Қоғамға іріткі салатындар азаймай тұр

Қоғамға іріткі салатындар азаймай тұр

Ресей Украинаға соғыс ашқалы елімізде арандатушылар айылын жимай келеді. Әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізіп, соғысқа үндеп, сепаратистік жазба жариялайтындар көбейді. Соның кесірінен қоғамда талас туатыны түсінікті жайт. Мұндай іс-әрекетке барған аза­маттар елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірақ соған қарамастан неге тыйылмайды? Әлде құқық қорғаушылар бәріне бейжай қарай ма?

Әлеуметтік желіде алқынғандар

Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын елімізде мұғалім болып жүрген өзге ұлт өкілі соғысты қолдайтынын, «Қазақстан да Ресей құрамына кіру керек екенін» айтып, әлеуметтік желіде бейнежазба таратты. Онысымен қоймай, әйел бейнежазбада сан рет анайы сөздер айтқан. Кейін ол әлеуметтік желі арқылы бейбітшілікті қалайтынын жеткізіп, қазақстандықтардан кешірім сұрап еді. Сонымен, тақырып жабылды. Одан соң кейбір автомобильдердің иелері Z белгісі бар жапсырмаларға құмартты. Z белгісі Ресей әскерін қолдау амалымен байланысты екені айтпаса да белгілі. Полицейлер біразын ұстап, жапсырмаларды алдыртып, айыппұл салды. Дегенмен көрші елдің идеологиясын насихаттағандар азаймай тұр. Жақында Назарбаев университеті ғимаратының кіреберіс есіктерінің бірінде «Za наших» деген жазу ілініп тұрған фото жария­ланды. Сөйтсек, бұл плакатты университеттегі IT департаментінің қызметкері Асхат Шынтеміров есімді азамат ілгені анық­тал­ды. Жазу алынып тасталды, бірақ азамат жазасыз қалды. Абыройлы оқу орнында осындай насихат іспетті әрекет жүргізу расымен келіспейтін іс. Қош, таяуда тағы да қоғамды шулатқан бір оқиға болды. Әлеуметтік желіде журналист Любовь Панова «дядя Вованы (Ресей президенті В.Путинді меңзеп тұр) көмекке шақырам» деп, көрші елдің идеологиясын қолдайтынын айтып, жар салды. Артынша журналист «Еуропа Плюс Қазақстан» радиосындағы қызметінен босатылды. Қоғам наразылығынан кейін құқық қорғаушылар да Пановаға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов әлеуметтік желіде «Аталған факті бойын­ша Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді» деп жазды. Бірақ көп ұзамай Абдрахманов осы жазбасын өшіріп тастады. Ал сол уақытта Панова өзіне қатыс­ты іс қозғалмағанын, полицейлер хабарласпағанын мәлім етті. Әрине, белгілі бір мәселеге қатысты баға беретін жөніміз жоқ, алайда құқық қорғаушылар әрекетті зерделеуі тиіс еді. Журналистің сөзіне сараптама жүргізсе, абзал болатын. Заңгерлер де осыны қалаған. – Мұндай мәселеде бірінші кезекте сараптама жүргізіледі, физио­логиялық тұрғыдан азаматтың айтқан сөздерін егжей-тегжейлі зерттейді. Сот сараптаманың негізінде ғана шешім шығарады. Любовь Панованың пікірінде заңға қайшы оғаш сөздер бар болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілі тергеуді бастағанын жазды. Алайда артынша мәлімдемесін өшіріп тас­тады. Бізге де, яғни заңгерлерге де осы жағы түсініксіз болды. Департаментке заңгерлер сұрау салған, жауап болмады. Негізі, істің ақ-қарасын ажырату үшін іс қозғалу керек. Бірақ оған біз баға бермейміз, – дейді заңгер, адвокат Мейірман Шәкеев. Сонда «болған іс болды, бояуы сіңді» дегендей, мәселе жабыла салды ма? Панова да әлеуметтік желіден бүкіл жазбаларын өшірген. Осыдан кейін біз көңілде күмән қалмас үшін Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбекке хабарласқан едік. Ол «Пановаға қатысты тергеу басталғаны жайлы мәліметті бас­тап­қыда біз таратқанымыз рас. Іс әлі тергеліп жатыр» деп қысқа қайырды. Яғни, істің анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болуы мүмкін. Оның үстіне, Любовь Панова ел алдында жүрген адам ретінде саналады. Журналист болған соң қыруар оқырманы болатыны анық. Сол себепті жұрттың санасына оғаш пікірлерді тықпалаудың сұрауы болу керек тәрізді. Мәселенің ушығып бара жатқанын білді ме, Бас прокуратура азаматтарға үндеу жасады. Әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыру, Ресейдің де, Украинаның да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдеменің жиілегенін алға тартып, қылмыстық жауапкершілік барын ескертіп қойды. «Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағын­дағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желі­лерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық әрекетке жатады (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады» деп хабарлады. Жалпы, ұлттар арасына іріткі салатын мұндай жазбаларға бейжай қарамау керек. Себебі жазбаны талай адам оқиды, пікірі сан қилы адамдар дауласады, әрісі араздыққа апарып, қоғамдағы тұрақтылыққа зиянын тигізеді. Өкініштісі сол, ұлтқа тіл тигізіп, арандатуға құрыл­ған әрекеттер елімізде жиі болмаса да шығып тұрады.

