«Ұлы дала таңы» үлкен экранға жол тартады
«Ұлы дала таңы» үлкен экранға жол тартады
1,102
оқылды
Қасым хан туралы туынды 12 мамырда жарық көреді. «Ұлы дала таңы» – Қасым сұлтанның хан ретінде қалыптасуы туралы баяндайтын кинотуынды. Аталған картинаны Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірді. Фильм оқиғалары XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Атап айтсақ, қазақ халқының тарихындағы Қасым хан атты тұлғаның хандық құрған кезеңі мен мемлекет өркендеп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың кең аумағына бақылау орнатылғаны туралы баяндалады. Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі орасан зор екені мәлім. Өйткені өзі билік еткен уақытта Қазақстан аумағын батыста Еділге дейін, шығыста Ертіске дейін, оңтүстікте Сырдарияға дейін, Солтүстікте Тобылға дейін жеткізіп ғана қоймай, «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң жинағын жариялаған. Көркем фильмде болашақ ханның адам­гершілігі мен әскери қабілеті, көшбасшылығы айқын көрініс тапқан. Командамыздың еңбегі көрерменнің зейін қойып, ықыласпен қошеметтейтін туынды боларына үміт мол. Фильмдегі басты рөлді Берік Айтжанов (ересек Қасым хан), Данияр Оразаев (жас Қасым хан), Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) және т.б. сомдады.