Қазақстандық танымал боксшы Геннадий Головкин мен жапониялық Риота Мурата арасында өтетін жекпе-жекке санаулы күндер қалды. Сайтама қаласындағы Saitama Super Arena-да былғары қолғап шеберлері орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық титулдар үшін жұдырықтасады. Негізі, Головкин – Мурата жекпе-жегі 2021 жылдың 29 желтоқсанына жоспарланған, бірақ оны өткізу уақыты коронавирустың жаңа штамының таралуына байланысты кейінге шегерілді. Көп күттірген кездесу араға төрт ай салып өткелі тұр. Бокс кешін ұйымдастырушылардың айтуынша, GGG – Мурата жекпе-жегі жапон боксы тарихындағы ең жоғары бюджетті жоба болмақ. Қазірдің өзінде спорттық шара үшін 2 миллиард иен (7 526 880 000 теңге) жұмсалған. Ал Chunichi Shimbun басылымы жекпе-жектің жалпы бюджеті 15 миллиард иенді құрайтынын (132 миллион доллар) жазыпты. Күні кеше боксшылардың алдағы айқас үшін алатын гонорар көлемі белгілі болды. Головкиннің кепілді гонорары 12,3 миллион долларды құраса, Мурата отандасымыздан үш есе аз ақша (4,1 миллион доллар) алады. Сондай-ақ кездесу DAZN платформасындағы әлемнің 200-ден астам елінде тікелей эфирде таратылады. Ал елімізден аталмыш жекпе-жекті Qazaqstan және Qazsport телеарналары көрсетеді. Головкин бұған дейін рингке 2020 жылдың желтоқсанында шығып, поляк боксшы Камил Шереметаны қапы қалдырған. Мурата болса, кейінгі айқасын 2019 жылдың желтоқсанында өткізіп, Канада боксшысы Стивен Батлерді жеңген болатын. Букмекерлік кеңселердің бәрі алдағы бәсекеде басымдықты Головкинге беріп отыр. Спорт мамандарының көпшілігі де GGG-дің қиындықсыз жеңіске жететін айтады. Қазақстандық белгілі промоутер Болат Манкенов осы сенбіде өтетін жекпе-жек алдында 40 жасқа толатын Геннадийдің сөзсіз фаворит екенін атап өтті. – Екі боксшы да пандемияға байланысты көп уақыт рингке шықпады, бірақ бұл жыл басындағы керемет жекпе-жектердің бірі болатынына сенемін. Әрине, Гена қарсыласынан бір бас жоғары, алайда кездесу Жапонияда өтетінін ескерген жөн. Мурата сан мыңдаған жанкүйерлерінің алдында жақсы өнер көрсетуге бар күшін салады, – дейді ол. Ал бокс төрешісі Серікжан Ешмағамбетов Геннадийдің қарсыласқа қарағанда тәжірибесі көп әрі шеберлігі жоғары екенін жеткізді. – Мурата өз елінен сыртқа шығып көрмеген боксшы. Оның үстіне жапониялық спортшының шаршы алаңға шықпағанына үш жылға жуықтады. Головкинге қарағанда екі есе аз айқас өткізген. Осының бәрін ескере отырып, басымдықты Генаға бергім келеді, – дейді С.Ешмағамбетов. Қазақстандық боксшының өзі журналистерге берген сұхбатында бұл жекпе-жекте бәрі болуы мүмкін екенін айтты. Яғни, отандасымыз Жапонияда Big Drama Show жасауға дайын. Оның айқас алдындағы «Мурата екеуміздің айқасымыз жанкүйерлерге ұнайтынына бек сенімдімін. Тіпті, осы жекпе-жек жылдың үздік жекпе-жегі болуы мүмкін» деген сөзін ұмытқан жоқпыз. Сондықтан отандасымыздың шаршы алаңда жапон боксшысын жеңіп, елімізге жеңіспен ораларына сенеміз. Бәрін айт та бірін айт, біз алдағы сенбіде қос боксшының тартысқа толы бәсекесін көруге асықпыз.