Арандатушылар бұрын да аз болмаған

Осы секілді арандатуға негізделген келеңсіз оқиғалар бізде аз болмаған. Әлеуметтік желіде ұлтқа тіл тигізіп, «Ресейге қосылуды» үгіттегендер жетерлік. Біразы кешірім сұрап құтылды, кейбірі сотталды. Мұндай қадамға, әсіресе өзге ұлт өкілдері жиі барады. Мәселен, 2020 жылы қаңтарда Теміртау қаласының тұрғыны Вячеслав Злотинский деген азамат әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның Ресейге автономия болып қосылғанын қалайтынын айтқан еді. Тізбектеп жатпаймыз, тілге, ұлтқа, мемлекетке қатысты жосықсыз айтқан сөздері сансыз. Көп ұзамай азамат бейнеүндеу арқылы дүйім жұрттан кешірім сұрады. Сол жылы қарашада Қостанай өңірінің тұрғыны Кирилл Божко екі жылға бас бостандығы­нан айырылды. Ол қыркүйек айында әлеуметтік желіде қазақ халқына, қазақ тіліне тіл тигізіп, «маймылға теңеді». Алғашында азамат елден кешірім сұрап құтылғысы келген еді. Бірақ құзырлы органдар «ұлтаралық жанжал тудырғаны үшін» жазадан босатпады. Кейін де «атың шықпаса, жер өртенің» кебіне түскендер азаймады. Былтыр 19 тамызда Алматы қаласының Әуезов аудандық соты блогер Ермек Тайшыбековті «ақпарат құралдарын қолдану арқылы ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 7 жылға түрмеге қамады. Тайшыбеков көп тайраңдады. Бір емес, бірнеше рет мемлекеттік тілге шүйлікті. Қайта-қайта «Қазақстанды Ресейге кіргізу керек» деп заржақ болды. Ақыры мәселе асқынып бара жатқан соң азаматты жазаға кесуге тура келген. Бұл тұста осындай жағдайларда қоғамның қысымы да үдеп бара жатқанын жасырмаймыз. Қандай да бір адам желі арқылы оғаш пікір айтса, ішкі істер органдары мәселені қолға алады. Осы кезде көпшілік жабыла шу шығарып, істің тергелуіне кедергі келтіретін жайттар бар. Соның кесірінен қоғамда «құзырлы органдар ұлтқа тіл тигізгендерді жазасыз қалдырады» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ заңгер, адвокат Мейірман Шәкеев бұл көзқараспен келісуге болмайтынын айтады. – Рас, әлеуметтік желі арқылы ұлтқа тіл тигізгендер көп болды. Бірақ көбі жазасыз қалды дегенге келіспеймін. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша алдыңғы жылы Божко сотталды. Сондықтан бәрі «кешірім сұрап, құтылып кетті» деу дұрыс емес. Кешірімді халықтың алдында сұрайды, ал сот нақты сараптамаға ғана сүйенеді. Көпшілік әлеуметтік желіде эмоциядан шыққан пікірге иланбауы тиіс, – деді ол.

Агрессияны жақтағандар жазасыз жүр ме?

Шыны сол, қоғамда «құқық қорғаушылар агрессияны қолдағандарға қарсы қауқарсыз» деген пікір бар. Әлі күнге толық беті ашылмаған бір мәселе – 2014 жылы Қырым жеріне кірген Ресей әскерін ерікті түрде қолдап, майданға қатысқан адамдар бар. Мұндай жандар Қазақстаннан да, Грузиядан, әрісі Польша мен Болгариядан да аттанды. Майданнан кейін олар түк болмағандай елдеріне келіп, өмір сүрді. Солардың көбі жазасыз қалғандай. Бірақ Польша мен Болгария елі Қырымдағы майданға барғандарды 3 жылдан бастап 20 жылға дейін бас бостандығынан айырды. 2016-2017 жылдары біздің елде де олардың бірнешеуі Қылмыс­тық кодекстің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) сотталды. Алайда толық әшкереледік деп айта алмаймыз. Мысалы, былтыр Алматыда 5 адамды өлтірген Игорь Дужновтың алдын ала сот тыңдалымы өткенде прокурор оның 2014 жылы Луганскідегі қарулы қақтығысқа өз еркімен барып, барлау тобында қызмет еткенін растады. Сонда ол май­данға аттанып, кейін Қазақ­стан­ға оралып, 7 жыл бойы еш сұраусыз бостандықта жүрген. Әлгі оқиға болмаса Дужновтың қылмыстарын құзырлы органдар аша алмай кетуі мүмкін еді. Шамасы, ішкі істер органдары бұрын болған көп нәрсені сүзгіден өткізбеген. Салдарынан ондайлардың талайы бостандықта жүрсе таңғалмаймыз.

ТҮЙІН:

Біз баян еткендей әрекетке барған жандардан келер қауіп қандай? дерсіз. Біріншіден, оның бәрі насихат, өзге идеологияға елді иландырудың амалы. Екіншіден, осындай әрекеттер арандатушыларға одан әрі дем беруі мүмкін. Ал кез келген мемлекет үшін басты құндылықтың бірі тұрақ­ты­лық екенін ескерсек, ішкі істер органдары мәселеге жөндеп зер сал­ғаны абзал.