Алматылық студенттер мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған құрылғы ойлап тапты
Алматылық студенттер мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған құрылғы ойлап тапты
525
оқылды

Осы құрылғы арқылы мүмкіндігі шектеулі жан тыңдаушысына айтар ойын жеткізе алады. Сонымен қатар зағип оқушылар оқулықтағы әріптерді брайль шрифтіне айналдырып, қызыққан кітабын оқуына мүмкіндік туды. Мбір емес, екі құрылғыны Сулейман Демирель атындағы университет студенттері ойлап тапқан.

– Біздің ұсынған жобамыз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Мектеп оқушылары арнайы қолғапты киіп, ым-ишара арқылы ойын жеткізе алады. Сөйтіп, құрылғы олардың ойын түсінікті тілге айналдырып береді. Тағы бір идеямыз зағип жандарға арналған. Оқушылар мен студенттер үшін оқулықтағы әріптерді брайль шрифтіне айналдыратын құрылғы мен қосымшасын ойлап таптық, – дейді 2 курс студенті Қажымұқан Реймбаев. Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттің айтуынша, университет атынан бір топ студентер ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «BILIM Hackathon 2022» IT байқауына қатысқан. Оларға еркін тақырыпта да, арнайы тапсырмаларда берілген. Соның ішінде білім саласындағы цифрлық шешімдер жөнінен жоба дайындаған. Сонда осы құрылғыларды олар 24 сағатта ойлап тапқан. –72 команданың ішінде ІІІ орын алып, 500 мың теңге ұтып алдық. Алдағы уақытта бұл жобаларымызды жүзеге асырамыз», – дейді ол. 2022 жылдың 26-27 наурызында өткен cайыстың жеңімпаздарын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. Жарысқа қатысуға еліміздің барлық өңірінен 107 команда өтініш берді. 230 студенттен құралған 72 команда финалға жолдама алған. Жеңімпаз студенттер ақшалай сыйлықтармен қоса, Daryn online, BTS Education, EDUS, Mail.kz және басқа да қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашылық ету, IT мамандарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.