«Үкіметтен орын беремін» – Арыстанбек Мұхамедиұлы Айсұлтанға қандай уәде берді?
«Үкіметтен орын беремін» – Арыстанбек Мұхамедиұлы Айсұлтанға қандай уәде берді?
©www.inform.kz
485
оқылды
Елімізге белгілі режиссер әрі клипмейкер Айсұлтан Сейітов 2019 жылы үкіметтік жиында экс-Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының оған ақша бермек болғанын жария етті. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл ақпаратты жоққа шығарды.  «Сол кездесуде Арыстанбек Мұхамедиұлы бізге 10 миллион доллар бермек болды. «Айсұлтан, 10 миллион долларға дейін сенің кез келген жобаңды қолдаймыз. Сонымен бірге сенің досың Тимур Смағұловқа үкіметтен орын беремін» дегенде сөзінің рас-өтірігін түсінбедік. Бірақ осыны еш қымсынбастан айтты», – деді Сейітов "Замандас" подкастының эфирінде. Экс-министр Айсұлтан Сейітовпен кездескенін растады. Айтуынша, ол кезде бірлескен жобаларды іске қосу мүмкіндігі ғана талқыланған. – Онымен кездескенім рас, бірақ ақша туралы мүлдем сөз болмады. Әрине, еліміздің киносының дамуына белсене атсалысып жүрген азамат ретінде, оған бірлесе жұмыс істеуді ұсындым. Өзі дарынды бала. Сол себепті оны рухани қолдағым келді. Оған қаражат бере алмас едім. Тіпті, ондайды ойыма алған жоқпын, –  деді ол. Мұхамедиұлының айтуынша, мұндай жобаларға бюджет қаражатын бөлу «Кинематографияны қолдау орталығына» жүктелген. Олар сметаны зерттеп, қаржыландыру мәселесін шешеді. Ал министрлік тек тақырыптық жоспарға жауап береді, бірақ ақшаға ешқандай құзыры жүрмейді. – Үкіметтегі орынға қалай уәде берем? Ол менің құзырымдағы дүние емес. Оны Премьер-министр шешеді. Оның үстіне, оған іріктеу критерийлері бар. Жастармен кездескен сайын айтатыным: жұмыс істе, алға ұмтыл, мүмкіндік көп. Сондықтан да мақсатты жандарды қолдаймын. Әрине, министрлікке жұмыс істеуге шақыра аламын. Тек Үкіметке емес, – деді экс-министр.