Депозит дүрлігу құралы ма?
Депозит дүрлігу құралы ма?
© коллаж: Елдар Қаба
443
оқылды
Асқынған геосаяси ахуалдың бір екпіні қаржы нарығын, соның ішінде қазақстандық биржаны бір теңселтіп өтті. Әйтсе де, оған тө­теп бере алдық. Ұлттық банк сирек қа­дамға барып, көк қағазды саудаға шығармай қойды. Ондағы сақтық – ресейлік компаниялар еншілес кәсіпорындары арқылы көтеріп алып кетер болса, ішкі ай­на­лымдағы доллар массасы азайып кетеді деген қауіп еді. Биржадағы сауда-саттықты да күніне бір-ақ рет өткізуі өз әсерін берді. дауылдан кейінгі тымық сол баяғы ри­торикалық сұрақты қай­та көтерді. Депозитті қандай валютада ұстаған дұрыс?

Жалпы салым – 26 триллион

Елімізде екінші деңгейлі банк­тердің депозит портфелі жыл­дан-жылға көбейіп келе жат­­қа­ны бай­­қалады. Былтырғы жыл қо­ры­тындысында бұл сома 20,7%-ға көбейген екен. Мұнда халықтың салым ақшасы­ның үлесі басым. Мәселен, ком­па­ниялардың кор­поративтік са­лым қаражаты 18,5%-ға көбейіп, 12,6 трлн теңгеге жеткен болса, ха­лықтың депозиті 22,8%-ға өсіп, 13,4 трлн теңге болған. Осылайша, жалпы салым 26 триллион болып отыр. Бұл жыл соңындағы дерек. Содан бергі үш айда ол көрсеткіш тағы да көбейіп, халықтың жи­нағы 13 миллион 743 мың 217 теңгеге жетті. Қаржы ұйымдары бойынша алар болсақ, салымшылар ақша­ларын еліміздегі 22 екінші дең­гейлі банктің 21-інде ұстап отыр. Олардың ішінде лидер – Отбасы банк. Бөлшек сауда сек­торында тұрғын үй жинағымен, яки қа­зақстандықтардың баспана мә­селесін шешумен айналысатын қаржы институты былтыр салым қорын бірден 73%-ға көбейтіп алыпты, Осылайша, олардың де­позит портфелі 1,9 трлн теңгеге жет­кен. Екінші орында Jusan Bank – 59,7% өсіммен 1,5 трлн теңге. Былтыр бұл қаржы ұйымы алғашқы ондықтағы АТФ Банк­пен біріккенін ескерсек, мұнда оның да ықпалы бар болуы мүм­кін. Үздіктер үштігін «амери­ка­лық» Ситибанк Қазақстан бекітіп отыр. Корпоративті сегментте қызмет көрсететін бұл банк 30,1% өсіммен салым қорын 900,4 млрд теңге ақшаға толтырған. Енді таза халықтың салымына келер болсақ, өңірлер арасында депозиті көп қала – Алматы ша­һары. Мұнда аталған соманың 35%-ы шоғырланған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (12%) және Қарағанды облысы (7%).

Ең дұрысы – пропорциялық әдіс

Доллар бағамы күрт жоға­ры­лай жөнелгенде, депозит ұстаған жұрт қобалжып қалғаны рас. Тіпті, девальвация болады деген болжам да айтылды. Әйтсе де, рет­теушілік шаралардың арқа­сын­да қаржы нарығы қайтадан сабасына түсті. Соның ішінде, Ұлттық банк базалық мөл­шер­ле­мені 13,5%-ға дейін көтерсе, Үкі­мет тарапынан теңгемен салынған ұзақмерзімді депозиттерге 10%-дық сыйақы беру бағдарламасы іске асты. Ұлттық валютаның по­зициясын жоғалтпау мақса­тын­да долларды сатпай қою, биржадағы сауда-саттықты күніне бір рет қана өткізу шешімдері та­ғы бар. Бұл уақытша әсер беретін шаралар екені рас. Бірақ деваль­вация қау­пін сейілтіп отырған жоқ. «Биыл жыл соңына дейін де­вальвация болады деп айту қиын. Өйткені бұған дейінгі теңгенің құнсыздануы валюта бағамын ұстап-ұстап тұрып, жіберіп қал­ғаннан болды. Ал қазір теңгенің бағамы бойынша бәрі айқын, оның өсуі де, түсуі де еркін дәліз аясында біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ал таяудағы доллардың күрт көтеріліп, кейін қайтадан түскеніне келер болсақ, мұндағы мәселе, Ресейге салынған санк­цияда жатыр. Біздегі салымшылар теңге күйрейді деген қорқынышқа бой алдырып, ақшасын шығарып алуға немесе долларға айырбас­тауға жанталасты. Бір үрейлі түрде тосу ахуалы орнады. Жұрт енді Ресейдің рублі бізге қарай құйы­лады да, олар доллардың бәрін сатып алады деп топшылады. Онсыз оған дейін де, теңге әлсіз болып тұрған болатын. Сондық­тан да жұрт оған «дәстүрлі түрде» сенген жоқ. Бірақ күткен «теңге­нің күйреуі» болмай қалды. Осы­лайша, айтарлықтай ештеңе өзгермеген соң, кейбір салым­шы­лар долларын теңгеге қайтадан ауыстыра бастады. Олар бағам айырмашылығынан ұтты деуге болады», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Маманның пікірінше, салым ақшаны жоқ дегенде екі валютада ұстаған дұрыс. Ол – теңге және доллар. Бұл тұста доллар негізінен жинақтаушы депозит екенін ескеру керек. Өйткені оның үсте­ме пайызы өте төмен. Ал теңге жинағы пайызбен өсіріп алуға және реті келгенде жұмсауға да ыңғайлы. Сондықтан 50/50 үлесі­мен сақтаған дұрыс. Болмаса, басқа валюталармен араластырып, әрқайсысын бірдей үлесте бір­неше «кәрзеңкеде» сақтауға бола­ды. Атап айтар болсақ, АҚШ дол­лары, еуро, британ фунты, қы­тай юаны, жапон иені, швей­цария франкі, кәріс воны сенімді валюталар саналады.

