Аралас сайлау жүйесінен үміт көп
Аралас сайлау жүйесінен үміт көп
655
оқылды
Партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жол­дауындағы реформалық бір өзгеріс сайлау жүйесіне қатысты еді. Онда пропорционалды тәсіл мен мажоритарлық тәсілді ара­ластыра қолдану идеясы ұсынылды. Президент бұған дейінгі про­порционалды жүйені сынға алған болатын. Қанат Оспанов Қанат ОСПАНОВ, саясаттанушы: – Менің ойымша, пропорционалдық жүйе нә­тижесіз болды деп айтуға болмайды. Оның да Қа­зақстанға бір пайдасы тиді. Өйткені ондай пар­тия­лық жүйеде адамдар ұйымшыл болуға ынталан­ды­рылады. Сондықтан да ол жағынан біраз нәтиже­лерге қол жеткізе алдық. Өйткені қазірдің өзінде адамдар жаңа партия құрып жатыр. Бұл да болса еліміз үшін жақсы нышан. Ал аралас жүйеге келер болсақ, оның артықшылықтары бар. Өйткені қазір кейбір адамдар партияға қосылғысы келмейді. Сол себепті оларға да Парламентке өтуге мүмкіндік беру керек. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан, кейбір сайлаушылар партияларға дауыс бергісі келмейді. Олар тек қана нақты бір белгілі адамдарға дауыс бергенді жөн санайды. Аралас жүйенің басымдығы осында. Сондықтан да бүгінгі жасалып жатқан қадам дұрыс бағыттағы реформалар деп ойлаймын. Болашақтағы сайлауларда партия арасындағы, кандидаттар арасындағы бәсекелестік артуы керек. Ол үшін жаңа партиялардың қазіргі тіркелу про­цесіне кедергі жасамауымыз керек. Ал электоратқа келсек, халықтың бел­сенділігі бар, бірақ көптеген адамдарда саяси нигилизм, қоғамдық нем­құрайлық бар. Оны түзеу үшін сайлау науқаны әділ, ашық ұйымдастырылуы керек. Орталық сайлау комитеті ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жандандыруы тиіс. Ернұр Молдашев Ернұр МОЛДАШЕВ, саясаттанушы: – Парламентті мысалға келтіріп айтар болсақ, оны мажоритарлық жүйеге көшірудің плюстері де, минустары да бар. Мәселен, бұл орган мемлекеттің стратегиялық курсын, заңнамалық негізін және Конституциясын жасап шығаратын болғандықтан, ол елдегі саяси режим мен идеологияны қалыптас­ты­ратын негізгі институт саналады. Сол үшін де Парламент бір идеологияның негізінде құрылуы керек. Адамдар парламент сайлауы болған кезде өздеріне ұнайтын жекелеген тұлғаларды емес, мем­лекеттің болашағын, оның стратегиясын, мемлекетте негізгі рөл атқаратын идеологияны таңдауы керек. Ал идеологияны таңдау дегеніміз – нақтысында партияны таңдау. Бізде, жалпы нақты идеологияны декларация жасайтын, яки ұстанатын және паш ететін үш партия бар. Олар әлемдік тәжірибедегі саясаттану ғы­лымында кездесетін, бас-аяғы айқындалған, толықтай мемлекет құруға болатын бір идеологияның негізінде құрылған. Қол жинау санын 5 000-ға түсіруіне байланысты партиялар саны кө­бейетіні анық. Жер мәселесі, экология, утилизациялық алым сынды бағытта саяси ұйымдар пайда болуы мүмкін. Бірақ жаңа мен айтқан үш партиядан басқа саяси аренадағы партиялардың бәрі мемлекеттік идеологияны толық жеткізе алмайды. Саясаттану ғылымында партиялардың мақсаты – саяси билікке талас, яки мемлекеттік билікке ие болу деп айқындалады. Ал мен айтып отырған партиялардың мақсаты – мемлекеттік билікке ие болу емес, жекелеген мемлекетішілік проблемаларды шешу ғана. Енді бұл сайлау жүйесіне қандай қатысы бар дегенге келер болсақ, жалпы көптеген дамыған демократиялық мемлекеттерде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады. Әрі онда негізгі-негізгі деген 2-3 партия, әрі кетсе 4 партия таласқа түседі. Сол партиялардың идеологиясының негізінде ха­лық мемлекеттегі қандай құндылықтардың басым болуына, қандай страте­гияға басымдық беруіне таңдау жасайды. Ендеше, елімізде енді қа­лып­тасып келе жатқан осы жүйеге 30% болса да мажоритарлық тәсілді қос­қаны бір жағынан дұрыс шығар. Бұл қысқа мерзімде оң әсер береді деп са­най­мын. Қазақстандағы партиялар әлі толыққанды сайлауға дайын емес. Ау­қымды идеологиясы жоқ, бар болған күнде де оны толықтай жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатқан жоқ. Ендеше, ауқымды идеологиямен жұмыс істеуге әлі жете қоймағандықтан, жекелеген адамдарды сайлап болса да, әлеу­меттік проблемаларды шешіп алған жөн болар. Бұл жеке сайлаушының көзімен қарайтын болсақ, пайдалы нәрсе. Мұндағы артықшылық – әрбір кан­дидатта немесе депутатта жеке жауапкершілік болады. «Атқарған шаруа­ма есеп беремін» деген қозғаумен әрбір сайланған тұлға белсендірек жұмыс істейтін болады. Бұл тұрғыдан алғанда, мажоритарлық жүйе мәслихатта анағұрлым нәтижелі жұмыс істесе керек. Оның қадағалау функциясын кү­шей­тіп жатқаны тіптен дұрыс қадам. Әйтсе де, біз партиялық пәрмен мен мандаттық өкілеттікті ұсақ-түйекке емес, мемлекеттік мәселелерге, ұлттық идеологияға жұмсауымыз керек.