«Билеттер сатылды» – АҚШ-та концерті өтуі тиіс Мейрамбек уәдесінде неге тұрмады?
«Билеттер сатылды» – АҚШ-та концерті өтуі тиіс Мейрамбек уәдесінде неге тұрмады?
653
оқылды
Соңғы екі аптадан бері әнші Америкада Мейрамбек Беспаев пен Ғазизхан Шекербектің концерті өтетіні туралы айтылған еді. Алайда алдын ала хабарланған концерт аяқ астынан болмай қалды. Мұхиттың арғы жағындағы әншінің тыңдармандары неге ашулы? Әншілерді алдап соққан кім? Редакциямызға АҚШ-тың Орландо қаласында тұратын журналист Динара Идаялова әлеуметтік желі арқылы алып елдегі отандастарды екі аптадан бері сүйінші хабармен қуантып, қазақстандық әншілердің концерті болатыны туралы хабарлағанын айтады. Алайда соңында бармағын тістеп қалған ол «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейтін қазақ мақалын қаперге алмағанын кеш түсінгенін айтып отыр. Оның айтуынша, жерлестеріміз әншілердің атын жамылып, Америкада да алаяқтық жасап жүрген көрінеді.
«Мейрамбек Беспаев мен үшін қазақ эстрадасының нағыз майталманы, елдің беткеұстар азаматы. Осындай әншінің келе жатқанын естігенде жанкүйері ретінде қатты қуанғаным рас. Себебі, бұл кісінің даусы ерекше, сиқырлы, әсерлі. Елімді сағынғанда әрдайым осы әншінің әндерін тыңдап, өзімді жұбатамын. Мен сияқты ойлайтын адамдар аз емес. Әсіресе, шетелде жүргенде мұндайды ерекше іздейсің. Сондықтан «Мейрамбек аға Америкаға келе жатыр» дегенді естігенде қатты қуандық. Өз қаламыздан көрудің амалдарын ойластырдық. Құрбым екеуіміз ұйымдастырушыларына хабарласып, сөйлестік», – дейді Динара Идаялова.
Әншінің қасында жүрген ұйымдастырушылары мен «нөкерлері» көп болған. АҚШ-тағы қазақтар әншінің қасындағы «сенімді» деген, отандық БАҚ-та үнемі жарқырап шығатын болған соң Нью-Йорк қаласында тұратын қазақ баласы  Данияр Қожанға шыққан.  Сөйтіп 3 сәуір күні Мейрамбек Беспаев пен Ғазизхан Шекербек Флорида штаты, Орландо қаласына келетін болып келіскен.
«Ұсынысымыз қабыл болғанда қуанышымызда шек болмады. Алып-ұшып концерттік залды жалға алып, жарнама жасап, елдерге билет сатуға кірістік. Бір-ақ апта қалғанда біз ол кісілерге қаламақыны пайызбен береміз деп айттық. Олар келісті. Қалғанын сол жалдаған залдың құнын өтеп алсақ деген ғана мақсат болды. Уақыт тығыз болды. Біз осындағы қазақтар көбірек концертке келу үшін қазақстандық блогерлерге тікелей шығып, жарнамалап беруге өтініш сұрадық. Көбісі жарнама тегін жасалмайтынын бірден айтты», – дейді ол.
Өкінішке қарай, қазақстандық блогерлерден қайыр болған жоқ. Есесіне өзге ұлттың өкілдері жанашырлық танытып, көп нәрсеге көмектесті. Сонымен не керек, концертке 50-ге жуық адам жиналған. Алайда концерт басталуға санаулы сағат қалғанда Данияр Қожан жоқ жерден тағы 10000 долларды алдын ала бермесе, келмейтіндерін айтады. Келісімді бұзғанымен қоймай ұйымдастырушылар «олай болмаса концерт болмайды» деген соң концертке жиналған қазақтар сол жерде бес мың долларын тауып береді. Алайда алдын ала келіскен ақшаны менсінбеген Данияр Қожан 10 мың доллар бермесе,  концерт болмайды деп кесіп айтқан. Қызықтың көкесі алда болған. Сөйтіп АҚШ-ғы қазақтарға «Аңғыт, аузыңа саңғыт» деп кете барады. Сөйтсе әншінің ұшақ билеттері концертті өткізуге сәйкес келмейтін көрінеді-мыс. Жиналған халық сол жерде әншінің өзіне хабарласып, істің мән-жайын сұраған. Әншілер Орландодағы өздерінің сыртынан ұйымдастырылған концерт туралы мүлдем бейхабар болып шыққандарын айтыпты.
«Әншінің айтуы бойынша, олар Америкаға Данияр шақырған соң қыдырып келген. Ән айту, концерт қою мүлдем жоспарларында болмапты. Бір қызығы, бізге жіберген видеода гастроль жасап жүргені айдан анық. Билеттерінің уақыттары сәйкес келмегені үшін келе алмайтыны айтып, кешірім сұрады», – дейді Динара Идаялова.
Осылайша шет жұртта қазақ әніне шөліркеген отандастарды өзге емес, өз қазағымыз алдап соққан. Сан соғып қалған Орландодағы қазақтар әнші мен ұйымдастырушыларға өкпелері қара қазандай.
«Мен ешкімді қаралағым келмейді, тек жиналған қауымға не айтарымызды білмей қиналдық. Көптеген адамдар арнайы осы концерт үшін басқа штаттардан ұшып келді, дайындалды, күтті. Біз олардың ақшаларын қайтарып, жағдайды түсіндіруге тырыстық. Кейбіреулерінің ақшасын өзіміздің қалтамыздан шығарып, залдың ақшасын төледік. Бұған дейін көз алдымда намысшыл болып көрінетін Даниярдың бұл әрекеті қазақ жігіттеріне сын», – дейді ол.
«Жете алмай саған тіл қатып, жүректің мұңын тыңдатып» деп әндетіп жүрген Мейрамбек Беспаевтың концерті мұхиттың арғы жағындағы қазақтарға осылай жеткізбей кетіпті.