Пәтер жалдаудың да құны қымбат
Пәтер жалдаудың да құны қымбат
738
оқылды
Биыл пәтер жалдау бағасы тағы да шарықтап шыға келді. Құны көп адамның қалтасын қағады. Әртүрлі себеп айтылады, бірақ қымбатшылықты қолдан жасайтындар да аз емес. Құрылысқа қарқын бергенмен, салаға қажеттіні өзіміз өндірмедік. Ақыры баспана алу түгілі пәтер жалдау да машақатқа айналды.

Шетелдіктердің қатысы қандай?

Таяуда жылжымайтын мүлік сала­сындағы мамандар елімізде жалдамалы пә­тер құны шамамен 30-40 пайызға қым­баттағанын мәлім етті. Онсыз да тұрғын үй бағасы құбылып тұрған шақта бұл жағ­дай «жығылғанға жұдырық» болғаны анық. Әуелі аяқастынан пәтер жалдау құ­ны неге өскенін зерделеп, себебін қа­рас­тырып көр­сек. Көпке мәлім екі себеп бар. Біріншіден, Ресей мен Украина ара­сындағы қақтығысқа байланысты елімізге уақытша тұрақтауға келгендердің кө­бейгені айтылып жүр. Олар пәтерді кемі 6 айға жалға алғысы келуі мүмкін, яғни сұраныс артады. Сұраныс артқанда баға­ның да құбыла қалатынын білеміз. Екін­шіден, теңге құнсызданып, доллар бағамы өскені де әсер етуі мүмкін. Мұндай «әдет» пәтерді жалға берушілерде бар екені жасырын емес. Доллардың қымбаттағанын алға тартып, қолдан бағаны өсіретін дағды жылжымайтын мүлік саласын да жайла­ған. Ал мүлікті бағалау бойынша сарапшы Алек­сандр Калинин жалға алу құнына бі­рінші се­бептің көбірек әсер еткенін айтады. – Жалға алу бағасы басқа елдердің азаматтары, әсіресе ресейліктер елге келіп жатқан соң басталды. Украинадан да келетіндер бар. Бұған қоса кәсіпкерлер, шетелдік компаниялардың, халықаралық желілердің өкілдері де келеді. Олардың құр қол келмейтіні анық, ақшасы бар адам­дар. Сондықтан жалдау құны да күрт өспей қоймайды, – дейді маман. Қазір Алматы мен елордадағы бір бөл­мелі және екі бөлмелі пәтерлер ерекше сұ­ра­нысқа ие екен. 1 бөлмелі пәтерлердің ие­лері бір айға коммуналдық шығындарды есептемеген күннің өзінде 130-140 мың сұ­рап тұр. Ал былтыр көктемде мұндай ба­­ғаға екі бөлмелі пәтерді жалдауға бо­латын еді. Элиталық тұрғын үй де қым­бат­таған. «Шетелдіктер тұрғын үйді орта­ша есеппен 6 айға жалға алады. Әзірге адамдар күтуі қажет. Ал тұрғын үйді сатып алу бо­йын­ша нақты болжам айту мүмкін емес», – дейді Калинин. Яғни, саяси, эко­но­микалық жағдайлар тұрақсызданып тұрған шақта байлам жасау қиын тәрізді. Ал экономист Бауыржан Ысқақов жал­дамалы пәтердің қымбаттауына тікелей Украинадағы жағ­дайдың қатысы жоқ деп есептейді екен. Оның айтуынша, мәсе­ленің түпкі мәні баспана қымбатшы­лығынан шығып отыр. – Бұған қатысты бірнеше себеп бар. Біріншіден, баспананың сатылым бағасы шарықтап тұрған соң оған жағдайы жет­пейтін көп­шілік жаппай пәтерді жалға алу­ға көшті. Сұраныс ұсыныстан асып кет­ті. Екін­ші­ден, экономикалық фак­тор­лар бар. Ин­фля­ция деңгейі өсті. Үшінші­ден, панде­миядан кейін жұрт онлайннан офлайн әлемге оралды. Қалаға ағылғандар көп. Төртіншіден, биыл Үкімет есепте тұр­ған көптеген адамның арендалық тө­лем­дерін төлеуге 50 млрд теңге ақша бөлді. Ол да нарыққа серпіліс болды, – дейді маман. пәтер жалдау Жалпы, тұрғын үй құны мен оны жал­дау ақысы соңғы онжылдықта үздіксіз көтерілді. Мәселен, былтыр LS сайты пә­тер жалдау құнына сараптама жасай келе 2011-2021 жыл аралығында 2 есеге өс­кенін анықтаған. Бір қызығы, өткен жылы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан қалыспай, Ресейге жақын, алыс-берісі көп Орал қаласында да пәтер жалдау ақысы қымбаттаған (36 пайызға өскен). Шамасы, биыл баға одан әрі құбылады.

