Педофилдер айылын жияр емес
Педофилдер айылын жияр емес
© коллаж: Елдар Қаба
635
оқылды
Ақтөбеде ересек азамат өгей қызын зорласа, Шымкентте өрімдей қызды туған әке­сі төсек қатынасына мәжбүрледі. Педофил қылмысының 80 пайызы отбасында бо­лады. Көлденең көк аттыдан қорлық көргендер де қаншама? Елімізде жаза жыл өткен сайын қатаңдатылып жатыр. Алайда «азғындық» статистикасы азаймаған сияқты... Құқықтық статистика коми­те­тінің мәліметінше, 2016 жылы 123 бала сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрген. Ал 2017 жылы 146 дерек тіркелді. Елімізде 2018 жыл­ғы 1 қаңтарда кәмелеттік жасқа тол­мағандарға жыныстық сипат­тағы қылмыс жасағандарды химия­лық кастрация ресми түрде рұқсат етілді. Нәтижесінде, 2018 жылы көрсеткіш шамалы болса да азайған. 132 бала зорлықтың құрбаны болды. 2019 жылы да өз нәтижесін берсе керек, 85 дерек тіркеліпті. Алайда 2020 жылы күрт артқан, 199 бала педо­филдің «жемтігіне» айналды. Ал был­тырғы жылдың статистикасы тіпті қорқынышты. Жарты жылда 825 қылмыстық іс тіркелген. Оның 669-ына жақынының (81 пайыз), ал 10 пайызына әкесі мен өгей әкесінің қатысы болған. Заң не дейді? Балаларға жыныс­тық сипаттағы зорлық көрсетуге қа­тысты баптар бойынша сотталған адамдар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Оларға амнистия жарияланбайды, жаза мерзімін толық өтемей қамаудан шығар­май­ды. Заң­ға сәйкес, зорлау бабы қыл­мыстың ауыр түрі болып саналып, 14 жасқа дейінгі баланы зорлау қылмысы үшін кемінде 20 жылға түрме жазасы белгіленген. Сондай-ақ енді педо­филия фактісін жасыр­ған адамдар да жауапқа тартылады. Тіпті, қыл­мыс туралы хабар берме­ген адамдар 6 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады.

90 ПАЙЫЗЫ ҚАЙТА ЗОРЛАЙДЫ

Бірақ 6 мен 17 жас аралығындағы бейкүнә сәбилердің зорлық-зомбылыққа ұшы­­рауына қатысты тіркелген де­ректер жан түршіктіреді. Атап айт­қанда, Оралда өгей әкесі өгей қы­зын бірнеше рет зорлады деп айып­талып отыр. Азғын әке алғаш рет анасы қызын босану үшін ауруханаға кеткен ке­зінде күш қол­данған. Қыз қорық­қан­нан факті­лерді бұрмалап айтса да, сіңлісі зорлық-зомбылық болған сәтті көргенін растады. Қазір ана­сы­ның арызы бойынша оның серік­тесіне қатысты Қылмыстық кодекс­тің 121-бабы 4-бөлігі «Сексуалдық сипат­тағы зорлық-зомбылық әре­кет­тері» бойынша сотқа дейінгі тер­геу жүріп жатыр. Сонымен қатар ер адам көлікті мас күйде айдағаны үшін қамауға алынған. Бірақ ол бір­неше күннен кейін үйіне оралады. Сора­қысы сол, өгей әке өрімдей қызға жала жаптың деп күш көр­сетпесіне кім кепіл?! Ал Шымкентте белгісіз ер адам жаттығудан келе жатқан 9 жастағы қызды ешкім тұрмайтын үйге кір­гізіп зорлаған. Өкініштісі, күдікті әлі қолға түскен жоқ. Оқиға қыз ба­ла­ның үйіне 30 метр қашықтықта бол­ған. Қазір тергеп-тексеру амал­дары жүріп жатыр. Тағы да Шым­кентте. Әкесі үш қызын бірдей зор­­лап кел­ген. Бірі 5-сыныпта оқи­ды. Екін­шісі де кәмелет жасқа толмаған. Анасы да, полицейлер де бұл оқиға­дан үл­кен қызы ұзатылар кезде хабардар болды. Енді ер адам­ға химиялық кастрация жасал­мақ. Химиялық кастрация – жыныстық құмартуды төмендететін антиан­дрогендік препаратты ағзаға енгізу. Алғаш рет 2019 жылы төрт педо­филге химиялық кастрация жасал­ды, ол үшін ци­про­терон препараты қолданылады. Оның құны – 11,5 мың теңге. Пре­паратты 10-14 күнде бір рет егу ке­рек. Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, бұл процедура бір адамға ұзақ уақыт жүргізілуі керек. Сонда бір педо­филге мемле­кеттік бюджеттен бір жылда шама­мен 126 мың теңге жұмсалады. 2018 жылы бұл препаратты са­тып алуға мемлекет 9,6 млн теңге бөлген. Бұл қаржы 77 сотталушыға химиялық кастрация жасауға жұм­салған. 2019 жылға 152 сотталушыға 19 млн теңге бөлінді. Ал 2020 жылы бюджеттен 232 сотталушыға химия­лық кастрация жасау үшін 29,2 млн теңге бөлінген. Яғни, қаржы жыл өткен сайын артты. Бірақ химиялық кастрацияның өзі қаскүнемдерге қор­қыныш әкеле қойған жоқ. Ста­тис­т­икаға сүйенсек, балаларға қар­сы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы қайта зорлық жасайды екен. Бейкүнә жеткіншектің тағды­рын ойрандаған қылмыскерге егі­летін препараттың күшін омнадрен, небидо дәрілері жояды. Осыны ай­тып, дәрігерлер дабыл қаққалы қа­шан?! Ол сексуалды белсенділікті қалпына келтірмек түгілі, арттырып жібереді. Одан бөлек, ципретерон­ның күшін қарапайым спирт де жоя алатын көрінеді. Оған қоса, дәрі­герлерде педофилдердің тізімі жоқ. Сондықтан оларға бұл препаратты кез келген дәрігер тағайындауы мүм­кін. Онлайн дүкендерде де еркін саудада. Саудасы жүргенін қалайтын сатушы дәрігер нұсқамасын сұрап жат­пасы анық. Сондықтан одан айылын жиған педофил бар ма, жоқ па, белгісіз. Екіншіден, оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізеді. Педофилдің қызметкер­лермен келіссөздер жүргізуге және ерлердің жыныстық гормонын – тестостеронды өндіруді тоқтату үшін мезгіл-мезгіл алуға болатын инъекциялардан аулақ болуға үлкен мүмкіндігі бар.

