Елуге дейін маман, елуден кейін жаман
Елуге дейін маман, елуден кейін жаман
© коллаж: Әсел Балтақызы
508
оқылды
Қазақстанда аға буын атанған шақта жұмыссыз қалған азаматтардың еңбекке қайта орналасуы қиын. Басшылық қызметте, жеке кәсіпкерлікте болмасаң, мұғалімдіктен басқа мамандықтардың барлығы егде жастағыларды шеттетуге дайын тұрады. Сондықтан елімізде жасы зейнетке жетпеген, екі қолға бір күрек сұрап жүрген азаматтар жетерлік. Сонда елуге дейін маман, елуден кейін жаман ба?

«КҮМІС ЖАСТАҒЫЛАРДЫ» НЕГЕ КЕМСІТЕДІ?

Жұмыс берушілерден «зейнетке шыққалы тұр екенсіз, жұмысқа ала алмаймыз» дегенді біздің елдің аға буын өкілдері жиі естиді. Ста­тис­ти­каға сүйенсек, Қазақстанда 450 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мың­ға жуығы 45-54 жас аралы­ғын­дағы азаматтар, одан бөлек 55-тен асқан 65 мыңнан астам адамдар да жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына жақындаған азаматтарға жұмыс та­бу қиын екенін көрсетеді. Сон­дықтан басым бөлігі еңбек шар­­тын­сыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жас­та­ғыларды көбі жұмысқа алғысы кел­мейді. «54 жас­тамын. 27 жыл мұғалім болып жұ­мыс істегенмін. Қазір қ­а­ладағы дәм­ханалардың бірінде аспаздың кө­мекшісі болып жұмыс істеймін. Жалақым мардымсыз. Алайда күн­көрістің қамымен көнуге тура ке­ле­ді. Себебі бұдан айырылсам, қай­да жұмысқа орналасамын?», – дейді елорда тұрғыны Айжан Мамырова. Ал 57 жастағы Гүлнұр есімді қала тұрғыны 2 диплом, 3 тілді мең­гергеніне қарамастан жұмыссыз. Ан­да-санда элиталы пәтерлерді жи­нап, 5 000-10 000 теңге ақша та­ба­ды. Дегенмен «аяқ-қолым сау, 50-60 мыңның жұмысына баруға да дайын, бірақ оның өзін табу қиын­дап кетті», – дейді ол. – 3 жылда 2 рет жұмысқа ұсы­ныс болды. Екеуінде де алдын ала теле­фон арқылы тілдескенімде, кісі қабылдап қойдық деді. Өз бетіммен жұмыс іздеп көргенмін. Бірақ қайда барсам да, 45 жасқа дейін қабыл­дай­мыз дейді. Ондай талап қай заң­да көрсетілген? Мен түсінбей­мін, біздің елде сонда 45-тен кейін өмір сүрмеу керек пе? Кезінде шет­ел­ге кетуге мүмкіндігім болды, бі­рақ мен кетпедім. Бәрі жасқа қа­рай­ды. Зейнетке шығуға әлі 4,5 жыл бар, ең болмаса зейнет жасын азайт­са екен, – деді ол. Міне, көптеген қазақстандық жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болып отыр. Ал заң не дейді? Қазақстанның «Ха­лық­ты жұмыспен қамту» заңына сәйкес, 16 жастан бастап зейнет­керлік жасқа дейінгі азаматтардың жұмысқа орналасуға толық құқығы бар. Еңбек кодексі бойынша, еш­кімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жа­сына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, әлеу­меттік және лауазымдық жағ­да­йына және басқа да белгілері бойынша кемсітуге болмайды. Осы мәселе бойынша Кәсіп­одақ­тар федерациясына хабар­лас­қан едік, жасына қарай кемсітушілік заң­мен тыйым салынғанын растап отыр. ҚР «Еңбек заңына» сәйкес, 45-50 жастағы адамдар экономи­калық тұрғыдан белсенді азаматтар. Жұмыс берушілердің аталған жас­тағы азаматтарды жұмысқа алмау мәселесі – жұмыс берушінің Қазақ­стан заңы алдындағы жеке жауап­кершілігі. Жұмыс іздеу сайттарында жұ­мыс берушілер үміткерлердің жа­сын, жынысын және тіпті сыртқы артықшылықтарын