Табиғи апаттың шығыны қанша?
Табиғи апаттың шығыны қанша?
1,610
оқылды
Қазақстанда жыл сайын шамамен 15 мыңға жуық табиғи және техногендік сипаттағы тө­тен­ше жағдай болып, 3-5 мың адам зардап шегеді. Мерт болатындар саны да аз емес. Өкінішке қарай, табиғи апаттардың «өзіндік құны» тек адам шығынымен, қираған мүлікпен өлшен­бейді. Апаттардың ел экономикасына тигізетін кері әсері, келтіретін қаржылай шығыны да ора­сан. Жыл сайын болатын табиғи апаттар ел бюджетін қаншама қаражатқа «қа­ғып» кетеді. Дегенмен шамамен алғанда қанша шығын келуі мүмкін?    Қазақ даласының жағрафиялық ерекшеліктеріне байланысты елі­мізде жер сілкінісі, су тасқыны, көш­кін, сел, құрғақшылық пен өрт шығу қаупі жоғары өңірлер аз емес. Қазақстанда, әсіресе зілзала қаупі орасан. Еліміздің 475 мың шаршы шақырымы сейсмикалық қауіпті аумаққа жатады. Осынау аумақтың 42,9 пайызында қуаты алты және одан да жоғары балға жететін жер сілкінісі болуы мүмкін. Қазір рес­публиканың сейсмикалық белсенді аймақтарында 7 миллионға тарта адам өмір сүреді. Еліміздің ең ірі қа­ласы Алматыда 200 мыңға тарта тұрғын сейсмикалық тұрғыдан осал үй-жайларда тұрып жатыр. Егер қуатты зілзала бола қалса, бұл ғи­мараттардың төтеп бере алар-ал­масы белгісіз. Мұндай қауіптен әлеу­меттік нысандар – мектеп, ауру­хана, балабақша және басқа да қоғамдық мекемелер де толық қор­ғалған дей алмаймыз. Ал тарихқа көз жіберсек, Алматыда 1911 жылы болған жер сілкінісінен келген шы­ғын 20 миллион долларға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, біздің мемлекет бүгінге дейін зілзаланың салдарынан 1 миллиард доллардан астам шығын шеккен. Сондай-ақ Қазақстанда су тас­қыны да жиі болады. Олардың бүл­діргіштік күші зілзала сияқты жой­қын болмағанымен, оның да эко­номикалық залалы орасан. Мә­се­лен, 2005 жылы су тасқынының зардабы 7,6 миллион долларға ба­ға­ланса, 2008 жылы ол 100 миллион долларды, 2010 жылы 53 миллион дол­ларды құрады. Алматы облы­сын­дағы Қызылағаш су қойма­сы­ның жарылуы экономикалық шы­ғындармен қатар, адам өліміне де апарып соқты. Сол кезде 45 адам қаза тауып, 300 адам жарақат алған, 2 мың адам басқа жерге көшірілген. Үкімет қаза тапқандардың отба­сы­ларына 500 мың теңгеден өтемақы төледі. Сондай-ақ 2020 жылы Өз­бекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, тасқын Түркістан облы­сының Мақтаарал ауданының бір аумағын басып кеткені естеріңізде болар. Бұл кезде 1 мыңнан астам үй­ге зақым келіп, 31 мың адам эва­куа­цияланды. Айта кетейік, елі­міз­де су тасқынынан ғана жыл сайын 300 мыңға жуық адам жапа шегеді. Күні бүгінге дейін одан қазынаға 3 миллиард доллар шығын келген. Одан бөлек, жыл сайын дала мен орман өртенетіні бар. Айталық, 2021 жылы Қазақстанда 712 орман өрті тіркелген. Ал өртенген орман­ның жалпы ауданы 148,7 мың гек­тарды құрапты. Келтірілген шығын көлемі болса 4,6 млрд теңгеге же­тіпті. Бұл дегеніңіз, 2021 жылдың дерегі. Демек, соңғы 10 жылдағы ор­ман мен дала өртінен келген шы­ғынды есептесек, қаржы көлемі есе­леп өсуі мүмкін. Одан бөлек, табиғатта түрлі ін­дет тарап мал, кейде жабайы жа­нуар­лар қырылып қалатыны тағы бар. Мәселен, 2015 жылы Қазақ­стан­да 200 мыңға жуық киік қы­рылды. Жыл сайын түрлі өзен-көл­дерде балықтың қырылып қала­тынына куә боламыз. Былтыр тұтас аймақтарды құрғақшылық жай­лағаны бар. Бір ғана Маңғыстау өңі­рінен өлген малдың саны 5 мың­нан асып жығылған. Әрине, мұ­ның бәрі табиғи апат саналға­нымен, олардың сипаты бөлек. Зіл­зала, су тасқыны, өрт, қар немесе топырақ көшкіні тәрізді қиратқыш сипатта болмайды. Сондықтан есеп-қисапқа ауру-сырқау, құр­ғақ­шылық тәрізді жұттардың «құнын» қоспадық.