ӘЛЕМ ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?

2014 жылы Аустралия мен Жаңа Зеландияның Корольдік психиат­риялық колледжінің зерттеушілері зорлаушылардан тестостерон өнді­рісін бұғаттау рецидивтің алдын алуға әкелмейді деп мәлімдеді. Бұл әдіс қолданылған адамдарда, кері­сінше агрессияның артатынын ай­тады. Қазір Францияда, Бельгияда, Данияда және басқа да Еуропа ел­дерінде зорлаушылардың мінез-құл­қын түзету үшін дәрі-дәрмек қол­дануға рұқсат етілген. Мұндай терапия 30 жыл немесе одан да көп уақыт бойы қолданылған елдерде зерт­теушілер бастапқыда оң әсері болатынын дәлелдеп шыққан. Алай­да уақыт өте келе жағымсыз сал­дары оң нәтижелерден әлдеқайда көп болады деген қорытындыға кел­ді. Зерттеулер гормоналды пре­па­рат енгізілген ерлердің үштен бірі жыныстық қатынасқа түсу қабілетін сақтағанын көрсетті. Сонда тиімдісі қайсы? Чехияда сот пен дәрігерлер бұзақылық қоғам үшін қауіпті деп шешсе, педофил қалған күндерін психиатриялық ау­руханада өткізеді. Дегенмен хи­рур­гиялық кастрацияға келіссе, де­реу бостандыққа шығады. Бұл ел­де 30 жыл ішінде 115 адам жыныс мү­ше­сі­нен бас тартуға келісім бе­ріп­ті. Ба­лада зорлық-зомбылықтың белгі­лері байқалса, мектеп құзырлы ор­ган­ға бірден хабарлайды. Егер де ата-ана заң талаптарын орындамаса, айыппұл арқалайды, тіпті қылмыс­тық құқықбұзушылықтың алдын ал­маған не­месе қылмыстық құқықбұзушы­лық­ты жасырған тұлға ре­тінде қыл­мыс­тық жауапкерші­лікке тартылады. Ал АҚШ-та педофилдердің кө­лігінің нөмірі бір түсті ғана болатын штаттар бар. Соған қарап көлік ие­сінің педофил екенін дүйім жұрт бі­леді де, теріс айналады. Ата-ана­лар баласын жасыра бастайды. Аз­ғындардың үйіне арнайы тақтайша ілінеді, «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды. Айтпақшы, АҚШ-та хирургиялық кастрация бар. Бірақ педофил оған өз еркімен ке­лісуі керек. Тағы бір тәсіл, элек­тронды мониторинг жүргізу, элек­трон­ды бiлезiк (браслет) кигізу. Ал­ғаш рет бұл идея 1979 жылы Нью-Мексико штатында жүзеге асырылған. Заманауи электроника нысанды, яғни қылмыскерді 3 мың шақырымға дейінгі қашықтан бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлі дүние­танымы қалыптасып үлгермеген бала өзге біреудің тарапынан зор­лық әрекеттен зардап шексе, есей­генде депрессияға жиі ұшырайды екен. Тіпті, емі жоқ психикалық ау­ру­ларға шалдығады. Ең қорқы­ныш­­­тысы, кейін педофил болып шы­­ғуы да мүмкін.

БАЛАҢЫЗ ПЕДОФИЛГЕ АЙНАЛМАСЫН!