көрсетеді, бұл Еңбек кодексіне және адам құқық­тарына қайшы келеді. Еңбек са­ласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар заңда бел­гіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы. Сонымен, елде заң бар. Эйджизмнің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ неге мәселе шешімін таппай келеді? Себебін HeadHunter компаниясының маркетинг және PR менеджері Махмудова Рахи­мадан сұрап білдік. «Жасы үлкен кісілер көбіне бух­галтерия, кәсіпорын, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, ло­гистика, әкімші секілді жұмыс­тарды іздейді. 45 жастан кейін әрбір азамат білімін арттырмаса еңбек нарығындағы құны азаяды. Сол үшін біліктілігіңізді арттыру үшін тренингтерге, курстар мен семинар­лар­ға қатысуыңыз керек. Елімізде 55 жастан асқандардың қалауын­дағы жалақы 285 мың теңгеден бас­талады. Бұл басқа да жұмыс із­деп жүргендердің көрсеткен жа­лақысынан 22 пайызға көп. Олар тәжірибесі көп болғандықтан, жоғары жалақыны қалайды», – дейді маман. Қара күшті қажет етпейтін бух­галтер, экономист, заңгер сияқты ісқағаздар мен есеп-қисап маман­дық­тарының шекарасы 25-45 жас­ты құрайды. 50 жас деп көрсеткен ме­кемелер бірен-сараң. Ал сату­шы­лыққа 25-35 жас аралығында шек­теу қойылады. Кейде тіпті бі­лік­ті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасы­ның үлкендігіне байла­ныс­ты далада қалады. Жұмыс тауып бе­румен ай­налысатын мекеме қыз­меткер­ле­рінің айтуынша, кейде жұмыс бе­рушілер жасқа байла­ныс­ты шектеу­лерді не үшін қоятын­да­рын өздері де білмейді. Қалыптасып кеткен үрдіс ретінде жалғасып келеді. Негізгі себептеріне үңілсек, 45-50 жас аралығындағылар өзгеріске бейімсіз. Барлығы бірдей қарқынды жұмыс істеуге дайын емес. Мәсе­лен, идея үшін демалыс күні жұмыс істеуге құлықсыз келеді. 50 жастан асқан адамдар тұрақтылықты қалайды. Аға буын өкілдері жаңа нәрсені меңгеріп алуға қарағанда, жастарды сынауға дайын тұрады. Міне, осындай себептерді алға тартатын жұмыс берушілер қалай да болсын бірінші кезекте жастарды жұмысқа алуды қалайды екен. Бұл мәселемен күресте елімізде «Күміс жас» арнайы жобасын жүзе­ге асыру жоспарланған. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орын­дары ашылады. Еңбек ми­нистрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды жұмыспен қамтымақ. Жоба қатысушылары жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үс­темеақы бойынша төлемдер есеп­ке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы бел­гілесе, онда оның 90 мыңын мем­ле­кет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұ­мыс беруші зейнет жасына жақын­даған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға мін­детті. «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталық­тарына немесе Еnbek электронды еңбек биржасына жүгіну қажет. Жо­баға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, са­лық және басқа да әлеуметтік ауда­рымдарды тұрақты аударатын, сон­дай-ақ жалақы бойынша мерзі­мі өткен берешегі жоқ барлық мен­шік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады. «Күміс жас» жобасы бос жұмыс орын­да­рынан тыс жасалатын болады. Яғни, еңбек жағдайлары қауіпті және зиянды сала кірмейді.

ОЛАЙ БОЛМАҚ ҚАЙДА ДЕП...