Саланың жеке министрі болғанмен...

Елдегі төтенше жағдайлармен күрестің нәтиже бермеуі, соңғы 5-6 жылда үздіксіз қайталағанға су тасқыны, дала және орман өрті тәрізді табиғи катаклизмдермен күресте Үкіметтің дәрменсіздігін ескерді ме, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Төтенше жағдайлар ведомствосын Ішкі істер министрлігінің құрамынан алып, өз алдына жеке министрлік етіп құру туралы Жарлық шығарды. Сөй­тіп, азаматтық қорғаныс сала­сына қан жүгіргендей болған еді. [caption id="attachment_190811" align="alignleft" width="1200"]табиғи апат © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Тіпті, төтенше оқиғалардың алдын алу, оның зардаптарын жою ісі біршама жақсара түскендей. Соның әсері де шығар, 2020 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан келген мате­риалдық шығын 7,3 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін азайған. Түрлі апаттардан құрбан болғандар саны 10,8 пайызға төмендеген. Өндірістік өлім-жітім – 36 пайызға, ауыр жарақаттар 9 пайызға кеміген. ТЖМ басшысы Юрий Ильин­нің айтуынша, 2021 жылы респуб­лика бойынша 12 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Ол оның алдындағы жылмен салыстырғанда 8 пайызға азайған. Былтыр құтқа­ру­шылар төтенше жағдай орнына 76 мың рет шыққан. Авиация тө­тен­ше оқиғалардың алдын алу үшін 1 мың рет ұшып, 632 науқас са­ни­тарлық авиациямен тасымалданған. Бірақ бұл деректердің барлығы та­би­ғи апаттарға байланысты емес екенін де ескерген дұрыс. Былтыр Жамбыл жерінде әскери қойма өртеніп, жарылыс болды. Ал оны мамандар техногендік апат қата­рына қосады. Біздің пайымдауы­мызша, тиісті сала мамандары тех­ногендік сипаттағы апаттардың алдын алу жағына айрықша көңіл бөлгені дұрыс еді. Өйткені техно­гендік апаттың зардабы мен шы­ғы­ны да аз болмайды. Ал табиғи апаттар әдетте алдын ала болжау қиын, тиісті саланың дайындығын ұдайы пысықтап отыруды қажет ететін құбылыс. Оның алдын алу үшін төтенше жағдайлар саласы мамандарынан бастап әкімдер, мекеме басшылары қырағы болуы қажет. Дегенмен ТЖМ құрылғаны апат шығындарын сәл де болса азайтқаны көңілге демеу болатыны жасырын емес.

Төтенше жағдай өтемақысы 7 млрд теңге

Сонымен, әу бастағы сауалға оралайық. Сөз басында табиғи апат­тардан келетін шығын көлемін деп басып айту мүмкін емес екенін атап өттік. Дегенмен сарапшылар табиғи апаттардың салдарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын орташа есеппен 15-16 мил­лиард теңге шығын келетінін алға тартады. Одан бөлек, төтенше жағ­дайларда өтемақы төлеу үшін рес­публикалық бюджеттен арнайы қарастырылатын қаржы тағы бар. Мәселен, ТЖМ мамандарының ай­туынша, биыл төтенше жағдайда өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 7 млрд теңге қарасты­ры­лыпты. Демек, от пен судан тө­нетін қауіптің алдын алу, зардабын жою дейсіз бе, әйтеуір шығын аз емес. Айтпақшы, осы тұста «табиғи апат шығындары қалай есептеледі?» деген сауал да көкейде тұратыны бар. Сөйтсек, шығындар белгілі бір нормативтер негізінде есептелетін көрінеді. «Төтенше жағдайлар ке­зінде туындаған шығындар нақты нормативтер бойынша есептеледі. Сол арқылы расталған шығын та­би­ғи және техногендік сипаттағы тө­тенше жағдайларды жоюға арналған Үкімет қорынан, әртүрлі деңгейдегі жергілікті бюджеттен бөлінеді», – деді Нұр-Сұлтан қала­сының Тө­тенше жағдайлар де­партаменті бастығының орынба­сары Дамир Ермағанбетов. Бір сөзбен айтқанда, табиғи апаттардың зардабын жою­дың өзіндік әдіс-амалы бар екен. Одан бөлек, сақ­тандыру нарығы бар. Ол бірақ басқа әңгіме.  
Р.S. Дүниежүзілік метеоро­ло­гиялық ұйымы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 50 жылда әлемде та­биғат апаттары 5 есе жиілей түскен. Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырады. Соның салдарынан 2 миллионнан аса адам опат болған. Материалдық шы­ғын көлемі 7 есе артқан. Тек был­тырдың өзінде табиғи зауалдардан келген шығын 250 миллиард дол­ларды құраған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Демек, табиғи апаттардан сақ­тану мәселесі күн өткен сайын өзекті болып келе жатыр деген сөз.