Қасқыр қарызын терісімен өтейді
Қасқыр қарызын терісімен өтейді
© коллаж: Елдар Қаба
548
оқылды
Қазақстанның сыртқы қарызы­ның тежеусіз өсуі халықтың алаң­даушылығын тудырып, көңілін күп­ті етіп келе жатқан жайы бар. «Ал­мақтың салмағы бар» демекші, оның қазынаның қалтасына түсі­ретін жүктемесі өз алдына, бола­шақта мемлекеттің қаржылық тұ­рақ­тылығына да кері әсер етуі әб­ден ықтимал. Қаржы министрлігінің есебіне сүйен­сек, бүгінде Қазақстанның сыртқы қарызы 166,5 млрд доллардан асты. Оның 37,1 млрд доллары мемлекеттің кепілдігімен алынған Үкіметтің және квазимемлекеттік сектор­дың берешегі. Бұл Ұлттық қор қаржысының 67 пайызына тең (55,3 млрд долл). Ал адам басына шаққанда 8,5 мың доллардан асады. Сыртқы борыштың ең үлкен бөлігі Нидерландқа тиесілі – $44,7 млрд. Сондай-ақ Ұлыбританияға – $23,3 млрд, Бермуд аралдарына – $10,2 млрд, Ресейге – $9,7 млрд, Қытайға – $9,7 млрд, Жапонияға $5,5 млрд. қарыз екенбіз. Бұдан бөлек, Гонконг, АҚШ, Франция, Италияға, Виргин аралдарына, Біріккен Араб Әмірлігіне, Гер­манияға, Бразилияға, Колумбияға, Кон­гоға, Мавританияға берешегіміз бар. Тіпті, басқасын айтпағанда, соғыс отына оранып, өз күнін өзі әзер көріп отырған Сирияға $100 мың берешек екенімізді естігенде ес­тен тана жаздадық.

Қарыз күліп келіп, жылап қайтады

Қазақстанның сыртқы берешегіне қа­тыс­ты мәселеге былтыр Үкіметтің кеңей­тілген жиынында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аудартқан болатын. Президент борыштың мемлекеттік бюджеттің ұзақмерзімді тұрақ­тылығы мен болашақ мүмкіндігіне жағым­сыз әсері зор екенін ескерткен. «Алдағы 25 жылда мемлекеттің жос­пар­лаған міндеттемесін өтеу шығындары алты есе артатын болады. 2025 жылға қарай сырт­қы қарыздың үлесіндегі үкіметтік бо­рыш 21 пайыздан 49 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр» делінген Ақорда сай­тынан таралған ақпаратта. Бүгінде барлық министрліктердің, сон­дай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектордың мойнында берешегі бар. 1995-2021 жылдар аралығында Үкімет кепілімен жалпы сома­сы 12,2 млрд доллар болатын 52 сыртқы қарыз алынған. Оның игерілгені – 80 пайыз (9,8 млрд долл) деңгейінде. Оның үстіне мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың көптеген жобалары бойынша қол жеткізген жетіс­тіктері туралы ашық ақпарат жоқтың қасы әрі қаржыны игеру мерзімі ұдайы кейінге шегеріле береді. Сондай-ақ жобаларды жүзеге асырудың әлеуметтік-экономикалық мәні толықтай ашылмаған және олар бойынша бақылау мен мониторинг жүргізу әлсіз. Мұның бәрі сыртқы қарыздың жыл­дан-жылға ұлғаюына ықпал етіп отыр. Сенат