Шымкентте бюджеттің миллиондары жұмсалған вело және жаяу жүргіншілер жолы жарты жылға жетпей жарамсыз болып қалды.
Шымкенттің жаңа әуежайына баратын жол бойындағы веложолақта велосипед тебу түгілі жаяу адамның жүруінің өзі қауіпті. Көп жері көтеріліп, төселген асфальт жарылып жатыр.
Жол құрылысы басталған кезде осы маңдағы шағын ауданға кәріз жүйесін тартқан құрылыс компаниясы жерді нығыздамай, «жол салуға болады» деген зертхана қорытындысын берген. Соның салдарынан төрт жарым шақырым вело және жаяулар жолағы бос топырақтың үстіне төселген. Көктемгі жауын-шашында жер езіліп, 700 метр жол жарамсыз күйге түскен.
Қирап қалған жол кәріз жүйесін тартқан мекеме есебінен мамыр айына дейін қалпына келтірілуге тиіс.
«Қазір «Энсаф» компаниясы барлық омырылып түскен жерді қайтадан жөндеп жатыр. Асфальтты қайта көтеріп, қайта нығыздап салады. Бұл жұмыстардың бәрін өз есебінен атқарады», – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.