Теңге депозиті – түбі тесік шелек

Мамандар былтырмен салыс­тырғанда, жыл басынан бері бро­керлік шоттар көбірек ашылғанын айтады. Бұл тренд – халықтың ақ­шаны сақтаудың баламалы жол­дарын іздестіруде екенін біл­діреді. Яки, салымшылардың де­позитке деген сенімі төмендеген. Бірақ сонда да болса, классикалық жинақтау тәсілі әзірге ең көп сұ­ранысқа ие қызмет түрі болып қала бермек. Мәселе, ақшаңды сақтау әрі көбейту шараларын сауатты жүргізе білгенде. «Теңгемен жинақ ұстау, түбі тесік шелекке су құйғанмен бір­дей. Оған қанша үстінен ақша қос­қаныңызбен, ол уақыт өте келе өзінің құнын жоғалта береді. Яки, өте тиімсіз. Салыстырып қа­райтын болсақ, долларлық де­по­зиттің үстеме мөлшерақысы 9% шамасында болса, теңгеде ол 13-14%. Бұл тұста теңге депозитінен түсетін табысты инфляция жеп қоятынын ескеру керек. Мәселен, биыл инфляция 8-10% болады деп болжанды, ендеше теңге жи­нағының үстінен көретін табы­сыңыз 3-4% ғана болмақ. Бұл – өте тиімсіз. Себебі инфляция 8-10% деген ресми дерек қана, шындығында ол одан да көп болуы мүмкін. Сосын девальвация болып, жинағыңыз одан сайын құнсызданбасына кім кепіл? Ал доллар үстеме мөлшерақыдан бөлек, бағамы бойынша да өсіп отырады. Сондықтан да шетелдік тұрақты валюталарға таңдау тү­сірген дұрыс», – дейді экономист Оразбек Мырзақұл.

Долларға да долбар тән

Бұл тұста ескеретін бір жайт, жеке адамдар үшін теңгемен депозит ұстаған тиімсіз болуы мүм­кін. Бірақ мемлекет пен ұлт­тық экономика үшін төл теңге­міз­дің позициясы мықты болғаны тиімді. Десек те, шешімді әркім өзі қабылдайды. Бұл біздің елі­мізде қаржылық еркіндіктің бар екенін білдіреді. Әйтсе де, мем­лекет өз мүддесі үшін осы еркін­дікті шектеуге мәжбүр. Сон­дық­тан да оның реттеушілік функ­циясы көп ретте тыйым салу си­патына ие болып жатады. Мұндай шектеулер бірінші кезекте дол­ларға қатысты. «Интервенция әдісінің бүгінде ескіргені рас. Сондықтан да қазір Ұлттық банк гибридті тәсілге көш­ті. Бір тұста интервенция жасаса, енді бір тұста реттеушілік қатаң шектеулерді пайдаланады. Одан бөлек реттеушілік шектеу­лердің ең қатаң түрі – франк­фурттық аукционды да қолданып жүр. Онда сауда-саттық күніне бір-ақ рет, онда да көп ретте ал­дын ала жазылу бойынша өткі­зіледі. Бұл тәсіл спекулятивті кө­ңіл күйге жол бермеу тұрғы­сын­да өте дұрыс қадам. Осы­лай­ша, бүгін бағам өзгерсе доллар сатып алып, ертең түсе бастаса сатып жіберу азаяды. Компа­ниялар да айырбас процедура­ларын «жеті рет өлшеп, бір рет ке­сетін» болады», – дейді эконо­мист Серік Мақашев. Қаржы нарығындағы қатты тербелістер ел экономикасының әлсіздігін білдіреді. Бұл оның қатысушыларының көңіл күйіне тікелей теріс әсер етіп отыр. Мәселен, көрші елдегі жағдайдың салқыны бізге тиіп жатқаны, санкция өз алдына, олардың Visa и Mastercard жүйесінен бас тарт­қаны, есепшоттағы ақшаны шешіп алуға шектеу қойғаны – біздің экономикаға да теріс ық­палын тигізіп отыр. Соның сал­дарынан қазақстандықтар банк­тердің жұмысында тұрақсыздық пайда болуы мүмкін деп қорқып, бірінші кезекте ресейлік еншілес банктерден ақшасын шешіп ала бастады. Ал Ұлттық банк доллар бермей қойған кезде көптеген салымшылар ақшасын ала алмай қиналып қалды. Бұл жағын да ескерген дұрыс. Алдағы уақытта Ресейде шетелдік валюталардың айналымына тыйым салады деген болжам бар. Ал оның Қазақстан экономикасында қалай көрініс табатыны әзірге белгісіз. Сон­дықтан да экономика мен қаржы секторын тездетіп әртарап­тан­дырған жөн. Қалай болғанда да, ахуалдың құбылуы теңгенің соры болып отыр.