депутаты Нұрлан Бекеновтың ай­туынша, сыртқы қарыздың ұлғаюына бір­неше фактор әсер етеді. «Кейбір келісімдер бойынша бекітілген төлем кестесін кешеуілдету фактісі көп кез­деседі. Қаржы тәртібінде бұл сыртқы бо­рышты өтеуге қызмет көрсетуге байла­нысты бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Ал қарызға алған ақшаның ұтымды жұм­сал­мауы оның тиімділігін төмендетіп, шы­ғынды айтарлықтай арттырып жібереді», – дейді сенатор Н.Бекенов. Сондай-ақ біздің мемлекеттік шенеу­ніктердің ақырына дейін егжей-тегжейлі ойластырмаған, маңызы күмәнді жобаларға да текке ақша шашпақ әдеті кесірін тигізіп тұр. Мәселен, Білім және ғылым министр­лігінің «Технологияны коммерцияландыру» жобасы бойынша шетелден шақыртқан сарапшылары ақыл-кеңес бергені үшін қазынаның қалтасын 117 мың долларға жұқартып кеткен және бір түсініксіздігі – ол жоба сол күйі жүзеге аспай қалған. Яғни, мемлекеттің ақшасы текке рәсуа болды. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құны 22,9 млн доллар болатын «Ұлттық статистика жүйесін бекіту» жобасы ешқандай тосын технология үшін сұра­тылмаған, ол бар болғаны мемлекеттік органның әдеттегі жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Сол үшін сырттан мұн­шалықты қарыз алудың неліктен қажет болғаны түсініксіз. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің бәсекеге қабілеттігін арттыру» жо­басы бойынша сырттан алған 24 млн дол­лардың толық игерілмеуі және сол бойынша міндеттемелердің орындалмауы салда­рынан 9,4 млн. долларының күші жойылды. Бұл үшін министрдің, әйтпесе оған жауапты қандай да бір лауазымды тұлғаның жаза­ланғанын да естіген жоқпыз. Шетелден қарыз алып, оны оңды-сол­ды шашудың мысалы мұнымен шектел­мейді. Оның небір бейбастақ түрін көріп жүрміз. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» АҚ өзінің қомақты қаржысы бола тұра акционерлерге дивиденд төлеу үшін 2017 жылы үш жыл мерзімге 300 миллион доллар қарыз ал­ған(!). Яғни, шет­елден қарыз алып, оны өз қызметкерлеріне сыйақы ретінде төлеген. Оны өтеу мерзімінің аяқталғанына жылдан аса уақыт өтсе де, берешек әлі күнге қай­тарылған жоқ. Сенатор Нұрлан Бекенов сыртқы бо­рышты тиімді пайдалану үшін мемлекеттің кепілімен алынатын қарызға талапты күшейту керек деп санайды. «Сырттан қарыз алмас бұрын қар­жы­ландырылатын бағытты егжей-тегжейлі сараптаудан өткізіп, оның жобалық-сме­талық құнын нақты белгілеп алған абзал. Сондай-ақ әзірленетін жобаның сапасын арттырып, оның жауапкершілігін күшейту қажет. Әрі келісімшарттарды басқару мен сатып алу процестеріне қатаң бақылау қою маңызды», – дейді сенатор.

