Төрт түлікті дерт дендеді
Төрт түлікті дерт дендеді
797
оқылды
Биылғы көктем атыраулық шаруаларға оңай тимеді. Жер кеңіп, көкке ілінер шақта төрт түліктің белгісіз дерттен өлуі мал иелері мен вете­ри­нарлық қызмет өкілдерін абыржытып тастады.  Наурыздан басталған дерт салдарынан ірі қара мен ұсақ малдың кейбірі өріске жетпей өліп жатты. Ел арасында бар ма­лынан айырылып, бір күннің ішінде жүген ұстап қалғандар ту­ралы да аңызға бергісіз әңгімелер айтылып жүр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша Исатай, Құрманғазы және Ма­хам­бет аудандарында наурыз айы­нан бері 211 жылқы белгісіз ау­румен ауырып, 75 жылқы өлген. Жағдай ушыға бастаған соң облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринарлық қыз­мет дереу кірісіпті. Өлген малдар сойылып сынамалар алынып, қан құрамы зертханаларда тексерілді. Республикалық ветеринариялық зертханада, Ұлттық референттік ветеринария орталығында, Био­логиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша зерттеу институты және Қазақ ғылыми-зерттеу вете­ри­на­рия институтына жүргізілген сы­намалардың нәтижесі көп ұзамай белгілі болды. Сынама Атырау­дағы төрт түліктің делафондиоз ауруын­ың қоздырғышы, гастро­филез, жылқы параскаридозы ауруларына шалдыққанын рас­тады. Облыс әкімінің орынбасары бұл аурумен күресу үшін мал ие­лері, ветеринариялық дәрігер­лер­ге қан паразитарлық аурулар мен гельминтоздарды емдеу және ал­дын алу шаралары бойынша жұ­мыстарды жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ сынамалар нәтиже­сінде аталған мал ауруларының адамға жұқпайтыны анықталды. Соған қарамастан аурудан өлген малдардың барлығы арнайы өртеу пештерінде өртеліп, залалсыз­дан­дырылған. Тосыннан келген мал ауруы­нан бірнеше жылқысынан айы­рылғандардың бірі – Құрманғазы ауданы «Мақаш» ауылдық окру­гіндегі «Мақаш» өндірістік коопе­ративінің төрағасы Жеңіс Әбіл­қайыров. Шаруа Қамбар ата тү­лі­гінің мұндай ауруға шалдыққанын бірінші рет көргенін айтады. – Көрші шаруашылықтарда­ғы жылқылар да ауруға ұшырап, әр жерде құлап өліп жатыр. Жыл­қылардың көбі артқы аяқтарын баса алмай қалады. Өзім зоотех­ник-ветеринармын, өлген жыл­қыны сойып, оның жүрегінің ісін­генін, жүрек ішіне сары су пай­да болғанын байқадым. Жү­ректің ісінуі өкпенің қабынуына жеткізіп тыныс алуына әсер еткен сияқты. Жылқыда мұндай ауру бұрын-соңды кездеспеген. Мал дәрігерлеріне хабарлас­қанымда «Неозидин» дәрісін егу­ге кеңес берді. Бірақ бұл ем-дом мал құлаған сәтте нәтиже бер­мейді екен. Сондықтан қалған жылқы малын сақтау үшін «Нео­зидин» екпесін жетекші маманға ектіріп, сақтанып отырмын, – дейді Жеңіс Әбілқайыров. Ветеринариялар да мал ие­леріне төрт түлікті түгелдей ауруға қарсы екпе алуға шақырады. Қа­зір қолда қалған малды аман алып қалу үшін мұнан басқа амал да болмай тұр. Сайып келгенде, Атыраудағы малдың тосыннан ауруға ұшырауы шаруа қожалықтарына едәуір салмақ салды. Бүгінде жағдай то­лығымен мамандардың бақы­ла­уында. Сонда да болса шаруа­лар­дың көңілі пәс. Өйткені был­тыр дәл осындай дерттен қойлар қы­рылып қалған. Биыл ауру жыл­қыға жабысты. Енді атырау­лық ша­руалар келесі жылы дерт ірі-қараға тіс батыра ма деп алаңдап отыр?

Атырау облысы