Кастрацияның көмектесетініне күмән көп. Ендігі жерде еліміз өзге елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан, сотталып шыққан педофил­дерге білезік беріп, олардың не істеп жүргенін бақылауға алатын тәжі­рибені де қолданысқа енгізді. Элек­тронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылады. Жа­уапты органдар осылайша олардың әр басқан қадамын қадағалап оты­рамыз деп сендіруде. Қазір түрмелерде кәмелетке тол­мағандарға қол салған. 2 мың­нан астам адам жа­за­сын өтеп жа­тыр. 330 педофилге элек­тронды бі­лезік кигізу үшін бюд­жеттен 356 миллион теңге бө­лінді. Құны қым­бат құрыл­ғы қыл­мыс­тық істерді тежеуге сеп­ті­гін ти­гізе ме? 12-17 жыл түрмеде оты­рып шыққан қыл­мыскер саба­сына түспей, керісінше бойын ыза мен кек кернеп шығады. Оған бір ғана дәлел, Тараз қала­сындағы №6 мек­тептегі қыздың зорлану оқи­ға­сы. Ұсталған күдікті аталған қыл­мы­сын 19 жылдан ке­йін қайталады. Педофилдерге қатысты химия­лық кастрация мерзімі өткен соң күшін жоғалтса, сонда не істемек ке­рек? Бәлкім, әлем елдерінің тә­жі­рибелеріне де үңіліп көрген жөн шығар?! Нақты уәж айту қиын. Ал әлемде түрлі тәжірибе бар. Айта­лық, Мысыр мен Иранда азғындар көп­шіліктің көз алдында атылады не­месе дарға асылады. Солтүстік Ко­рея­да педофилді өз құрбаны өлті­ре­ді: кінәліге ату жазасы бел­гіленеді, ал зорланған бала сол ату тобының құрамына кіреді. Сауд Ара­биясында, Латын Америкасы мем­лекеттерінде, Иракта да нәп­сіқұмарлар өмірімен қош айтысады. Адам құқығын жо­ғары қоятын елімізде мұндай қатаң жаза гума­низмге жатпайды. Алайда жазасы қатаң елдерде көрсеткіш тө­мен. Дегенмен оны өзімізге бе­йім­деп, қылмыскерді жалақысы тө­ле­нетін жұмысқа жегіп, өмір бо­йы бас бос­тандығынан шектеуді неге қол­­дан­басқа?! Бұл ойымызбен «Не­Мол­чи.kz» зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалысының жетекшісі Дина Сма­йылова да келісіп, қыл­мыс­кер­дің жалақысы өмір бойы зор­ланған адамның моральдық шы­ғынын өтеу­ге жұмсалуы тиіс деп отыр. «Қылмыстық істердің 36 пайыз­дан астамы ғана сотқа жетеді, себебі дәлелдеу қиын. Сондықтан зорла­ған­дар жазасыз қалып, қайта қыл­мыс жасайды. Мәселен, біз 18 пе­до­филдің бас бостандығынан айы­рылуына ықпал еттік. Оларға түр­меде екі қолға бір күрек табылмайды, босқа отырумен күні өтеді. Нәти­жесінде, қоғамға қажетсіз адамға ай­налып, қайта түрмеге түседі. Қыл­мыс жасады ма, моральдық шы­ғынын өтеп немесе өмір бойы жәбірленушінің психикасын емдеу ақысын төлеп отыруы тиіс. Себебі жан жарасын емдеудің құны қымбат. Біздің түрмелерде қылмыскерді емдемейді, тек ызасын өршітеді. Бұл мәселеде жүйелі жұмыс қа­жет», – дейді ол. Химиялық кастрациядан үміт аз болғанмен, сенеріміз білезік арқы­лы бақылау болып тұр. Қыруар қар­жы желге ұшпаса игі. Бірақ қара­жатқа қарағанда, қаршадай қыздың тағдыры маңызды. Сол үшін жазаны күшейте отырып, алдын алу тетік­терін қарастыру – Үкіметтегілердің басты міндеті. Ал күйкі тірліктің қа­мынан бас көтеріп, бала тәрбие­сіне көңіл аудару – әр ата-ананың парызы. «Менің баламнан шықпай­ды» демеңіз. Бүгінгі педофилдер де бала болды. Бүгін дұрыс тәрбие ал­ма­ған бала болашақта қоғамның, баланың қас жауына айналуы мүм­кін. Зорлық-зомбылыққа тап бо­лып, онысын жан баласына тіс жар­мауы да қызымен құрбысындай сырласа алмайтын аналардың айы­бы. Тағы бір талдауда балалардың жыныстық сауатының төмен екені анық­талды. Зардап шегушілердің 30 па­йызы жыныстық қатынасқа келі­сіммен түседі. Зорлаушы да, зор­ла­нушы да – жасөспірімдер. Ендігі кезекте қоғаммен бірге балалардың жыныстық сауатын әлеуметтік желі­лер арқылы арттыру керек сияқты.