Батыс Қазақстанда су тасқынының қаупі сейілген жоқ
Батыс Қазақстанда су тасқынының қаупі сейілген жоқ
Фото: ТЖМ-нен алынды
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бір тәулік ішінде cу тасқыны салдарынан 119 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 106-сы  уақытша эвакуациялау пункттерінде, 13-і туысқандарында орналастырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ақтөбе облысында 15 саяжай үйі бақылауда тұр. Сондай-ақ Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы республикалық маңызы бар 3 автожолда, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы 2 облыстық маңызы бар автожолда, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы 4 жергілікті маңызы бар автожолда және Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар учаскесіндегі 1 көпірде су тасуда. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері өңірлер аумағында 235 874 мың м3 еріген қар суын сорып шығарды. Тасқынға тосқауыл болу үшін 6 870 қап төседі. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардан 868 адам, 584 бірлік техника, 234 су сорғыш және 15 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде, ТЖМ жеке құрамынан 452 адам, 120 бірлік техника, 36 су айдау құралы және 9 жүзу құралы. Батыс Қазақстан облысында Маңғыстау және Атырау облысы ТЖД құтқарушылары Тасқала ауданы мен Орал қаласында су тасқынының зардаптарымен күресіп жатыр.