«Азық-түлікке мұқтаж» әскердің әлегі
«Азық-түлікке мұқтаж» әскердің әлегі
262
оқылды
Апта басталғалы әлеуметтік желіде ресейлік сарбаздар мінген әскери жүк көліктерінің Батыс Қазақстан облысындағы елді мекендерге кіргені жайлы бейнежазба көп тарады. Видео Бөкей орда ауданындағы Темір Масин атындағы селолық округ маңында түсірілген. Бұдан кейін қоғамда аздаған дүрлігу болғаны жасырын емес. Қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан тұста алаңдаушылар көп. Сонымен, шетелдік сарбаздар еліміздің аумағына не үшін кірген, кім рұқсат берген? Осы жайында аз-кем әңгіме тарқатсақ.

Көрші әскері шекарамыздан жиі өтетін болған

Көпшілік осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК-ға қарасты Шекара қызметіне сұрау салып, жауап алғысы келгені анық. Жасыратыны жоқ, Ресей мен Украина арасы ушығып тұрған тұста теріскейдегі елдің бірқатар саясаткері Қазақстанға да «шүй­ліккендей» кейіп көрсеткен бола­тын. Елемей-ақ қоюға болар еді, алайда соңғы кезде көршіміздің идеологиясын еліміздің аумағында әскери, ақпараттық, мәдени тұр­ғыдан да насихаттаушылар артып кетті. Ресей туын ұстаған әскери жүк көліктері шекараға жақын маңдағы елді мекендерде емін-еркін жүруі қарапайым жұрттың зә­ресін алатыны түсінікті. Алға­шында ақпарат пен бейнежазба жалған болар деп ойладық. Бірақ көп ұзамай облыстағы Бөкей орда ауданының әкімдігі шетелдік әске­ри жүк көліктерінің бейбіт тұр­ғындары бар елді мекенге кіргенін растады. «Батыс Қазақстан облысы Бө­кей ордасы ауданында ресейлік әскерлердің көліктері жүргені ту­­ралы әлеуметтік желілерде та­раған бейнетүсірілім бойынша ке­лесіні хабарлаймыз: 18 сәуірде ресейлік әскери көліктер аудан аумағында орналасқан полигон аймағына ба­ра жатқан кезде Бөкей ордасы ауданының Темір Масин ауылдық округі Бөрлі ауылындағы дүкенге соғып, азық-түлік алып, көп кідір­мей бірден жолын жал­ғастырды. Ресей әскерінің тара­пы­нан қандай да бір заңсыз іс-әре­кеттер мен оқи­ғалар болған жоқ», – деп мәлімдеді. Бұл жауапқа ешкімнің көңілі толмағанын аңғардық. Керісінше, аудан әкімдігінің осы жауабынан кейін наразы пікір мен сын айтқан жұрттың қарасы көбейді. Артынша Батыс Қазақстан облысының әкім­дігі ресми мәлімдеме жасап әлек болды. Сөйтсек, Ресей әскери да­йындық өткізу үшін Қазақстаннан жалға алған полигондардың бірі осы аумақта екен. Яғни, жаттығу өткізу үшін келген. «Ресей әске­рилері Бөкей ордасы ауданындағы полигонға кетіп бара жатқан. Олар жолшыбай Бөрлі ауылында дүкен­ге кіріп, азық-түлік алып, көп кі­дір­мей жолға шыққан. Олар заңға қайшы ештеңе жасамаған», – деді әкімдік өкілдері. Бірақ бұл тұста да қайшылық көп. Өйткені «әскери жаттығуға бара жатқан сарбаздарға елді мекенге кіруге кім рұқсат бер­ді?» деген заңды сауал туындайды. Бәрінен бұрын олар азық-түлігін де өздерімен бірге қамдап келуі тиіс еді. Әйтпесе, «ештеңе істеген жоқ» деген сөз жағдайды ақтауға себеп емес. Рас, теріскейдегі жұрт Қазақ­станның үш аймағынан (Қараған­ды, Атырау және Батыс Қазақстан облысы) әскери полигондарды жал­ға алған. Енді қараңыз, өткен наурыз айында Қостанай көшеле­рінде жүрген Ресей әскери техни­каларының бейнежазбасы әлеу­мет­тік желіге тарады. Сол оқиғаға түсініктеме берген Қорғаныс ми­нистрлігі Қостанай облысында ресейлік іздеу-құтқару командасы өкілдерінің сол өңірге қонған ға­рышкерлер капсуласын іздеп жүр­генін айтқан. Қостанайда шетел­дік­тер жалға алған әскери полигон жоқ. Ал «ғарышкерлер капсуласы» көңілдегі күмәнді еселеген дүние болып қала берді.

