Такси қызметі заңсыз бизнестің көзіне айналды
Такси қызметі заңсыз бизнестің көзіне айналды
442
оқылды
Көбіне қала мен аудандарда жол бойынан жолаушы торыған такси жүргізушілерін жиі кез­дестіріп жатамыз. Бірақ олар­дың жұмысы заңды екеніне күмән көп, автокөлік тізгіндеген екі адам­­ның бірі қолы қалт етсе, ақы­сына адам тасымалдап, аз­ған­тай табыс тапқанды құп кө­ре­т­іні жасырын емес. Соңғы жыл­да­ры заңсыз такси қыз­ме­тіне тү­бегейлі тыйым салуға тал­пы­ныс бар. Бұл тыйымға біреу ке­ліс­се, енді бірі қарсы. Алайда так­си қызметі көлеңкелі эконо­миканың шырмауынан шыға ала ма? Ең алдымен «заңсыз такси қызметімен не үшін күресу керек?» деген сауалға жауап іздесек. Бір ғана мысал, Қазақстанда такси нарығының жылдық табысы орташа есеп­пен 120 млрд теңге. Бұл – салық ретінде түсетін соманың 5 пайызы ғана, ал қалған 95 пайызы көлеңкелі экономикада қалады. Міне, осыдан-ақ жағдайды бағамдай беріңіз, мемлекет салықтан қағылады, оның үстіне заңсыз жолаушы тасымалдаған жерде қауіпсіздік жайы ескерілмейді. Таяуда елде заңсыз такси қызметімен айналысқандарды қатаң жазалауға мүм­кіндік беретін заң жобасы қоғам талқы­лауына шығарылды. Көпшілік мақұлдаса, биыл күшіне енбек. Негізі заңсыз такси қызметін көрсеткендерді әкімшілік жазаға тарту бойынша заң жобасы былтыр тамызда ұсынылған. Кейін толықтыруға жіберілді. Енді жаңа нұсқасы «Ашық үкімет» порта­лында жарияланды. Бұл жолғы ұсынысқа қарасақ, әкімшілік жаза қатаңдатылған. Әділет министрлігі заңнама департаменті, әкімшілік заңнама басқармасының бас­шысы Салтанат Серікбаеваның түсінді­руінше, заңның ең басты мақсаты – заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан адамды анықтап, көлігін тәркілеп, айып тұрағына қою. Жаңа заң жобасында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш, шенеуніктерге 25, ал заңды тұлғаларға 25-тен 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал бұл амал толыққанды нәтиже көрсете қоя ма?

Көлік комитетінің қақпаны

Заңсыз такси қызметіне байланысты мә­селе бірнеше жылдан бері қозғалып жүр. Әлқисса, 2013 жылдан бері такси қызме­тімен заңсыз айналысқандарды Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алған болатын. Алайда нәтиже болмады ма, әйтеуір 2019 жылдан бастап бұл міндет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің құзыретіне ауысып, 2020 жылдан бері заңсыз жолаушы тасымалдау фактісін анықтау жұмысы қар­қын алды. Комитет сол кездері қарап жат­пай заңсыз жүргізушілерді анықтауға ба­ғытталған арнайы жол картасын да қа­былдап үлгерді. Кейін 1 жылға жетпейтін уа­қыт ішінде жолаушылар тасымалы ере­же­сін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен ай­налысқан 40 мыңнан астам адам анық­талып, 10 миллион теңгеден көп айыппұл өндірілді. Тіпті, Ішкі істер министрлігінің рұқса­тынсыз-ақ көліктерге қатысты тек­серуді үдеткен комитеттің дәурені жүрді десек те болады. Ал тіркеусіз такси жүргі­зуші атан­ғандарға салынатын айыппұл мөлшері он­сыз да аз емес, рұқсатсыз жо­лаушы тасы­малдаған азамат 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі қаржысынан қағылатын.

Заңсыздықты анықтау тетігі бар ма?

Қызметті заңдастыру аса қиын емес. Алайда көпшілік такси жүргізуші болуға жүрдім-бардым қарап, кәсіптік жағын елемейді. Негізі салық органдарына аза­маттар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Такси жүргізушілері тапқан табы­сынан жырып салық төлейтіні белгілі болғанымен, олардың қанша мөлшерде пайда тауып отырғанын анықтау қиынға соқпақ. Яғни, нақты тетігі жоқ. Алдыңғы жылдан Қаржы министрлігін сарсаңға түсірген тұс – осы. Сол үшін кірістер коми­теті тұрақты түрде жол-жөнекей адам ала кететіндердің айлық кірісін есептеп тұра­тын амал табуға тырысып жатыр деген ақ­пар тарап, кейін белсене кіріскен жұмыс­тың бәрі тыншыды. Әзірге жай-күйі анық бір нәрсе – егер жолаушы тасушының та­бысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен ас­паса, яғни, 60 мың теңгеден кем болса салық төлемейді. Демек, олар жеке тұлға ре­тінде осы қызметті ары қарай атқара ­ала­ды. Бірақ табысы 60 мың теңгеден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар патент бойынша немесе басқа да салық­тық режимді таңдап, сол бойынша ары қарай өзінің кәсібін жүргізе береді. Такси қызметінің табысын анықтау мәсе­лесі алдағы уақытта шешімін табуы мүмкін. Өйткені келесі жылдан бастап банктегі жеке есепшотына өзге тұлғалардан үздіксіз қаржы түсіп тұрса, кәсіпкер санатына жат­қызылып, салық ұсталады. Ал біздегі заң­сыз жүргізушілердің түгелі дерлік ақысын онлайн аударым арқылы алады. Демек, бұл мәселе шешімін табатындай. Екінші мәселе, заңсыз таксистерді анықтау үшін құзырлы органдар жолдағы әр көлікті тоқтатып жүрмейтіні анық. Біреулер көше бойындағы жолаушыны алып, қалаған мекенжайына жеткізеді. Ешкім білмей де қалатындай. Заңсыздық осылай үдей бермей ме деген күмән бар. Мәселен, елімізде жолаушы тасымал­дай­тын өзге ұлт өкілдері де тым көбейіп кетті. Шағым артқаннан кейін полицейлер тек­серіс бастаған. Наурыздың басында бір ғана елорданың өзінде 21 шетелдік ұстал­ды. Басым бөлігі – өзбекстандықтар. Анық­талмаған талайы бар шығар. Яғни, Қазақ­станға келіп, жолаушы тасымалдай беру аса қиын іс емес екен. Қауіпсіздік жағы елеусіз. Ал жолаушылар мен жүк тасымалы бойын­ша сарапшы, Респуб­ликалық такси қызметі қауымдастығының басшысы Медет Құр­манов еліміздегі такси қызметіне ауқымды реформалар қажет деп санайды. Оның ай­туынша, жүргізушілерді көлеңкелі эко­но­микадан шығару үшін 2025 жылға арнал­ған арнайы стратегия да жасалған екен. – Ең алдымен баға саясатын бақылауға алу керек. Себебі шетелдік такси қызметтері отандық нарыққа кіру үшін бағаны әдейі төмендетеді, солай Қазақстан такси парк­тері мен жергілікті автопарктерге зиян шек­тіреді. Кейін өз аудиториясын қалып­тас­тырып алған соң қалаған бағасын қойып, шамадан тыс көтереді. Екіншіден, такси агрегаттары сандық платформа ретінде тіркеліп, заңды тұлға аталуы тиіс. Үшіншіден, әкімдік өз аумағындағы такси қызметіне деректерін тіркеп отыратын құжат енгізгені абзал. Төртінші қадам, BIG Data негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылып, такси қызметінің сапасын бақылайтын қалалық мониторинг орталы­ғы ашылса игі. Яғни, нарықта жұмыс істе­гісі келген такси қызметі әкімдікке өтініш береді де, әкімдік оны BIG Data базасына тіркейді. Кейін BIG Data базасын полиция, сақтандыру және басқа да мемлекеттік қызметтермен байланыстыруға болады. Бұдан бөлек, кез келген ресми такси көлігінің сыртына арнайы сурет не бейне жабыстыру қажет, – дейді Құрманов. Иә, бір ғана такси қызметі саласында жөндеуге тиіс кем-кетік жетіп артылады. Бір түсінгеніміз, такси қызметінің бірыңғай платформасын құрмайынша жоғарыда айтылған шаралардың бірде-біреуін жүзеге асыру мүмкін емес.

Қымбатшылықтың шеті шықты

Әзірге анығы бір нәрсе – елімізде такси қызметінің басым бөлігі заңдастырыла берген сайын баға да құбылады. Energyprom есебінше, 2022 жылы Қазақстан такси қызметінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орынға жайғасқан. – Бәсекелестік жоқ, ол болмаған жерде баға жоғары болады. Бәрі біледі, елде кең таралған 1-2 компания ғана, басқа таңдау көрмейсіз, – дейді Медет Құрманов. Енді такси жүргізушілері жаппай салық төлеуге көшсе, өз қызметінің бағасын көтеріп жіберуі мүмкін. Қазақстан такси қызметі республикалық қауымдастығы былтыр такси құнына қатысты қызықты дерек ұсынған. 5 жылдың ішінде такси қыз­меті 5 есеге қымбаттаған екен. Мысалы, 2015 жылы такси бағасы орташа есеппен 200 теңгеден басталса, 2020 жылы 1000 теңгеден асып жығылған. Қауымдастық алдағы уақытта бағаның тағы көтерілетінін болжап отыр. Айналып келгенде, халықтың қалтасы жұқара бермек.

Не ұтамыз?

Такси қызметін заңдастырудың артық­шы­лықтары өте көп. Бұл ең алдымен жо­лаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасайтын секілді. Қауіпсіздік де­мекші, АҚШ-та такси қызметін ұсынатын компаниялардың кейбірі көлік жүргізушісі мен жолаушы арасын темірмен оқшаулауды жөн көреді. Бізге алдағы кезеңде қолға алар мәселенің бірі осы болса керек. Себебі жүргізуші мен жолаушы арасында қылмыс болмасына ешкім кепіл бола алмайды. Мәселен, жол бойында такси тоқтатасыз, бәлкім ол такси емес, қылмыскер болып шығуы мүмкін. Сондықтан заңдастырудың пайдалы жағын да көбірек ойлаған абзал секілді. Сөзімізге тұздық болсын, мысалы, Еуропа елдері әуелден такси қызметін біржола заңдастыруға міндеттеп тастаған. Содан болар, такси компанияларының саны өте көп. Оның үстіне бұл сала мол қаржы түсірудің жолы ретінде саналады. Жолаушы тасып, кәсіп еткен заңсыз такси жүргізушілерінің соңына билік мықтап түспек ниетте. Бұған наразылар көп болғанымен, жұрт оңтайлы жақтарын да ескермей кетпесе дейсіз. Енді такси жүргізушілері жаппай жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге асыға қоя ма, бұған сенім аз. Өйткені көлеңкелі экономиканың үлес-салмағы әлі де басым.