Еңбек экс-министрінің еңбегі қандай?
Еңбек экс-министрінің еңбегі қандай?
© коллаж: Әсел Балтақызы
291
оқылды
Кеңестік тоталитарлық жүйеде еңбек ведомствосы­ның – Еңбек халық комиссариатының, кейін Әлеуметтік қам­сыздандыру халық комиссариатының төрағасы «аты­латын лауазым» саналатын. Бұл қыздыртпа қызыл сөз емес: еңбек-әлеуметтік наркомдардың көбі атылған. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақ КСР Әлеуметтік қам­­сыздандыру министрлерінің тірі қалу мүмкіндігі артты. Ал тәуелсіз Қазақстанда Еңбек министрі қызметі жақ­сы карьера жасауға жол ашты. Бұл лауазымды бір ие­­ленген тұл­ғалардың көбі саясат сахнасында ұзақ жасай­тыны байқалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1996 жылғы қарашада осы аттас қос меморганды қосу арқылы пайда болды. Содан бері бұл ведомство елге оң не теріс жағынан та­нылған, қайткенде аты халыққа мәшһүр саясаткерлердің тұтас «жұлдызды» шоғырын шығарды: Наталья Коржова, Әлихан Бәйменов, Гүлжан Қарағұсова, Бердібек Сапарбаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Серік Әбденов, Тамара Дүйсенова, Мәдина Әбілқасымова... Осы қатарға Серік Шәпкенов қосылды: ол да мансап сатысымен ары қарай өсіп отыр.

«Маневрлі жігіт»

Осыдан алты жылдай бұрын Шәпкеновтің кім екенін ел біл­мейтін, ол қарапайым ғана мем­лекеттік инспектор болып жұмыс істеді. Ал 2016 жылдың жазында тосыннан Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Серік – қала тарихындағы ең жас әкім ретінде қалды. Бұл орынтақта 1,5 жылдай ғана отырды, шаһар өмірін, өңі-бейнесін елеулі өзгертуге уақыты жетпесе керек. 2018 жылғы 28 мау­сымнан 2020 жылғы 4 маусым аралығында азғана мерзімге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. Пандемия қарсаңында, 2020 жылғы 4 маусымда Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-ми­нистрі атанды, келесі 2021 жыл­ғы 18 қаңтарда министрліктің тізгінін қолына алды. Енді 2022 жылғы сә­уірде Атырау облысының әкімі бол­ды. Яғни, батысқа қайта оралды. Еңбек жолынан көрінгендей, Серік Жамбылұлы бір лауазымда 1-2 жылдан артық тұрақтай бер­мейді. Министр әріптестерінің бірі әзілдегендей, «маневрлі жігіт». Бәлкім, аймақ басшысы орын­тағында бәрі өзгеше болар.

Рейтинг неден хабар береді?

