Оқу ақысын төлей алмаған қанша студент оқудан шығарылды?
Оқу ақысын төлей алмаған қанша студент оқудан шығарылды?
Фото: smartik.ru
694
оқылды

Қазақстанда 112 мыңнан астам студент оқудан шығарылды, – деп хабарлайды AstanaTV. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегінше, 112 мыңның арасында оқу ақысын төлей алмай шығып қалғандары да бар. Жалпы, 130-ға жуық жоғарғы оқу орны бар. Студенттердің басым бөлігі оқу ақысын төлеу, күнкөріс үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Жоғарғы оқу орындарындағы студенттер жалпы саны 600 мыңнан асады екен. Оның ішінде, Алматыда 42 жоғары білім беру ұйымы бар. Одан кейін Нұр-Сұлтан (15 ЖОО) мен Шымкент қаласы (8  ЖОО). Облыстар арасында Қарағанды (9  ЖОО) және Шығыс Қазақстан облысы (7) алдыңғы орында тұр. Жоғарғы оқу орындарына түсіп, жарты жолда оқудан шығып қалғандардың көбейгені әлеуметтанушыларды да алаңдатып отыр.

Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов: «Бұл – бүгінде Қазақстанда оқып жатқан студенттердің шамамен 20 пайызы. Егер колледжде оқитын студенттер қосылса, біраз ақылға сыйымды дерек. Былтыр бірнеше оқу орындары жабылды. Сол студенттер оқудан шығарылды ма екен?..», – дейді.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, оқудан шыққан студенттердің көпшілігі мамандық ауыстырғандар (30,7%). Басқа жоғары оқу орындарына ауысу (20,4%), 15,6%-ы оқуын өз қалауы бойынша, ал 13,1%-ы қаржылық қиындықтарға байланысты кеткен. 9,2%-ы үлгерімі нашар, 6,4% оқу тәртібін бұзғаны үшін оқудан шығарылды. Білім министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі келтірген деректерді жоққа шығарды. Ресми дерек бойынша 10 мыңнан астам студент оқудан шығарылған.

Арман ЕРМАХАН