Көшелерін түгелдей су басып, аяқ аттап жүре алмай қалған елорданың іргесіндегі қояндылықтар жергілікті биліктің жайбасарлығына наразылық білдірді. Тұрғындардың айтуынша мектеп оқушылары көше бойында толқыны тулап аққан судан мектепке де бара алмай қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ауыл тұрғындары жылда қайталанатын көктемгі су тасқынына жергілікті әкімдік жылда шарасыздық қылып, еш қам жасамайтынына қынжылатынын жеткізді. Балаларды мектепке жеткізу мұңға айналды «15 жылдан бері әкімнің түр келбетін көрмедім. Өте жиі ауысады. Әрі Қояндыда тұрмағандықтан, біздің жағдайымызды қайдан ұқсын? Әсіресе, мына Бөгенбай және Ынтымақ көшелерінен өту аса қауіпті. Күн сайын осы көшеден өтеміз. Былтыр жазда қазылып тасталған көшелер сол күйі қалды. Ал қазір шұңқыр болған жол кәдімгі өзенге айналып шыға келді. Қос қапталы биік, ортасы суға толған. Жалпы әкімдік жолдарды қалай жөндеуді бақылайтынын түсіне алмадық. Жөндеуді қажет ететін негізгі көшелердің жағдайы мынау. Ал былтыр айдаладағы адам өте сирек тұратын көшелерге асфальт төсеп тастады. Ал балаларымызды өз бетімен мектепке бара алмайды. Көліктің өзімен әупірімдеп зорға жеткіземіз. Тіпті жағдайға қарай бір апта онлайн оқытса да жөн болар ма еді», – дейді Қоянды ауылының тұрғыны Халат Хуаныш. Су тасқыны мәселесі толықтай бақылауға алынған – әкімдік Жағдайды аудан әкімдігінен білмек болып әкім орынбасарымен тілдестік. Ол аудан әкімдігінің жағдайды толықтай бақылауға алғанын айтып ақталды. «Қазіргі таңда Қояндыда 10 мотопомпа, 1 сорғылық Вариско, екі өрт сөндіру көлігі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін 24 мың куб су сорылды. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметінің 20 сарбазы және қосымша сарбаздар көмекке келмек. Ал жолдар бойынша былтыр ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қазгер» компаниясымен басталған жол жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалған. Биыл көктемгі су тасқынынан кейін жол жөндеу жұмыстары қайта жалғастырылмақ. Жағдайдың бәрі толықтай бақылауға алынды. Суға кеткен үйлер мен аула аймақтары жоқ», – дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Серік Оспанов. Облыстың төтенше жағдай қызметі де жергілікті атқарушы органдармен еріген қар суының тазартылып жатқанын мәлімдеді. «Бірінші кезекте үйлердің маңындағы су ал одан кейін автокөлік жүретін көшелердегі су сорылып жатыр. Жалпы, Қоянды кентінде бір күн ішінде 11 220 текше су сорылып алынды. 230 қап құм мен қиыршық тастар төселді. Су тасқынына қарсы Целиноград ауданында 59 адам, 15 техника екі қайық пен 10 жылжымалы мотопомпалар жұмылдырылған. Мұнымен қоса жағдай күрделенсе басқа облыстардан күш-құрылымдары келетін болады», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Ақмола облысы