Сенатта Ильин есеп береді
Сенатта Ильин есеп береді
376
оқылды
Парламент Сенаты бю­росының мүшелері пала­таның 2022 жылғы 14 сә­уірде өтетін отырысының күн тәртібін бекітті. Сенаттың кезекті отырысында депутаттар «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне баланың құқықтарын қор­ғау, білім беру, ақпарат және ақ­параттандыру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар ен­гізу туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат балаларды оларға қатысты кез келген зорлық-зом­бы­лықтан, оның ішінде отбасы­лық қатынастар, білім беру және ақпарат салалары бойынша қор­ғау тетіктерін жақсартуға ар­налған. «Балаларды буллингтен және кибербуллингтен қорғау – ма­ңызды міндеттердің бірі. Бұл заң жобасының кейбір нормалары қо­ғамда қызу талқыланғанын жақ­сы білемін. Кез келген заң жо­басын талқылау кезінде халық­тың осындай белсенділігі үлкен маңызға ие. Қазір сенаторлар ұсы­­нылған нормаларды мұқият зерт­теп, барлық пікірді ескеріп, жұ­мыс істеп жатыр. Басты міндет – балалардың құқығын қорғайтын сапалы заң қабылдау. Бұл ретте қоғамның пікірін елеусіз қалды­руға болмайтыны сөзсіз. Өйткені заң жобасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­ма­сына қайшы келмеуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар бюро мүше­лері бейсенбіде өтетін жиынның күн тәртібіне Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің көк­темгі су тасқыны бойынша елі­міздегі ахуал туралы баяндамасын қосты. Айта кетейік, өткен аптада се­натор Сергей Ершов осы тақы­рыпқа байланысты депутаттық сауал жолдап, еліміздегі гидро­техникалық нысандардың жар­тысына жуығы апаттық жағдайда тұрғанына назар аударған еді. Осыған орай Сенат Спикерінің бастамасымен алдағы отырысқа Төтенше жағдайлар министрін шақыру жөнінде шешім қабыл­данды. Сол арқылы сенаторлар елімізде жүргізіліп жатқан су тас­қынымен күрес жұмыстары ту­ралы және алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолға алынатын шаралар жөнінде толық ақпарат алуды көздеп отыр.