Алматыда қалалық әкімдік маңынан қою түтін шықты
Алматыда қалалық әкімдік маңынан қою түтін шықты
©Nur.kz
404
оқылды
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде отқа оранып, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан қала әкімдігі ғимараты мен Президент резиденциясының маңында қою түтін байқалды. Куәгерлер бүгін таңертең Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысындағы саябақта түтін шыққанын көрген. Олар өрт шықты деп болжаған. Олардың айтуынша, сәлден соң түтін тараған. Алайда, аймақта арнайы өрт сөндіру техникасы байқалмады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 101 пультіне аталған аумақта өрт туралы қоңырау келіп түспеген. Артынан ол жерде қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі болды. «Қалада иксодид кенелеріне қарсы дезинсекциялық жұмыстары басталды. Ол қаладағы сегіз орман саябағында, сондай-ақ 144 қалалық саябақтар мен алаңдарда өтеді. Барлығы 2424 гектар алқап қамтылады. Жұмыстар ауа райы жағдайларын ескере отырып, яғни құрғақ және жауын-шашынсыз уақытта, 5 мамырға дейін жүргізіледі», – деді ДСЭК баспасөз қызметі. Сондай-ақ жұмыстар негізінен таңғы уақытта жүргізілетіні хабарланды. Өңделетін аумақтардың шекараларында ескерту белгілері бар тақталар орнатылады. «Дезинсекция шараларын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының тікелей бақылауымен Алматы дезинфекциялық орталығы жүргізеді. Кенеге қарсы ем жүргізу үшін «Фаворит» жәндік-акарицидтік препарат қолданылады. Препарат улылығы төмен және қауіптілігі төмен заттарға жатады (3-4 класс). Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар адамдар мен жануарлар үшін мүлдем қауіпсіз», – деп атап өтті департамент өкілдері. Бұған дейін ведомство 5 сәуірден бастап Алматыда кенеге қарсы емдеудің бірінші кезеңі басталғанын хабарлаған болатын.