Ел Президенті қойған міндетке сәйкес, билік енді халыққа жақын болуы тиіс: Үкімет «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асырып жатыр. Осы орайда Ranking сарапшылары азаматтардың арыз-мұңына, шағым-өтінішіне мейлінше ден қоятын, мәселені шеше алатын министрліктердің рейтингін жариялады. Атап өтер жайт, бұрын түрлі рейтинг агенттіктері халық арасында сауалнама жүргізіп, шабылатын. Қазір көшеде әр адам­ның ізінен қуудың немесе үйіне қоңыраулатудың қажеті жоқ. Бар­лық дерек жедел түрде eGov пор­талында нақты графикалардан көрініс береді. Өйткені қандай да бір ми­нистрдің блогына шағымданған аза­мат проблемасын нақты шеш­кеніне немесе өзгеге сілтеп, сер­гелдеңге салғанына қарап, оған төл бағасын сол жерде береді. Енді қараңыз: жап-жас, әбжіл, пысық министр басқарды деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі рейтингте аутсайдер қатарында тұр. «Қазақстандағы 18 министрлік арасында азаматтардың өтінішімен жұмыс істеуде Ұлттық экономика министрлігі дараланып отыр: 2022 жылғы 4 сәуірдегі жағдай бойынша, ведомство өзіне қазақстандықтар­дан түскен 18,9 мыңдай сауалдың 99,9 пайызын өңдеп, жауап берген. Ел сөзіне елп ете қалатындар сана­тында, сондай-ақ ІІМ (99,7 пайыз) және Энергетика министрлігі (99,6 пайыз) бар. Аутсайдерлердің үш­тігіне БҒМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктері кірді», – делінген Ranking талдауында. Еңбекмині С.Шәпкенов басқарып тұрған шақта жұртшылық өтінішінің тек 94,6 пайызына немесе 60,4 мың өтінішке ден қойыпты. Тағы 3,5 мыңдай арыз-шағым қараусыз қалған. Әрине, «бұл мәселе біздің ми­нистрліктің құзырына жатпайды» деп жауап қатып, сонымен істі біттіге санайтындары да жетерлік. Сондықтан өтініштердің өңделіп, жауап берілуі ғана емес, сондай-ақ ол жауаптың арыз иесінің мәсе­лесін шешуі аса маңызды. Мәселен, бірінші рейтингте алдына қара салмай, көш бастаған Ұлттық эко­номика министрлігі «азаматтардың берілген жауапқа қанағаттану­шылығы деңгейі» бойынша 4-орын­ға түсіп қалды. Бұл рей­тингте бірінші тұғырға Сыртқы істер министрлігі көтерілді: лайк не дизлайк басқан азаматтардың тек 29,3 пайызы жауап сапасы көңілінен шықпағанын аңғартқан. Ал алдыңғы рейтингте көш со­ңында қалған БҒМ осы тізімде үштікті тұйықтады. Ендеше Еңбекмині де жауап беруге асықпағанымен, берген жауабын аса сауатты, жан-жақты, құнтты, сапалы түрде ұсынатын бо­лар? Жоқ. С.Шәпкенов басқар­ған тұста министрлік шағымда­ну­шылардың бағасы бойынша тағы да аутсайдерлердің үштігіне кірді: соңынан санағанда Денсаулық сақтау министрлігінен кейінгі 2-орында тұр. Арыз иелерінің 38,6 пайызы дизлайк басыпты, мәселесі шешілмегенін айтыпты. Әділдік үшін айта кеткен жөн, атауында халыққа қамқорлық ұғы­мы бар бұл министрлікке жүгіне­тін­дердің үлкен бөлігі кредитін «жа­уып» беруді, мемлекет тара­пынан әлеуметтік қолдау көрсетуді, жұ­мыс­қа тұрғызуды және басқа кере­гін сұрайды. Министрлік бұл істе заң­ға, қаптаған қағида-ере­желерге бағынады. Қалтасынан ақша суы­рып, ұстата алмайды. Содан өкпе­ле­ген жұрт дизлайкпен дауыс береді. Сонымен бірге салада шешіл­меген көптеген проблема бар. Министр блогын кернеп тұрған хаттар содан хабар береді.

Ел неге «ереуіл атқа» ер салды?

Жыл басынан бері, 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбек инспек­торлары 3,2 мыңнан астам жұмыс­кердің құқығын қорғапты. Олар 230 кәсіпорнындағы 4,4 мың жұ­мыскердің 866,4 млн теңгеден астам сомадағы жалақысы бойын­ша берешегі қордаланғанын анық­тады. Орындалуы міндет 134 нұс­қама беріп, 27 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салды. Қабыл­данған шаралар нәтижесінде 3,2 мыңнан астам жұмыскердің құ­қықтары қорғалды. Оларға 752,7 млн теңге төленді. С.Шәпкеновтің министрлік қызметі күрделі кезеңге тап келді, елді пандемиямен қатар экономи­калық дағдарыс жайлады. Осы кезде елде жұмыскерлердің ере­уілдері өршіді. Оның соңы «қасі­ретті қаңтар» оқиғаларына соқты­рды. Кейбір сарапшы елде жа­сырын жұмыссыздықтың ушы­ғуында, «жұмыскер-кедейлердің», яғни тапқаны тамағына әзер же­тетін еңбеккерлер үлесінің артуын­да министрліктің де айыбы барын айтады. Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы күйреді, өз ұжымында тәуелсіз кәсіподақ құрмақ болған белсенділерді жұмыс берушілер қудалайды, жұмыстан қуады, тіпті қаматтырған. Осылайша, кәсіп­одақ аясында, яғни құқықтық өріс­те заңды мүдделерін қорғау мүм­кіндігінен айырылған әр сала жұ­мыскерлері былтыр жаппай ере­уілге шықты, кейін қаңтардағы бү­лікке қатысты. Халықаралық ең­бек ұйымы және Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ қозғалысының қыспақта қалғанын сынап жүр. Демек, жаңа Еңбек министрі осы мәселеге баса назар аударғаны абзал. Әйтпесе, мұның өзі демо­кра­тияның дамуына тұсау, тұрақ­тылыққа қатер. «Қаралы қаңтар» оқиғаларына жұмыссыз жастар көп қатысты. Бұл мәселе де ушыға түскені байқалады. Әйткенмен, Серік Шәпкеновтің командасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды жұмыспен қамту бағы­тында бірқатар шара қабылдады. Экс-министрдің өзі айтқандай, егер дұрыс бағдармен бағыттай алса, «ұлттың зияткерлік, инно­ва­циялық, еңбек әлеуетінің ұстыны» саналатын жастар өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, оң өзгерістердің катализаторына айнала алуы мүмкін. Дегенмен, жастарға, жас мамандарға өз әлеуетін толық­қанды жүзеге асыруға нарықта жеткілікті жағдай жасалмаған. Министрліктерде, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда танысы жоқ дарындар жұмыс іздеп, жұ­мыспен қамту орталықтарына жүгінеді, олар еңбек электронды биржасына жолдайды. Елде орнын таба алмаған таланттар мыңдап шетелге кетіп жатыр.

