Ерейментауда бір үйір жылқы суға батып кеткен
Ерейментауда бір үйір жылқы суға батып кеткен
865
оқылды
Ерейментауда жоғалып кеткен бір үйір жылқы суға батып кеткен. Суға батқан 14 бас жылқының өлігін полицейлер Қызылсор көлінен алып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бір үйір жылқысынан бір-ақ күнде айырылған Ерейментау ауданының 45 жастағы тұрғыны полицияға өткен жылдың желтоқсанында-ақ жүгінген. Бірақ қыс ортасында сол кеткеннен мол кеткен 14 бас жылқы еш жерден табылмаған.
«Ер адам жылқыларының 2 желтоқсаннан 8 желтоқсан аралығында жайылым жерде еркін жайылып жүргенін содан біржола жоғалып кеткенін айтқан. Шығын сомасы 7 миллион 500 мың теңгені құрады. Тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 2-тармағы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған еді», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Үш ай бойы жылқыны іздеген Ерейментау ауданының полиция қызметкерлері барлық іздестіру шараларын жүргізен. Тәртіп сақшылары аудан аумағындағы ой мен қырды, алаңқай жерлер мен ағаштардың арасын түгел сүзіп, тіпті мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктер мен мал етін сататын базарларды да аралап шыққан.
«Ұшты-күйлі жоғалған жылқылар 12 сәуір күні «Қызылсор көлінен табылды. Резеңке қайықтарды қолданған учаскелік полиция инспекторлары мен жедел қызметкерлер көл түбінен өз күшімен суға батып кеткен жылқыларды алып шықты. Жылқылардың қысқы уақытта жұқа мұздан суға құлап өлгені анықталды», – деп толықтырды полицияның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша құрамында қылмыстық іс болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы