Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады
269
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалы­ғы­мен палатаның жалпы оты­рысы өтті. Онда депутаттар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын бі­рін­ші оқылымда мақұл­дады. Құжатта нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған аумақтарда арнайы құқықтық режимі бар Семей ядролық қа­уіпсіздік аймағын құру көзделеді. Заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Энергетика ми­нис­трі Болат Ақшолақов 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі ара­лықта Ұлттық ядролық орта­лық полигон аумағын толық тек­серіп, 2 миллионнан астам өлшеу жүргізілгенін және топырақтың 5 000-ға жуық үлгісіне талдау жасалғанын айтты. – Биыл тексеру материалда­ры мемлекеттік экологиялық са­раптамаға жіберілетін болады. Содан кейін полигонның шартты таза және нормативтен тыс лас­танған жерлерінің шекаралары айқындалады. Олардың болжам­ды ауданы сәйкесінше 8 900 және 9 400 шаршы шақырым құрай­ды. Бұған дейін айтылғандай, ластан­ған жерлерді тиімді басқа­ру мақ­сатында олардың аума­ғында Се­мей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады, – деді министр. Заң жобасын қабылдау тұ­тастай алғанда экология, халық­тың радиациялық қауіпсіздігі мәселелеріне оң әсер етпек. Осы ретте палата Төрағасы аталған заң жобасы Семей по­лигоны аумағын зерттеуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты екенін айтты. – Бұл мәселе алғаш рет заңна­малық деңгейде реттелейін деп отыр. Жергілікті халық осы жер­лерді пайдалану жөнінде көптен бері айтып жүр. Мұнда алдымен кешенді экологиялық зерттеу жүр­гізіледі. Радиоактивті учас­ке­лер анықталып, онда Семей ядро­лық қауіпсіздік аймағы құрылады. Сол жерлерді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс атқарылып, қаржы бөлінеді. Мақсат – бұ­рынғы полигон маңында тұратын халықтың радиациялық қауіпсіз­дігін күшейту. Ал табиғаты ластан­баған, экологиялық ахуалы жақсы жерлер ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деді Ерлан Қошанов. Палата Төрағасы аталған заң жобасының қаралуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отыр­ғанын айтып, бұл заң осы өңірдің экономикалық дамуына тың сер­пін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар жалпы оты­рыста Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңна­маны жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың негізгі мақсаты – «Халықтың көші-қоны туралы» қолданыстағы заңнамасын және өзге де заңнамалық актілерін жетілдіру. Жиында депутаттар зияткер­лік меншік cаласындағы заңна­маны жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Оған авторлық, сабақтас құ­қықтар, өнеркәсіптік меншік объек­тілерін қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге ба­ғыттал­ған бірқатар түзету енгізілген. Жалпы отырыста палата ко­митеттері «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, Әкімшілік құқықбұ­зушылық туралы кодекске толық­тырулар енгізу туралы заң жо­баларын жұмысқа алды. Отырыс соңында Мәжіліс де­путаттары мемлекеттік орган бас­шыларына депутаттық сауал­дар жолдады. Атап айтқанда, де­путат Юрий Ли жуық арада ғана елімізде қаржылық пирамидадан зардап шеккен адамға қатысты мәселе көтерді. Өз кезегінде Мәжіліс Төра­ға­сы бұл депутаттық сауалдың өзек­тілігін атап өтті. – Президент қаржы пирами­даларына қарсы күрес бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тап­сырма берді. Депутаттар бұл жұ­мысқа белсенді атсалысуы ке­рек. Заң жобасы бойынша жұмыс­ты жеделдетіп, оны тез арада қа­былдау қажет, – деді.