Алматыда Жақсылық Үшкемпіровке көше атауы берілмек

Алматыда Жақсылық Үшкемпіровке көше атауы берілмек

Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының атауы жоқ көшелерге жаңа атау беру туралы бірлескен қаулысы әзірленді. Оның ішінде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров сынды өзге де белгілі тұлғаларға  көше атауын беру қарастырылған. Онда Алатау ауданы "Нұркент" шағын ауданындағы № 1 жобалық атауы бар көшеге Аднан Мендерестің есімі, Бостандық ауданы "Ерменсай" шағын ауданындағы № 2 жобалық атауы бар көшеге – Жақсылық Үшкемпіровтің есімі, № 4 жобалық атауы бар көшеге – Қаршыға Ахмедьяровтың, № 5 жобалық атауы бар көшеге – Шолпан Жандарбекованың есімі берілетіні көрсетілген. Сонымен қатар, Бостандық ауданы "НұрАлатау" шағын ауданындағы № 12 жобалық атауы бар көше – Ғазиза Жұбанова көшесі, № 13 жобалық атауы бар көше – Кәкімбек Салықов көшесі деп аталады. Бұдан бөлек, Бостандық ауданы "Нұрлытау" шағын ауданындағы № 6 жобалық атауы бар көшеге Роза Жаманова, Медеу ауданындағы № 2 жобалық атауы бар көшеге Тимофей Седельников, № 7 жобалық атауы бар көшеге Мәшһүр Жүсіп, Медеу ауданы "Алатау" шағын ауданындағы №14 жобалық атауы бар көшеге Лев Гумилевтің есімдері таңдалған. Атауларға қатысты Алматы қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының және Алматы қаласының ономастикалық комиссиясының, республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындылары қабылданды. Құжат 27 сәуірге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық Нормативтік құжаттар" веб-сайтында   жарияланды.

Алматы