Қорғаныс министрлігі қауіптенбейді

Оқиғаны толыққанды зерделеу үшін Қорғаныс министрлігі мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің жауабын есті­гіміз келген. Сыртқы істер ми­нистр­лігінің де көзқарасын білуге тырыстық. Дегенмен Шекара қыз­метімен байланысу мүмкін бол­мады. Ал Сыртқы істер министр­лі­гінің ресми өкілі Қорғаныс ми­нистрлігіне жөн сілтеді. Дәл осы ве­домство аталған оқиғада «бай­ба­лам салар негіз жоқ» дегенге кел­тіріп отыр. Салаға жауапты ми­нистр Руслан Жақсылықов мәсе­леге орай БАҚ өкілдеріне арнайы жауап та берген. Басшы шетел­дер­ден еш қауіп болмайтынына бар болмысымен сенетін тәрізді. Жақ­сылықов елді мекенге көрші елдің әскері кіргенін сынаушы­ларды «арандатушыға» балағандай болды. «Тек ресми дерекке сенген жөн. Бір нәрсе бола қалған күннің өзінде мемлекетімізді қорғауымыз керек. Қазақстан халқы ештеңеге алаң­дамай-ақ қойсын. Кейбір пробле­малар бар, бірақ біртіндеп шешіліп жатыр», – деді министр. Кез келген нәрсенің құқықтық жағын ескерген абзал. Біз жоғарыда Батыс Қазақстан облысы аума­ғын­да көршімізге жалға берілген әс­кери полигондар барын айттық. Яғни, полигонға баратын жолды жа­ба алмаймыз. Ал сол жолдың бо­йындағы елді мекендерге кіруге келісім бойынша тыйым салын­баған болуы мүмкін. Оның үстіне, біз ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Бұл ұйымға мүше елдер бірігіп келісім бойынша жаңа трансұлттық қауіптерге қарсы тұрып, ықтимал аймақтық немесе шағын қақтығыстардың алдын алу­ға мүдделі болады. Ал ұйымда үлесі басым Ресей түрлі желеумен өз мүмкіндігін кең пайдалануы мүм­кін. Саясаттанушы Дос Көшім бұл оқиғадан кейін қуантарлық нәрсе­лер де болып жатқанын айтады. – Әскери полигонды жалға алғандағы келісім алдымызда жоқ. Сондықтан онда не көрсетілгенін білмейміз. Егер жол бойынша ты­нығуға, елді мекендерге бас сұғуға тыйым салған тұсы болса, әңгіме басқа болар еді. Алайда шу шыға­рып, сын айтқан ел-жұртты түсіну­ге болады. Себебі біздің саяси, ұлт­тық хәліміз Украинамен бірдей. Сондықтан халық келешекте сон­дай жағдай басына келуі мүмкін еке­нін түсінеді. Риза болған тұсым – біздегі жергілікті билік пен салаға жауаптылар уақытында, нақты жа­уап берді. Біз қайдан білеміз, мүм­кін дәл сол жерден Ресей әскері б­ұрын да өтіп жүрген шығар? Жер­гілікті халық енді назар аударып, мәселе көтерген болар. Яғни, агрес­сияға, басқыншылық саясат­қа қарсы көзқарас барына қуанам. Бұл – жергілікті халықтың берген бағасы, – дейді ол.
ТҮЙІН: Шамасы, бұл тақырып жақын арада жабыла қоймайды. Оқи­ғаның мән-жайы жөнінде жа­уап­тыларға әлде де сұрау салына­ты­ны анық. Әйтеуір, бәрі келісімнің аясында болғаны жөн. Онсыз да геосаяси жағдай ушығып тұрғанда көрші еш заңсыз­дыққа бармағаны абзал тәрізді.