Құрылыс материалдары бағаға әсер етті ме?

Бұл тұста айтпай кетуге болмайтын тағы бір дүние бар. Әуелі тұрғын үй баға­сының, одан қалды жалдамалы пәтер құ­­нының өсуіне құрылыс материалда­ры­ның қатысы бар. Ал елімізде құрылыс ма­териалдарын өндіру артта қалған. То­лығына дерлігін шетелден аламыз. Ол бір төбе, өзімізде өндіріледі дейтін цемент пен арматура құны да жиі өседі. Себебі өн­діріске қажетті химиялық қоспаларды түбі сол шетелден алдыртады. Құрылыс одағы­ның мәліметінше, М-400 маркалы це­мент­тің тоннасы 2021 жылдың қаңтар айын­да 18 500 теңге болса, сол жылы ма­мырда 21 000 теңгеге жетті. Ал қазір 32 500 теңге тұрады. 1 жылдың ішінде 2 есеге жуық өскен. Арматураның былтыр жыл басында 190 мың теңге еді, жазда 325 мың теңге болды. Қазір 370 мың сұрап тұр. Қазір елде цемент өндірумен 12 кә­сіп­орын айналысады. Олардың өндіру қуа­ты – 16 жарым млн тонна. Қазақстанда цемент тапшылығы болуы мүмкін емес. Нарық заңдылығына сәйкес, тапшы болмаса «баға не себепті көтеріліп жатыр?» деген сұрақтың тууы заңды. Зауыттан шық­қан цемент тұтынушыға жетем де­ген­ше 25 пайызға қымбаттайды екен. Бірақ бағаның шектен тыс қымбаттауына це­мент шы­ға­рып отырған зауыттар «кінәлі емеспіз» деп талай айтқан. Бағаны ба­зар­дағы сатушылар жазғы құрылыс маусымы қызған шақта қолдан өсіретінін алға тар­тады. Елімізде құрылыс материалдары индустриясының өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі бар болғаны 6 пайыз. Республикада құрылыс өнімдерін 1 965 кәсіпорын өндіреді. Олардың ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырғаны белгілі. Енді не істемек керек? – Құрылыс материалдары – тұрғын үй мен жалдамалы пәтер бағасына әсер ететін негізгі фактор. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құ­ры­лыс материалдары валюта бағамына бай­ланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Қазіргі жағдайлардан кейін Ресейден келетін құрылыс материалдары азаюы мүмкін. Сондықтан баға құбылды. Мәселені шешуде импорттық тәуел­ді­ліктен құтылудан басқа жол жоқ. Бұл тұста мемлекет құрылыс материалдарының отан­дық өндірісін жолға қоюы тиіс, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
ТҮЙІН: Өткен жылы цемент, арматура, кірпіш, газды бетон сияқты құрылысқа ең қажетті материалдардың бағасы қымбат­тағаны сол еді, елдегі жаңа тұрғын үй құны да шарықтап шыға келгені есте. Яғни, құрылыс материалдары баспана бағасына ті­келей әсер етеді. Жалпы алғанда, жылжы­майтын мүлікке қатысты мәселе бастан асады. Шешімін әркім айтып жатады, бірақ іске асар түрі жоқ.