Онлайн аударымға да есеп керек
Онлайн аударымға да есеп керек
© коллаж: Елдар Қаба
555
оқылды
15 сәуірден бастап мо­биль­ді аударымдар бақы­лауға алынды. Үй жанындағы дүкендерде, дәмханаларда төлемді қолма-қол ақшамен талап етіп жатқандарды бай­қап қалдық. Көпшілік ара­сында «таныстарыма мо­биль­ді аударым арқылы ақша алсам, салық төлетеді» деп қорқып жүргендер де бар. Мобильді аударым мә­се­лесінің көпке түсініксіз тұсы қандай? Кімнің қаржы­сы, не үшін тексеріске ілігеді?

КӘСІБІҢІЗ БОЛМАСА, ҚОРЫҚПАҢЫЗ!

Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті кәсіп­кер­лік қызметті жүзеге асырудан табыс табу белгілері бар банк опе­рацияларын анықтау мақсатында оның өлшемшарттарын белгілеп, электронды үкімет порталында көпшіліктің талқылауына ұсынған еді. Бұл талқылау биылғы ақпан айы­нан бері жүргізілді. Өлшем­шарттар екі айдың ішінде пісіп-жетіліп, әбден електен өтті деуге бо­лады. Бүгінде осыған қатысты Қаржы министрінің бұйрығы 15 сәуірден бастап күшіне енді. Қарапайым тұрғындардың алаң­дауына еш негіз жоқ. Жеке тұл­ғалар арасындағы мобильді ауда­рымдарға салық салынбайды. Мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғалар туралы мәліметтерді 2025 жылдан бастап беру жоспар­ланған. Сосын ақшаны аударған­дардың емес, қабылдағандардың мәліметтері тексеріледі. Оның өзін­де есепшотыңызға әртүрлі адам­дардан үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 аударым жа­салса ғана салық органдары сізді шақы­рып, қаржының шығу тегін түсін­діріп беруді талап етуі мүмкін. Тек қаражаттың жасырын кәсіп­кер­лік­пен байланысты еместігін дәлел­деуіңіз керек. Яғни, жақын туыста­рыңыз, достарыңыз ақша ауда­рып жатса, қорқудың қажеті жоқ. Бір адамның шотына қатары­нан 3 ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша ауда­рыл­са, ол жасырын түрде кәсіп­кер­лікпен айналысып жүргендер­дің қатарына жатқызылады. Егер расымен кәсіпкерлік мақсатта қолданғаны анықталса, заңды түрде жұмысын жалғастыруы тиіс. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп отыруы талап етіледі. «Басты мақсат – «көлеңкелі» экономикамен күрес. Сонымен қатар салық мәдениетін көтеру. Негізі, азаматтар есепшот ашқан кезде оны кәсіпкерлік мақсатта емес, жеке мақсатта ғана пайдала­на­­тынына келісім береді. Ұлттық банктің қаулысы бойынша жеке шоттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға болмайтыны көрсе­тілген қаулы бар. Бүгінде бұл талап орындалмай жатыр. Биылдан бас­тап кассалық аппарат сатып ал­ғысы келмейтін кәсіпкерлерге Е-Salyq Business қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымшаның көмегімен кассалық аппарат с­а­тып алмай да, жұмыс істеуге бо­лады», – деді Айнұр Сартаева.

АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ТЕКСЕРІЛЕДІ

Мобильді аударымдарға қа­тысты мәліметтерді тексеру төрт кезеңді қамтиды. Бұл процесс бір­неше жылға созылады. Кәсіпкер ре­тінде тіркелмесе де жолаушы тасымалдап жүрген жеке тұлға мемлекеттік қызметші болмаса, биыл оның шоты тексерілмейді. Биыл тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларына жол­данған аударымдар назарда бола­тын көрінеді. Айта кетейік, барлық тұл­ғаларға жасалатын аударым­дарды бақылау тек 2025 жылы басталады. «2022 жылдың қорытындысы бойынша, 2023 жылдың басында Мемлекеттік кірістер органдары тиісті мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар және жұбайларының ЖСН нөмі­рін банктерге береді. Осы талап бойынша «кәсіпкерлік мақсатта табыс алуы мүмкін?» деген сұрақ туындайды. Әрі қарай кірістер орган­д­ары осы тізімді алғаннан кейін осы азаматтармен жұмыс істейді», – дейді Қаржы министр­лігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орын­басары Айнұр Сартаева. Ал келер жылы бюджет сала­сын­дағы және квазимемлекеттік сек­тордағы қызметкерлердің кі­ріс-шығысы бақылауға алынады. 3-ке­зеңде – заңды тұлғалардың бас­шы­лары мен жеке кәсіпкерлер қам­­­тыл­са, халықтың қалған санат­та­рына қатысты мәмліметтер 2025 жыл­дан, яғни жалпы ортақ дек­ла­ра­ция тапсыру басталған тұста іске асады.

ЗАҢДЫ ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚИЫН БА?

Кәсіп бастауда оны заңдастыру мәселесі де бар. Елордалық бух­галтер Гүлнұр Шолпанқұл азамат­тарды «табысымды қалай жасыр­сам екен?» деген сұрақ емес, «қа­лай салық төлеу керек?» деген сұ­рақ мазаласа деп отыр. «Егер сіздің кәсібіңіз болып, ай сайын тұрақты табыс тауып отыр­саңыз, жеке кәсіпкер ретінде тір­келіп, төлемді қолма-қол ақшамен қабылдап, кассалық аппараттан түбіртек шығарып отыру керек. Көпшілік кәсіпті заңдастыру қиын, есебі түсініксіз, салық көп деп ойлайды. Шын мәнінде, кә­сіп­ті заңдастырып жұмыс істеген әлдеқайда тиімді. Барлық микро және шағын бизнес 2023 жылға дейін салықтан босатылған», – дейді Г.Шолпанқұл. Салықтарды уақытылы төле­месеңіз, әр кешіккен күн үшін өсімпұл жүреді. Кейін оны то­лық­тырып төлеуге тура келеді. Уа­қытылы есеп өткізбеу, кассалық аппарат қолданбау секілді заң­бұ­зушылықтарда көбіне бірінші жолға ескерту беріледі. Тек екінші рет айыппұл салуы мүмкін. Қорытындысында, салық – экономиканың маңызды бөлшегі. Салық түсімдерінің есебінен мем­лекет қазынасы толығады. Сон­дықтан кәсіп ашып, табыс тауып отырған әрбір азамат мемлекет алдындағы міндетін орындауы тиіс. Ал заңды түрде жұмыс істеп, са­лықты уақытылы төлеп отыр­са­ңыз, алаңдауға негіз жоқ.