорамда байланып тұрған ұсақ малым бар еді. Бір түнде сол түлігім итке жем болды. Мойнынан буындырып, тамағын тіліп кеткен. Мұндай жағдай ауылда жиі болып кетті. Қазір балаларымызды сабаққа жіберуге қорқып отырмыз. Өйткені қанның дә­мін бір татқан иттер ертең адам­ға шаппасына кім кепіл? Ал ең бастысы, иттерге жем болған төрт түлігіміздің құнын енді кім төлеп береді?», – дейді Гүлнәр Оразова. Ауылдағы адам шошитын жағдайдан Жамбыл аудандық ветеринариялық инспекциясы хабардар болып шықты. Алайда олардың қолынан келетін әрекет шамалы екен. «Жамбыл ауданында 7 000 ит тіркеуде тұр. Олардың аналығы орта есеппен жылына екі рет күшіктесе, бір жылда 20 мың басқа көбейеді. Бір сөзбен айтқанда, жылда қаңғыбас иттердің саны артпаса, кемімей отыр. Қаңғыбас иттердің көзін жою үшін материалдық базамен қоса, адам күші керек. Бізге заң тұрғысында ит аулауға рұқсат берілуі қажет. Егер біз жаппай иттерді аулай берсек, ертең оның иесі бар болып шығуы мүмкін. Сондықтан ең бірінші бізге құқықтық құзырет берілгені жөн», – дейді Жамбыл аудандық ветеринариялық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жарқынбек Аменгелдіұлы. Иә, маманның сөзі орынсыз дей алмаспыз. Себебі осыдан бір ай бұрын ветеринария саласының қызметкерлері  Тараз қаласында «Персик» атты итті аулап, дауға қалған болатын. Сондықтан Жарқынбек Амангелдіұлының бір шешімге келе алмай, әліптің артын бағып отырғаны түсінікті. Осы орайда облыстық Полиция департаментіне хабарласып, аталған дерек бойынша қандай шаралар қолға алынғанын сұрадық. «24 наурызда Жамбыл аудандық полиция бөліміне осы ауданның Пригородное ауылының тұрғынынан қорасындағы малын ит талап кеткені туралы хабарлама түсті. Аталған дерек бойынша, көрсетілген мекенжайға учаске­лік полиция инспекторы барып, тексеру кезінде 2 қой мен 4 қозыға шығын келтірілгені анық­талды. Полиция қызметкерлері малға шабуыл жасаған иттің иесіне қатысты Әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы кодекс­тің 407-2-бабы бойынша хаттама толтырылды», – дейді департаменттің баспасөз қызметі. Негізі, мұндай құқықбұзу­шылыққа заң бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл қаралған  екен. Ал егер айыппұл арқалаған  азамат  30 600 теңгені бір аптаның ішінде төлесе, тек жартысын ғана өтеуге  міндеттеледі. Алайда департамент ма­ман­дары бұл тек итті үйінде тиіс­ті деңгейде сақтық шараларын сақтамай ұстағаны үшін салынатын айыппұл екенін айтты. Ал тұрғынға келтірілген мал шығынының құнын сот анықтамақ. Әрине, ауылдағы ағайынның бір-бірімен араздасып жатқаны абырой емес. Алайда бүтін бір қораның малын ит қырып кетіп жатса, ертең олар адамға шаппасына ешкім кепілдік бере алмайды. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласының 54 жастағы тұрғынын ит тапа-тал түсте талап, өлтірген болатын. Бұл жағ­дайды қанша адам көріп тұрса да, араша түсе  алмай, соңында  тәртіп сақшысы жетіп, итті тапаншасымен атып өлтірген еді. Көп қан жоғалтқан әйел ауруханаға жетпей көз жұмған. Атал­ған иттің адамға бірінші рет шабуылдап отырмағанын оқи­ғадан кейін көршілері жеткізді. Алайда дер кезінде шара қабылдамағандықтан, бір адамның өмірі қиылып отыр. Егер Пригородное  ауылындағы иттерге қатысты да нақты бір шара қабылданбаса, ертең өзегімізді өкініш өртеуі бек мүмкін. Жауапты мамандар осыған жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз...

Жамбыл облысы