Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұйымның кезектен тыс ХХІІ съезінде партияны жаңғырту бойынша 7 басымдықты айқындап, нақты жоспар мен бірқатар тапсырма берген болатын.
Осыған орай «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалында қоғам және партияның белсенді мүшелері, сарапшылар, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің бірнеше басқарма басшыларының қатысуымен арнайы отырыс өтті. Жиынға жиналғандар жоғарыда аталған бағдарламалық құжатты талқылап, ұсыныс-ойларымен бөлісті.
Қазір Төраға тапсырмасын орындау мақсатында «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша бағдарламалық құжатын өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ осы күні партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалында дөңгелек үстел өтті.
Шара барысында мекеме қызметкерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауының басым бағыттары мен міндеттері түсіндірілді. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жайы қарастырылды. Оған қоса, партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы хабарланды.