Елдегі жылу электр стансасымен қамтылмаған жалғыз қала – Көкшетау. Ыстық суы жоқ. Жылу жүйесі жиі апатқа ұшырайтын қала тұрғындарының көпшілігі қысты үнемі жаурап қарсы алады. Осындай жағдайдан соң қала ежелден бері «Аристондар қаласы» атанған. Ондаған жылдардан бері қалаға жылу электр орталығын (ЖЭО) салуға уәде беріліп, тіпті тиісті инвестициялық қаражат та облыс бюджетінің қоржынына түсуі тиіс болған. Алайда биылғы жағдай жылдағыдан да ушығып, қаланы жылумен қамтитын қос бірдей жылыту қазандығының тозығы жетіп, бірі апатқа ұшырады...
Жылу қазандықтарының тозығы жеткен
Түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселе бойынша жақында Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған. Сенатор облыс орталығының күні бүгінге дейін жылу және электр энергиясының заманауи көзі жоқ екенін айтып, сын садағына алған. Сонау 1978 жылы пайдалануға берілген жылу қазандықтарының әбден тозығы жеткенін назарға алды. Сондай-ақ шаһардағы электр қуатының да басқа өңірлерге қарағанда тарифі мүлде жоғары. Сенатордың айтуынша, қалаға қазіргі заманға сай жылу электр орталығын салуды тиісті министрлік кабинеті тек 2026 жылға жоспарлапты. Сенатор бұл уақытқа дейін қаланың жылу қазандықтарының шыдамайтынын алға тартқан.Үкімет ЖЭО салуды 2026 жылға жоспарлапты
«Үкімет басшысы бекіткен Жол картасына сәйкес, Көкшетауға ЖЭО-ның бірінші кешенін пайдалануға беру, өкінішке орай, тек 2026 жылдың қазан айына жоспарланған. ЖЭО құрылысы республикалық жоба ретінде танылғанына қарамастан, оның құрылысы ұзаққа созылып бара жатыр. Тек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы шартқа қол қою мерзімінің өзі 2023 жылға жоспарланған», – деді Нұрлан Бекенов. Қала әкімдігі де жылумен қамтитын «Көкшетау Жылу» коммуналдық шаруашылығының басшылығы да жылу қазандықтары мен жүйесінің әбден тозғанын мойындады. «Қазір қаланың барлық тұтынушыларын жылумен РК-2 қамтамасыз етеді. Олар – осыдан 24 жыл бұрын 1998 жылы пайдалануға берілген жылу қуаты 100 Гкал үш көміртозаңды жылу қазандығы. Бүгінде олар іс жүзінде шамамен 70-80 Гкал-дан аспайтын жылу беруге қауқары жетеді. Өйткені жылыту қазандықтарының әбден тозығы жеткен. Біз жыл сайын осы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылу қазандығы қалыпты жұмыс істеу үшін барлық шараларды қабылдап отырмыз. Алайда мұнда күрделі жөндеу үшін қосымша қомақты қаражат керек. Дәл қазір №8 қазандық агрегаты осындай күрделі жөндеуді қажет етіп отыр», – дейді «Көкшетау Жылу» ШЖҚ КМК бас директоры Руслан Мәкішов.«Көкшетау жылу» миллиардтап қарызға батқан
Жылыту қазандықтары агрегаттарынан бөлек электрмен қамту мәселесі де басы ашық күйі қалған. Өйткені РК-2 жылыту қазандығында электр жабдықтары 1993 жылы пайдалануға берілсе, ал РК-1-де сонау 1977 жылы қолданыла бастаған. Яғни, пайдалану мерзімдері әлдеқашан өтіп кеткен. Кәсіпорынның қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарызға белшесінен батқанын бас директордың орынбасары Асқар Нұрмағамбетов баса айтты. «2019 жылдан 2020 жылға дейін тариф 20-30 пайызға дейін төмендеді. Тиісінше, бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайына өзінің кері ықпалын тигізді. Инвестициялық бағдарлама орындалмағандықтан, 2020 жылы өтемдік тариф енгізілген. Ал 2021 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын біздің кәсіпорын 600 миллион теңге кірісті ала алмайды. Биылғы жылға тариф деңгейі мораторийді ескере отырып, бекітілді. Халыққа тариф өзгертілмегенімен, заңды тұлғаларға 13,6 пайызға, ал бюджеттік ұйымдарға 6 пайызға көтерілді. Қазір кәсіпорынның жеткізушілер алдындағы несиелік қарызы 3 миллиард 677,7 миллион теңгеге жетті. Ал халықтың дебиторлық қарызы – 579 миллион теңге. Қазандық агрегаттары, жылу желілері, сору құрылғыларының бәрі жаңартуды қажет етіп тұр», – деді Асқар Нұрмағанбетов. Кәсіпорын басшылығы қалада жылу электр орталығы болмағандықтан, тариф бағасын көтермесе тығырыққа тірелетінін баса айтты. «Біздің тариф кемінде 7 800 теңгеден кем болмауы тиіс. Климаттық жағдайларымен бізге Қостанай мен Петропавл сәйкес келеді. Есептеу құрылғылары бар жеке тұлғалар үшін тариф бізде – 1 588 теңге, Қостанайда – 4 109 теңге, Петропавлда 3 564 теңгені құрайды. Бірақ бұл екі қалада да ЖЭО бар. Сондықтан электр энергиясының құны едәуір төмен» деп толықтырды Асқар Нұрмағанбетов.«Жақында жылынады, сәл шыдаңыздар!» – қала әкімдігі
Ал қала әкімдігі тұрғындарды сабырға шақырып, жақын арада қалада жылудың қалпына келтірілетінін жеткізді. «Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді РК-2 жылыту қондырғысының ұзақ уақыт ішінде пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жеткендіктен, жылыту қазандығының жұмысы бұзылып жатқанын хабарлаймыз. Қазір №4 және №9 қазандық агрегаттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. №10 жылу қазандығының анықталған ақауын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қысқа мерзім ішінде қалада температуралық режим қалпына келтіріледі», – делінген әкімдіктің ресми парақшасында. Өңірдегі жылу мәселесінің тығырыққа тірелгені соншалық, жақында Сенат депутаты Нұрлан Бекенов аталған жылу қазандығына арнайы ат басын бұрған. «Бүгін РК-1 және РК-2 жылу қазандықтарындағы мен көрген жағдай адам шошырлық. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жағдай өте мүшкіл. Мұнда жұмыс істейтін жігіттердің қалай амалдап отырғанын түсіне алмадым. Мазут қазандығының да, көміртозаңды қазандықтардың да халі нашар. Әбден тозығы жеткен. Біз бұл бағытта жұмысты жалғастыра береміз. Барлық күшті жұмсап, қалада ЖЭО салу мәселесін дереу шешу қажет. Ал бұл 240 миллиард теңге соманы қажет етеді. Яғни, бұл құрылысты облыстық бюджеттің қалтасы көтере алмайтыны айдан анық. Мәселе тек республика көлемінде ғана шешіледі.», – деді Нұрлан Бекенов.P.S. Сонымен, қаладағы жылу жүйесінің мүшкіл жағдайы дереу шешім қабылдауды қажет етіп тұр. Ал Үкіметтің 2026 жылға қойған жоспарына дейін қала мүлдем жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан Көкшетауға ЖЭО салуды тездетпесе болмайтын сияқты...
Ақмола облысы