Ішкі істер министрлігі Павлодар облысында жоғары шенді полицей ұсталғанын ресми хабарлады. Мәлімет бойынша, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары күдікке ілінген.
«ІІМ жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары ұсталғанын растайды», – делінген хабарламада.
Қазір ведомство бірлескен жедел-тергеу тобын құрып, Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша соталды тергеуді бастаған. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәлімет жарияланбай отыр. Бұған дейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Соған сай жүйе заңсыз әрекетке барған құқық қорғаушылардан тазаруы тиіс.