Жаңа министрге қандай мұра қалды?

Министрліктің есептерінде бәрі көркем: 2021 жылдың қоры­тын­дысында экономикалық бел­сенді жастар саны 1,9 миллионнан асты. Олардың 96,3 пайызы жұ­мыспен қамтылыпты. Бұл – әлем­дегі рекорд! Бірақ мұндай деректің шындығына ел басшылығы да күмән келтірген болатын. «Республикада жұмыссыз­дық­тың жалпы деңгейі 4,9 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы едә­уір төмен – 3,7 пайыз немесе 73,3 мың адам ғана. 2020-2021 жылдары NEET (не оқығысы, не жұмыс істе­гісі келмейтін) жас­тардың үлесі 7,1 пайыздан 6,7 па­йызға дейін тө­мен­деді, бұл іші­нара білім беру және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясатының табысты іске асуының көрінісі», – деген еді С.Шәпкенов. Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде «Еңбек» мембағ­дар­ла­масы аясында 1 миллионнан астам жасқа қолдау көрсетіліпті. Осы кезеңде олардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасты. Елде «Кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Жастар практи­касы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жастарды жұмыспен қамтуға жәр­демдесу құралдары қолға алынды. Президент тапсырмасымен, жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі тиісінше 12 және 18 айға дейін, ал қатысушылардың жа­лақысы – 30 АЕК-ке (91 890 тең­геге) дейін ұлғайтылды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін ұлттық жоба аясында 10 мың жасты бизнес жүргізу негіздеріне оқыту, сондай-ақ жастардың биз­нес идеяларын іске асыру үшін 10 мың қайтарымсыз грант беру көзделген. Биылғы жылдан бастап гранттар көлемі 2 есе, яғни 400 АЕК-ке немесе 1,2 млн теңгеге де­йін ұлғайды. Еңбекші жастарды қолдау да жаңа Еңбек министрінің еншісінде қалды. Шәпкенов командасының бір жетістігі ретінде «Халықтың табы­сын арттыру бағдарламасын» қа­былдауды айта кеткен жөн. Бұл құжаттың мән-маңызына Aiqyn газеті жеке сараптама арнады. Бағ­дарлама аясында жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетіл­діру және жастарды кәсіптік бағ­дарлау жұмыстары жүргізіледі. Алайда ол бағдарламаны ары қарай жүзеге асыру да жаңа министрге жүктелмек. Қазір посткеңестік кеңістіктің бір бөлігінде басталған тайталас, батыстың Ресей және Беларуське қарсы ғаламат санкциялық соққы­лары көші-қон саласындағы ахуал­дың нашарлауына соқтырып жа­тыр. Отандық кейбір сарапшы одақ­тас осы екі елден және Украи­надан Қазақстанға келетін миг­рант­тардың саны 3 миллион адамға жетуі мүмкін деп болжайды. Қазір көші-қон саласы да Еңбекминіне берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомство шетел­дік жұмыс күшін тартуға квотаны 3- және 4-санат бойынша 4,7 мың адамға қысқартып тастады. Одан артық маман-жұмысшы алуға болмайды. Олай болса, енді шетел­дік келімсектер арасында да жұ­мыссыздық өршуі ғажап емес. Жа­ңа Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министріне аса күр­делі түйткілдердің түйінін тарқатуға тура келетінге ұқсайды.