Жұрттың бәрі қарыз алады

Жалпы, ел экономикасын дамыту үшін сырттан қарыз алу тәжірибесі кеңінен та­раған. Бұл механизмге дамыған мемлекеттер де жиі жүгінеді. Борышқа белшесінен бату әдетте экономикасы дамыған елдерге тән. Мәселен, әлемде ең көп қарыз алатын АҚШ-тың сыртқы берешегі 84 трлн дол­лардан(!) асып кеткен. Бірақ бұл елде бо­рыш ақша біздегідей ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, қайта есе­леніп көбейіп, экономикаға жұмыс істейді. Қарызды көршілеріміз де алады. Са­лыс­тырмалы түрде айтатын болсақ, Өзбек­стан­ның сыртқы қарызы – 37,6 млрд дол­лар, Ре­­сей­­дің сыртқы қарызы – 478,2 млрд дол­лар. Сондай-ақ қаржылық ұйымдар мен мемле­кеттер қарызды да беретін елге бере­ді. Бұл тұрғыдан алғанда, Орта Азияда Қа­зақ­станның инвестициялық тартымдылығы бас­қа елдер­ден анағұрлым жоғары. Біздің сыртқы боры­шымыздың көбірек болуының бір себебі де осы. Экономист Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, Қазақстанның сырттан қарыз алуынан қорқатын ештеңе жоқ. Тек осы қаржыны ел экономикасын өркендету үшін тиімді пайдалану маңызды. Яғни, шетел­ден 1-5 пайыздық мөлшерлемемен алған қаржыны іске салып, одан еселеп табыс табуға мүмкіндік мол. «Борышты ұзақ мерзімге және аз пайыз­бен алса, одан қорқатын ештеңе жоқ. Кейбір дамыған мемлекеттердің сыртқы қарызы ІЖӨ-ден әлдеқайда көп, тіпті еселеп артып жатуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанның сыртқы борышы аса көп деуге келмес. Оның үстіне қарыздың негізгі бөлігі мемлекетке емес, жекеменшік ком­па­нияларға тиесілі. Ең бастысы, оның жыл сайын төлеп тұратын өтеуі көп болмағаны абзал. Егер ол бойынша жылдық төлем үл­кен болса, бұл мемлекеттің инвестициялық әлеуетіне кері әсер етеді. Яғни, Үкімет ел экономикасын дамытуға жаратуы тиіс қаржыны қарызды өтеуге жұмсайтын болады», – дейді экономист. Дегенмен жекеменшік компанияларға тиесілі қарыздың да біз ескере бермейтін қаупі бар көрінеді. Мәселен, 1997-1998 жыл­дардағы Шығыс Азиядағы қаржы дағ­дарысының бір себебі жекеменшік ком­паниялардың несиелік міндеттемелерін орындай алмауынан туындаған болатын. Дағдарыс 1997 жылдың жазында басталып, алдымен Тайландтың валюта нарығын сәтсіздікке ұшыратты, сосын бүкіл Шығыс Азияға тез жайылып кетті. Кейін АҚШ пен Еуропаны да шарпыды. Соның салдарынан көптеген мемлекеттердің экономикасы шатқаяқтап қалды. Міне, сондықтан да қа­рыз­дың көп бөлігі жекеменшік компа­нияларға тиесілі, оған мемлекет жауап бермейді деп селқос қарауға болмайды. Сондай-ақ сыртқы міндеттемесін өтей алмаған елдердің мемлекеттік активтері мен стратегиялық маңызды нысандары борыштың орнына өтем ретінде жүретінін де естен шығармаған жөн. Мәселен, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында дүниежүзілік экспансия саясатын қар­қынды жүргізіп келе жатқан Қытай қа­рызын қайтара алмаған кей мемлекеттердің (Замбия, Намибия т.б) жерін, маңызды ны­сандарын алып қойғаны да естеріңізде болар. Cондықтан «Қасқыр қарызын терісі­мен өтейтінін» ұмытпайық.

Берешегіміз Ұлттық қордан өтеледі

Кейінгі жылдары шетелдерге борышы­мызды Ұлттық қор есебінен өтеу жиіледі. Енді Ұлттық қор жинақтау режимінен тұ­тыну режиміне көшкен. Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордан шетелге 2021 жылы 1 трлн теңгенің өтемін төлесе, 2023 жылы тағы 1,5 трлн теңге қайтаруы тиіс. Бұл жақын бола­шақтағы міндеттемелер, одан басқа ұзақ жылдарға арналған өтемдер көп. Қордан республикалық бюджетке бө­лінетін трансферт те ұдайы артып келеді. Ол 2020 жылы бюджет кірісінің 40 пайызын құраса, 2021 жылы 36 пайызын құраған. Бо­лашақ үшін деп жиған қазынаны осылай жырымдай берсек, бір күні оның түбі кө­рініп қалары анық. Бұдан бөлек, Ұлттық қордан респуб­ли­калық бюджетке жыл сайын бөлінетін ке­пілдендірілген трансферт тағы бар. Оның мөлшері 2021 жылы – 2,7 триллион теңге, 2022 жылы – 2,4 триллион, 2023 жылы – 2,2 трил­лион, ал 2024 жылы 2 триллион теңге сома­сында белгіленді. Ал әлемдік пандемия тұсын­да Ұлттық қордан бюджетті толтыруға бері­ле­тін жоспарлы 2 трлн тенгені 6 трлн-ға көтерді. Соның салдарынан Ұлттық қор жыл­дан-жылға жұқарып барады. Мәселен, қорда қор­даланған салымның ең жоғарғы көрсет­кіші 2014 жылы 77,2 млрд доллар болған. Осы кезде ондағы қаржы жинағын 100 мил­лиард­тық межеге жеткіземіз деп өзеуреген еді. Бірақ оның мөлшері керісін­ше азайып, қа­зір­гі 55 млрд долларға дейін құлдырады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2001-2015 жылдары Ұлттық қорға 147 млрд доллар түсім түскен болса, осы уақытта дейін оның 83 млрд доллары түрлі қажетке жұмсалып кеткен. Енді Ұлттық қорға оның үстіне шетелдерден алған борышты жабу міндеті қоса жүктелді. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, бұл да Ұлттық қорға оңай тимейтін түрі бар.