«Күміс жас» жобасынан күте­ріміз көп. Десек те, бұл мәселемен шетел қалай күресіп жатыр? АҚШ әлеу­меттанушылары жүргізген сауалнама бойынша, Apple қызмет­керлерінің орташа жасы 31-де, Intel қызмет­керлері бір жасқа үлкен, Google және Amazon-да жұмыс істейтіндер орташа есеппен – 30 жаста, ал Meta және LinkedIn қыз­меткерлері одан да аз, бар болға­ны – 29 жаста. АҚШ-та соңғы үш жылда жұ­мыс дискриминациясы 17 пайызға өссе, ал бір жылда 50 жастан асқан адамдардың жұмыстан шығып қалу көрсеткіші үш есе артқан. Мәселен, Google эйджизм құрбандарына 11 миллион доллар өтемақы төледі. Дегенмен үлкен айыппұл кадр сая­сатын өзгерткен жоқ. 2019 жылы 227 адам аталмыш компанияны жұ­мыскерлерді жасына байланысты кемсітті деп айыптады. Нәтиже­сін­де, өтемақы төлеп, қызметкерлерді іріктеу тәсілін өзгертеміз деп уәде берді. Алайда жағдай өзгерген жоқ, бүгінге дейін 40 жастан асқан үміт­керлерді түрлі себептермен жұмыс­қа қабылдаудан бас тартып жатады. Сарапшылар экономикалық өр­кендеуге ұмтылатын ұйымдар мен компаниялар эйджизмді жою үшін «әлем жастарға тиесілі» деген ұғым­нан алыстау керегін алғы тартып отыр. Айжан Данабекова – Ирландия­ның Дублин қаласында TikTok ком­паниясының жарнама қызме­тінің маманы. Шетелде тұрып жат­қанына 4 жылдан асқан. Отандасы­мыз ол елде 60 жастағы даяшыны көрсе, ешкім таңғалмайды деп, эйд­жизмге себеп – адамдардың тү­сінігінде екенін айтады. «70 жастағы аталар да жұмыс істейді. «Жасың келіпті», «50-ге же­тіпсіз» деп жұмысқа қабылдамай қойса, дискриминация болып есеп­теледі. Онда құқығы тапталған кісі сотқа жүгінеді. «Феникс Фм» деген радио қауымдастық бар. Мен сол жерде волонтер болып жұмыс іс­тей­мін. Осы мекеменің басшысы – 60 жастан асқан әйел. Ирландықтар, британдықтардың менталитетінде «жасым келіп қалды», «дәуренім өтті» деген түсінік жоқ. Латвия, Литва елдерінің өкілдерімен де араласамын. Олардың түсінігінде «жасым 50-ге жақындады, ағылшын тілін меңгеру кеш» деген ой бар», – дейді шетелдегі қандасымыз. «Жасым келді» дейтіндердің көбі 10-15 жыл бойы қара жұмыс істейтінін айтып налыды. «Ал ирландиялықтардың түсі­нігі басқа. Магистратураны 58 жас­тағы ирландықпен бірге оқыдым. Ол кісі одан кейін докторантураны да оқуға ниетті еді. Байқағаным, Кеңес өкіметінің құрамында болған елдер келгендер 15-20 жылдан бері қара жұмыс істеп жүр. Ағылшын ті­лін де жақсы білмейді, оған құлшынысы да аз. Ал ирландия­лық­тар жаңа бі­лімге құштар», – дейді А.Данабекова. 2035 жылы әлемде 65 жастан асқан адамдардың саны 1 миллиард­тан асып кетуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдемесі – осы. Бұл көрсеткіштің артында қарт адамдарға деген жұмыс жағынан шеттету мәселесі бой көтеріп тұр. Мұны реттеу үшін мемлекеттер зейнетақы жасын ұлғайтып жатыр. 2022 жылдан бастап әйелдердің зей­нет жасы тағы жарты жылға ұза­рып, 60,5 жасқа жетті. Алайда зей­нет жасын ұзартумен мәселе ше­шіле қояр емес. Ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қа­тар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды азапқа теңеп, ел азаматтары отандық зейнетақы жүйесін қайта қарастыру мәселесін көтеріп, зейнетке шығу жасын әйел­дер үшін 55-ке және ер аза­маттар үшін 60 жасқа дейін төмен­детуді жиі сұрайды. Зейнет жасқа шығуға дейін 8-10 жыл күту қажет болғандықтан, көбісі қара жұмыс істеп, өз отбасыларын асырауға мәж­бүр. Оның өзінде доллар құл­дырап, қымбатшылық қысып тұр­ғанда, орташа жалақы ұсынатын жұмыс табыла қойса, әрине. «Күміс жас» бағдарламасы көмек берер деген үміттеміз. Екінші, «жасым кел­ді, жұмысқа алмайды» деген тү­сініктен де арылатын кез жетті. Ерік-жігер болса, алынбайтын қа­мал жоқ емес пе?!